Қостанай қаласында тазалық апталығы өтіп, осындай сенбіліктер бұдан былай облыстың барлық мешіттерінде жалғасын табады. Қостанай еліміздегі шырайлы қалалардың бірі.
Оның осындай сұлу да ажарлы болуына біздің жерлестеріміз де өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Осының нақты дәлелі ретінде жуырда облыстық Марал ишан мешітінде сенбілік ұйымдастырылды.
Оған аталған киелі орында апталық семинарға келген өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың имамдары және облыстық мешіттің қызметкерлері қатысып, ұйымшылдықтың нағыз үлгісін көрсетті. Олардың біреулері қолдарына сыпырғы алса, енді біреулері жиналған қоқыстарды зембілге салып, тиісті жәшіктерге салып жатты.
Мына суретте бейнеленгендей, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы сенбіліктің арқасында мешіттің айцналасы айнадай жарқырап шыға келді. Жиналған дін қызметкерлерінің бәрі де ортақ іске өздерінің қомақты үлестерін қосты.
- Жалпы Ислам діні тазалықты ұнатады. Ал мешіт қашанда өзінің ұқыптылығымен, тазалығымен даралануға тиіс. Өйткені, бізге келген мұсылман бауырларымыз осындағылардан үлгі алады. Сондықтан да жылда сенбілік кезінде белсенділік танытып отыруды өзіміздің парызымыз санаймыз.
Облыстың бас имамы Асылхан Түсіпбек өте талапшыл да іскер азамат. Осы сенбілікте оның өзі бас болып, әріптестеріне өнеге көрсетті. Алдағы уақытта да осындай тазалық жолындағы жарқын істер жалғасын таба береді деген үміттеміз.
Марал ишан мешіті облыс орталығындағы өзіндік тарихы бар сұлу ғимараттардың бірі. Осылайша біз өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қаламыздың бұдан да көркем де ажарлы бола түсуіне үлесімізді қоса береміз,-дейді облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Дархан Сыздыков.