Жуырда ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек арнайы іс-сапармен өңірдегі Қарабалық ауданында болды. Ол аудандық «Ғашура ана» мешітінде жыл бойы атқарылған жұмыстармен танысып, мешіт ұжымына өзінің ризашылығын білдірді. Қыстың жақындауына байланысты олардың алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
Өкіл имам осы сапарында аудан әкімі Алмат Ерікұлы Исмағұловпен кездесті. Жүздесу барысында өңірдегі діни-рухани саланың жалпы ахуалы және жас ұрпаққа ұлттық нақышта тәрбие берудің нақты жолдары әңгімеге арқау болды.
Ал аудан әкімі Алмат Ерікұлы өкіл имамға Қарабалыққа арнайы ат басын бұрып, келгеніне шын жүректен шыққан шынайы алғысын білідірді.
Сондай-ақ ол дініміздің мемлекетіміздің өмірінде ерекше орын алатындығына тоқталды. Имамдардың алдында тұрған үлкен міндеттер жайлы да әңгімеледі.
Облыстың бас имамы Асылхан қажының құрметіне ақ дастархан жайып, қонақасы берді.
Бас имам Асылхан қажы да өз кезегінде аудан әкіміне дінімізге көрсетіп жатқан жанашырлығы үшін ризашылығын танытып, оларды алдағы уақытта да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Қарты бар үйдің-қазынасы бар» - дегендей, осыгау кездесуден кейін өкіл имам аудандағы Қарттар үйіне келді. Осындағы қам көңіл қариялармен сәлемдесті. Олардың хал-жағдайларымен танысып, оларға бірнеше ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырды. Аға буын өкілдері облыстан арнайы ат басын бұрған дін қайраткеріне тәнті болысты.
Аталған ұжымнан кейін Асылхан қажы Түсіпбек аудандағы Қазақстан агротехникалық колледжінде «Дін мен дәстүр – экстримизімге қарсы» тақырыбында студенттерімен әңгіме өткізді. Осынау кездесуде ол діни экстремизмнің зардабына тоқталды. Ауызбіршілік, дәстүрлі ислам, имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабының артықшылығы жайында да уағыз айтты. Жиналғандардың сұрақтарына нақты жауап берді.
Қызықты да мазмұнды кездесуден әсер алған оқу орындарының өкілдері Өкіл имамға тағылымды әрі ұлағатты сөздері үшін дән ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ осы сапар аясында бірнеше командадан құралған аудандағы мекеме қызметкерлері мен облысқа қарасты аудан, қала имамдарының арасында кіші футболдан сайыс болып өтті. Бұл кездесуге Бас имам Асылхан қажы мен аудан әкімі Алмат Ерікұлы да қатысып, салауатты өмір салтын ұстану мен әрдайым спортпен шұғылданудың адам өмірінде ерекше орын алатындығын іс жүзінде жастарға көрсетті.
Сонымен өкіл имамның Қарабалық ауданына сапары өте жемісті болды. Жергілікті тұрғындар Асылхан қажы Түсіпбектің қашанда халықтың арасында жүретін жан-жақты азамат екендігіне тағы да көздері жетті.