Әлішер Ертайұлы Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы болып тағайындалды
Өңір жұртшылығы сөзге шешен, зиялы азамат Ертай қажы Балахметті ешқашан да ұмытпайды. Өйткені, ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл және облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы болып қызмет атқарды.
Осы бауырымыз құдай қосқан қосағы Майнұр екеуі бес баласына тәлімдік-тәрбие берді. Үйдің тұңғышы Әлішер және одан кейінгі Мұртаза да кішкентайларынан әкелерінен өнеге алып, қасиетті Құранды жаттап өсті.
Әлішер орта мектепті тәмәмдаған соң, Алматы қаласындағы Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті униврситетіне түскен болатын. Жақында осы жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтады.
Зейінді ұл студент кезінде сол университеттің «Экстремизм мен терроризмге қарсы» құрылған Орта Азиялық белсенді топ құрамына жас исламтанушы ретінде енген-ді.
Қырғызстанда өткен «Ортақ құндылықтарды іздеу (Search for Common Ground)» Халықаралық үкіметтік емес корпорациясы ұйымдастырған форумның мүшесі болғаны да жұртшылықтың есінде. Бұл Бішкек қаласында орналасқан корпорация өкілдігі осы Орта Азиядағы түрлі экстремизм мен терроризмге қарсы ірі шаралардың ұйтқысы ретінде де көпке танымал.
Зерек те білімге құштар Әлішер Балахмет университеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысты. Жоғары оқу орнының спорт саласында мәртебесінің асқақтауына өзінің қомақты үлесін қосты.
Ардақты атасы Ислам, әжесі Зейнеп пен ата-анасының сенімін ақтады. Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Әлішер Ертайұлы Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы болып тағайындалды.
Қазіргі уақытта дін қайраткері әрі өкіл имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлының тікелей басшылығымен мешіттегі 30-ға жуық шәкіртке дәріс беруде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі