Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров жалпы діни ағарту жұмыстарына айрықша назар аударып жатқаны белгілі. Оның нақты нәтижелері де қалың жұртшылыққа аян.
Осы мақсатта үстіміздегі жылдың қараша айының 16-18-күндерінің аралығында аталған басқарманың жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Ерсін Әмре ұстаз Қостанай облысында болды. Ерсін Әмре ұстаз 16 күні кешке өзінің алғашқы жүздесуін облыстық «Марал ишан» мешітінде жамағатпен кездесуден бастады. Мешітке жиналған жамағатқа тәкфіршілдіктің зианы төнірегінде дәріс жүргізді. Жиналған қауым дін жолында жүрген азаматтың уағыздарын ұйып тыңдап, көп жайды көңілге түйді. 17 мен 18 күндері 10:00-ден 18:00-ге дейін Ерсін Әмре ұстаз Қостанай облысының қала, аудан бас имамдарына ақида және фиқһ пәндерінен семинар өткізді.
Сондай-ақ имамдарға жүргізілген семинарлардан кейін әр күні ақшам мен құфтан намаздарынан соң, облыстық «Марал ишан» мешітінде Ерсін Әмре ұстаз намазхан жамағатқа «Пайғамбарымыздың сүннет жолы», «Тақуалық», «Құлшылықтың рухани пайдалары» атты тақырыптарда уағыздар айтып, аса тартымдылығымен көпшілікке ой салып, кездесу соңында жамағаттың сауалдарына жауап берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі