Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы және «Ғаламтормен жұмыс» бөлімінің меңгерушісі Мұрат Манапұлының қатысуымен жастар ісіне жауапты аймақтағы өкілдердің есеп беру жиналысы өтті.
Жиын барысында Дін мен дәстүр жылы және Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы жұмыстар мен ұлағатты ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру мақсатында атқарылған іс-шаралардың 2,5 жылдық есебі тыңдалды.
Басқосуда Алтынбек Ұтысханұлы өкілдерге нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс бағыттарына тоқталды.
«Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс есебі жастар ісіне жауапты өкілдердің əрі қарайғы іс-қимылы үшін бағыт-бағдар береді. Бүгінгі жиынымыздың басты мақсаты да осы. Жастар деген кім? Оларға қандай миссия жүктеледі. Бүгінгі заманның жастары қандай болмақ? Қай уақытта да қоғамның қозғаушы күші жастар болған. Сондықтан, біз жұмысымызды жастардың ел сүйгіштік сезімін оятуға, дәстүрлі діни танымын қалыптастыруға, білім мен еңбекке құштарлық, отбасылық құндылықтарға баулуға бағыттауымыз қажет», – деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.
Сондай-ақ, жиналыс барысында айтылған ақпараттар мен ұсыныстар ұжымдық рухты нық бекітіп, жаңа бастамаларға жол сілтеді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz