Белгілі дін қайраткері, Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің қызметкерлері ұлағаты мол Наурыз мерекесі қарсаңында ардақты аға буын өкілдерінің басын қосты.
Жиналғандар негізінен осы киелі орынның құрылуына өздерінің қомақты үлестерін қосқан ақсақалды қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз. Олар келісті ұлттық киімдері және ғибратты сөздерімен арнайы жайылған дастарханның берекесін келтіріп, ажарын аша түсті.
Көпті көрген кісілер өздеріне ән-күйден шашу шашқан Мәдениет үйінің өнерпаздарына дән риза болысты. Олардың асыл ана туралы шырқаған әндері тыңдаған жанның жүрегін тебірентті.
Басқосуда Әбдікәрім, Сапа, Сайым қажылар, сонымен қатар ардақты аналар Қайныкеш, Нұржамал апалар кешті ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдіріп, барша жиналғандарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі