Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» Ұстанымын және «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» тұжырымдамасын мақұлдай отырып,
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқан салмақты пікірлері мен ұсыныстарын қабылдай отырып,
Қазақстан халқына келесі Үндеуімізді жолдаймыз.
ХХІ ғасыр имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық қағидаттарды ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету, Қазақстан мұсылмандарын бірлікке, татулыққа, әдет-ғұрыптарды сыйлауға, зайырлылық қағидаттар мен рухани құндылықтарды құрметтеуге шақырамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңғыртылуы (модернизациялануы) қазіргі заман сұранысына сәйкес идеологиялық, ұйымдастырушылық, ақпараттық және технологиялық жаңаруды талап етеді.
Елбасы Жолдауындағы діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, радикалды көзқарасқа «мүлдем төзбеу», бас бостандығынан айырылған азаматтардың теологиялық тұрғыдан сауатын ашу, өскелең ұрпақты адамгершілік, ұлтжандылық рухында тәрбиелеу жұмыстарында имамдар корпусын алғашқы қатарда болуға шақырамыз.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында мешіт имамдарының бәсекелестікке қабілетті болуына, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін қастерлей отырып, әлемдегі озық технологияларды және үздік тәжірибелер мен жетістіктерді игеретін дүниетанымы ашық болуына сенім білдіреміз.
Имамдардың мемлекет мүддесін қорғай алуын, «Мәдени және конфессияаралық келісімді» жаңғыртуын, сондай-ақ ұлттық сана-сезімінің жоғары болуын негізге аламыз.
Біз, ІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар Исламның бірлік пен татулықтың, бейбітшіліктің, ғылым мен өркениеттің діні екенін тағы да атап өтеміз.
Форумға Қазақстанның, Ресей мен Орталық Азия елдерінің Бас мүфтилері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.
Астана қаласы, 19 сәуір 2017 жыл