Биыл да дәстүрге айналған Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – рухани байлығымыз» деген атпен Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы шаһарда бірнеше қайырымдылық іс-шаралар мен кездесулер өткізді.
Алдымен олар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын беру мақсатында, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы барып, күнделікті тұтынатын азық-түлікті таратты.
Сондай-ақ мешітке келуші барша жамағатқа 600-ге жуық нан таратылды.
Сонымен қатар қаладағы ерекше білім берілу қажеттілігі бар мектепте өткен кездесуде мешіт алқасы оқушыларға сый-сияпат жасап, оларға шын жүректен шыққан ізгі ниетпен баталарын берді.
Осындай тағылымды жағы мол жүздесу Арқалықтағы «Агроколледж» студенттерімен де болып өтті. Онда жастарға имандылық, тәлім-тәрбие жөнінде дәрістер оқылды.
Осы айталғандармен қатар №12-ші жатақхана тұрғындарымен «Алғыс айту – ризашылық белгісі» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.
Мұнда білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскерлері мен психолог мамандар да қатысты. Сұхбат барысында өмірде кездесетін қиыншылық кездері әрдайым сабырлылық пен ұстамдылық таныту қажеттілігі жайында да айтылды.
Аталмыш үш мекемеде қалалық мешіт тарапынан әрдайым жасалатын қайырымдылық шаралары мен жастар тәрбиесіндегі сауапты да игі істер үшін дән ризашылық білдірілді. Дін қызметкерлері арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі