Жуырда қасиетті жұма күні Сарыкөл ауданының бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық Қара-Оба ауылына арнайы барып, мектеп мұғалімдері және оқушылармен жүздесіп, діни дәріс өткізді.
Онда Дәулетбай қажы «Тәрбие негізі – имандылықта» екенін айта келіп, адамгершілік, ізеттілік, қайырымдылық, инабаттылық, ақыл-парасат жайына тоқталды.
Әр сөзін адам санасына сәуле шашар шапағаты ұшан-теңіз – Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.у.) хадистерімен нақтылады. Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы ата-анасын сыйламай жүрген жүгенсіздерді, шаранасын шырылдатып түзге тастап жатқан жетесіздерді сынға алды.
Осынау ой салар кездесу кезінде: «Адам баласы Алла алдында не үшін ардақты?», «Адам немен құнды?», «Ислам дегеніміз не?», «Имандылыққа нелер жатады?», «Ата-бабамыз бізді кеше қалай тәрбиеледі?» - деген сауалдарға нақты жауап берді.
Жүздесу соңында Б.Өтетілеуов атындағы орта мектептің директоры Болат Қаденов сөз алып, оқушыларға ой салар тағылымды дәріс өткізгені үшін бас имамға шынайы алғысын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі