Халқымыздың асыл қасиеттерінің қатарында – қайырымдылық, жомарттық және кеңпейілділік те бар. Өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу де үлкен азаматтыққа жатады.
«Жанашырлыққа – жан риза» демекші, қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанынан табылып, оларға дер кезінде қол ұшын беру де сауабы мол іс әрі әрбір мұсылманның парызы болып табылады.
Осындай сауапты іске айрықша көңіл бөлген Арқалық шаһарындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясын ұйымшылдықпен өткізді.
Бұл жолғы қайырымдылық шарасын мешіттің «Әйел-қыздар» секторы ұйымдастырды. Онда сауат ашу курсының ұстазы Айнұр Болатқызының басшылығымен мешіт жамағаты мен шәкірттер қолдан жасалған тағамдарын әзірледі. Олар дайындаған бауырсақ, ыстық тоқаштар, құрт, жент және түрлі тәттілердің дәмі тіл үйіреді.
Осы акциядан түскен қаржы әлеуметтік жағынан аз қамтылған мұқтаж жандарға қайырымдылық мақсатында жұмсалады.
Әрине, Бектұрсын Уәлиев басқаратын мешіт қызметкерлері бұдан бұрын да қайырымдылық акцияларын тиісті деңгейде ұйымдастырып, көпшіліктің алғысына бөленді.
Болашақта да мұндай игі мақсаттағы шаралар жалғасын таба беретіндігі сөзсіз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі