Астанада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің V съезінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы осылай мәлімдеді.
«Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде. Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады», – деді ҚМДБ төрағасы Е.Маямеров.
Бас мүфти мәлімдегендей, бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, адамшылыққа да жат амал.
«Дін – бүкіл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байыта отырып, жер бетіндегі адамзат қауымының өмір сүру игілігіне өз үлесін қосатын қуатты күш. Сондықтан сол күшті адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетіміздің дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келісім мен жарасымдылыққа Ислам дінінің қосар үлесі өлшеусіз», – деп атап өтті Ержан қажы Малғажыұлы.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз хатшысы