Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен „Мектепке жол„ акциясы биыл да өткізілетіндігін жазған болатынбыз.
Жақында яғни қасиетті жұма күні облыстық мешітте ата-анасының қарауынсыз қалған және күнкөрісі төмен отбасыларындағы бүлдіршіндерге көмек көрсету мақсатында арнайы қайымдырылық шарасы болып өтті.
Бұл жиынды қадірменді ақсақал, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин ғибраты мол адамгершілік пен имандылық жайлы лебіздерімен ашты.
Алғашқы сөзді облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет алып, көпшілікке және басқосқан балдырғандарға бағышталған шын жүректен шыққан шынайы сөзін жеткізді. Сонымен қатар ол жаңа оқу жылы басталар күнге де санаулы уақыт қалғандығын тілге тиек ете келіп, оларға ең ізгі тілегін білдірді.
Содан кейін ол залда отырған балаларға ертең қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған ұл мен қыздарға, сондай-ақ өзге де қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндерге алдын ала дайындалған сөмкелер мен сабақ барысында қолданатын құрал-жабдықтарды тапсырды.
Осы басқосуға облыс бас имамының орынбасарлары да қатысты. Сондай-ақ өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де қалыптасқан дәстүр бойынша елеулі оқиғаға куә болды. Суретке түсіріп, ыстық ілтипатқа бөленген бірқатар балаларды әңгімеге тартты.
Біз де бірқатар балалар мен олардың ата-аналарымен сұхбаттастық. Мәселен, төрт баланың анасы Наташа Лисицына былай деді:
-Мен көп балалы анамын. Биыл үш перзентім жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Әрине, олардың бәрін алдағы білім ордасына әзірлікпен баруға дайындау да оңай емес. Қаншама қаражат қажет.
Сондықтан біздің жағдайымызды түсініп, өздерінің нағыз адамгершілік асыл қасиеттерін көрсеткен яғни Бахытбек қажы Нұрғабылұлы басқаратын облыстық мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан алғысымды білдіремін. Олардың жасаған қайырымдылығын ешқашан ұмытпаймыз.
Сонымен қатар облыс орталығындағы №9 қазақ орта мектебінің оқушысы, 9 жасар Кәмила Махметова да өзінің жан толқынысын жасыра алмай:
-Біздің қамымызды ойлап, осындай қайырымды шараны ұйымдастырған барша азаматтарға дән ризамыз. Бүгін алған сөмкем өзіме өте ұнайды,- деді.
Ал 15 жасар Сұлтан Карин биыл Қостанай шаһарындағы автокөлік колледжіне құжатын тапсырғалы отыр. Ол да өзіне қаржылай қол ұшын берген мешіт қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Жалпы алғанда облыс бойынша шара аясында мектепке қажеттi заттар, оқу құралдары, мектеп формасы мен қажетті спорт киімдермен 171 оқушы қамтамасыз етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.