Қостанай өңірінде мұсылман бауырларымыз Жангелдин ауданының орталығындағы «Оспанқожа әулие» атындағы мешітті жақсы біледі. Кезінде оны үстіміздегі жылы 90 жасқа толған Ғазиз қажы Әмірханов ашып, алғашқы имамы болған еді.
Жақында осынау мешіттің ашылғанына 25 жыл болуына орай имандылықты пір тұтатын, кәсіпкер азаматтардың арқасында күрделі жөндеуден өтті.
Аталған парасат ордасының мерейтойына алыс-жақын жерлерден есімдері ел аузында жүрген дін қайраткерлері, сөз зергерлері, жанашыр азаматтар, ауданның сыйлы қарттары мен бауырларымыз қатысты.
Бұл тағылымы мол басқосуды аты республикаға танымал дарынды ақын, белгілі журналист Абылай Маудан жүргізді.
Алғашқы сөз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбетке берілді. Ол барша Торғайлық ағайындар мен қонақтарды жөндеуден өткізілген соң мешіттің пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтап, оларға ең ізгі тілегін білдірді.
Содан кейін көпшілік алдына шыққан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын Серік Тұрғынбек жерлестеріне жүрек жарды лебізін жеткізді.
Сондай-ақ мешіттің бас демеушісі Қасым Кәдірұлы жиналған қауымға киелі орынның қашан да халыққа қызмет ететінін, сондықтан да әрдайым бұл жерге қамқорлық таныту әрбір азаматтың парызы екендігін жеткізді.
Басқосуда облыстық мешіттің найб имамы Дархан Манарбекұлы мен Қостанай қалалық мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы аруақтарға Құран бағыштады. Ал ауданның абыз ақсақалы Нүредден ақ батасын берді.
Қай қазақтың да айтыс өнері десе делебесі қозбай тұра ма? Торғай кентіндегі Шақшақ Жәнібек алаңында ұйымдастырылған суырып-салма айтыс та көпшіліктің есінде қалды. Онда топ жарған жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетілді.
Жалпы, аудан өміріндегі елеулі оқиғаға аудан әкімі Шота Сәбитбекұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Ризабек Батталұлы, „Нұр-Мүбәрәк„ Египет Ислам мәдениеті университетінің белгілі ұстазы Жасұлан Ақылханұлының, „Нұр-Қазақстан„ қажылық компаниясының президенті Аманкелді Еренғайыпұылының, «Нұр Отан» партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Сейітжанұлының қатысуы жиынның ажарын барынша аша түсті.
Ұмытылмас басқосуда мешіт жанашырлары мен демеушілерге Бас мүфти мен өкіл имамның Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл жиында Арқалық қаласының құрметті азаматы, дін жанашыры Мираш қажы өзіне тән шешендік өнерімен барша қауымды тәнті етіп, ұлағатты сөз айтты.
Жиынның соңында Оспан қожа әулие мешітінің бас имамы келген барша азаматтарға өзінің алғысын білдіріп, жергілікті халыққа жоғары көңіл-күй сыйлаған ақындар мен демеушілерге бағалы сыйлықтарды көпшіліктің алдында тарту етті.
Мешіттің салтанатты ашылуына орай қазақша күрестен сайыс өткізіліп, ат жарысынан бәйге ұйымдастырылды.
Осы салтанаттан кейін Жангелдин ауданының Тәуіш ауылдық мешіті де жергілікті ағайындарға өзінің есігін айқара ашты.
Мұнда аталмыш мешіттің басынан аяғына дейін құрылыс жұмыстарын ұйымдастырған Бақыт Қабдырашұлының және сол елдің әрбір азаматының еңбегі зор.
Бұл мешіттің де ашылу салтанатына орай қазақша күрестен жарыс, айтыс өткізіліп ас берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі