Түсінген адамға діннің берері мол. Әсіресе, ислам діні баршаны жақсыдан үйреніп, жаманнан жирендіруге үндейді. Сондықтан да өңірдегі барлық деңгейдегі мешіттерде бұл мәселеге айрықша назар аударылуда.
Әсіресе қазіргі таңда жастарды ешқандай берер пайдасы жоқ теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай.
Осы арада нақты деректер мен дәйектерге сүйеніп өтелік. Жақында Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзиннің тікелей ұйымдастыруымен осындағы политехникалық колледж студенттерімен кездесу болып өтті.
Әрине, дін қайраткері аталған жүздесуге жан-жақты дайындалды. Теріс ағымның қоғамға, әрбір отбасына және кез – келген азаматқа тигізер зияндықтары жөнінде де айтылды. Жастардың қойған сауалдарына нақты жауаптар берілді.
Сондай-ақ кездесу барысында халқымыздың көне замандардан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің негіздері, ұстанымдары да түсіндірілді.
Мұндай жүздесулердің өскелең ұрпағымызға берер ықпалы зор екендігін күнделікті өміріміз айқын көрсетіп отыр.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі