Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша мұсылмандар қауымы Қостанай облыстық жаңа мешітіне ерте жиналды. Олардың арасында ақсақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарымыз бен жарқын болашағымыз жастар да көп болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі және облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет айтулы мереке Құрбан айттың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Әруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Құрбан айт намазынан кейін барша ағайындар Федоров трассасының бойында орналасқан «Қостанай мал базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы бөлінген орнына судай ағылып, құрбандық шалды.
Сонымен қатар осы күні облыстың Лисаков қаласында жаңа мешіт салтанатты түрде ашылды. Оған облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы арнайы қатысып Мүфти хазреттің, жергілікті мұсылман бауырларымыз бен қонақтарға шынайы лебізін және мешіт нағыз имандылық ордасына айналсын деген игі тілегін жеткізді.
Міне, осылайша Құрбан айт барша жұртшылықтың есінде қалды. Әрине, жылдағыдай күнкөрісі төмен отбасылары мен қамқорлыққа мұқтаж жетім-жесірге де айрықша назар аударылып, құрбандық малынан ет таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.