Арқалық қаласында ардагерлер кеңесі мен «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің мұрындық болуымен «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты жиын болып өтті. Жиынның негізгі мақсаты - жаназа және діни рәсімдерді бірізділікке салуды насихаттау, аста-төк ысырапқа жол бермеу жайы.
Ұлттық салт-дәстүр мен діни рәсімдерді сақтаудағы аға буын өкілдерінің рөлі талқыланған жиынға қала әкімдігі, зиялы қауым өкілдері және қалаға қарасты әр ауылдың молдалары мен ақсақалдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық асхана-кафе басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды қала әкімінің орынбасары Т. Әубәкіров жүргізді. Ал бас имамы Б.Уәлиев жиынның алға қойған міндеті жөнінде жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ белгілі дін қайраткері облыс орталығында өткен келелі конференцияда қабылданған шешіммен жұртшылықты таныстырды.
Одан әрі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Ғапбасов шаһарда атқарылып жатқан діни рәсімдерге қосымша өз ұсыныстарын білдірсе, дін жанашыры Мираш қажы Тәшетов сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды.
Ақсақалдар алқасы жергілікті мешіт имамдарымен бірлесе отырып, тұрақты түрде жас жеткіншектерге дін мен қатар тәрбиелік мәні бар ұлттық ғұрыптарды да насихаттап, түсіндіріп отыру қажеттігін айтты. Өз дәстүрін білмеген, құрмет тұтпаған жас буын өзінің дінін де ардақ тұта алмай түрлі жат ағымның жетегінде кетіп қалуы мүмкін деген түйінге келді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі