Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі барлық деңгейдегі имамдардың біліктілігі мен білімі өздерінің атқарған қызметтеріне сай болу жағына айрықша назар аударып отырғаны белгілі.
Бас мүфтидің осы талаптарын басшылыққа алған облыстың бас имамы Асылхан Түсіпбек те өңірдегі әріптестерінің уақыт талаптарына орай білімдерінің терең, ой-өрістерінің биік болуына жете көңіл бөлуде.
Осы сөзіміздің нақты бір дәлеліндей облыстық Марал ишан мешітінде бір апта бойы қалалар мен аудандардың имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар өткізуге тікелей ұйытқы болды. Ол өзінің нәтижесін де берді. Имамдар көп жайды көңілге түйді. Өзекті мәселелерге байланысты лекциялар тыңдады.
Семинар барысында Құран, Ақида, Хадистану, Фиқһ негіздері пәндері бойынша дәріс оқылды. Мұнда Түркиядан келіп, біраз жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан білікті ұстаз Нұх Темиржі, Дархан Манарбекұлы имамдардың білімдерін тереңдетуге өздерінің ықпалын тигізді.
-Облыстық мешіттегі семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондықтан Асылхан Түсіпбек бастаған барлық дін қайраткерлеріне айтар алғысымыз шексіз,- деді Меңдіқара аудандық Зұлқарнай Мұса қажы мешітінің имамы Ерік Ыбырай.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі