Жақында өңірдегі барша қазақ кәсіпкерлеріне үлгі-өнеге боларлықтай оқиға болды. Бұл облыс орталығындағы Байтұрсынов көшесі 49-шы үйдің ғимаратынан, яғни орталық саябақтың қарсы бетінен «Дастархан» деп аталатын халал кафесінің салтанатты түрде ашылуы еді.
Осы жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет қатысып, кәсіпкер Гүлбақыт Бекмурзинаға шын жүректен ізгі ниетті қадамы үшін сәттілік тіледі.
Бұл кафені жалға алып отырған қазақ қызы Гүлбақыт көптен ойда жүрген арманы жүзеге асқанына шексіз қуанышты. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында бұл игі істі қолға алды.
Енді, жерлестеріміз бұл жерден ұлттық тағамдарымызды, сондай-ақ қымыз, шұбат, көже секілді таңсық сусындарды басқа жақтан іздеп әуре болмайды. Кез келген уақытта тұтына алады. Мұнда мұсылмандығымызға жат арақ-шарап мүлдем сатылмайды.
-Өздеріңіз куә болған кафе Қостанай облысында ресми түрде бірінші рет ашылып отыр. Осынау көпшілік келетін орынды жалға алған Гүлбақыт Бекмурзина қазақтың іскер қызы. Оның қарамағында тазалық пен адалдықты, ислам дінін пір тұтқан қыздар қызмет көрсетеді.
Мен өз басым алдағы уақытта ұлтымыздың барлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы берік сақталған жаңа орын тек тағам әзірлеп қана қоймайды, кейінгілерге ғибрат көрсетерлік парасат пен руханият ордасына айналатындығына нық сенімдімін, - дейді облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Әбдіқаһар Ерматов.
Иә, өзіміз жылда асыға күтетін қасиетті Рамазан айы алдында осындай тағылымы мол орынның ашылуы жақсылықтың нышаны екендігі сөзсіз. Гүлбақыт Бекмурзинаның бастамасы өзге қандастарымызға да жұғысты болғай.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі