Таран ауданында «Қош келдің Рамазан» атты рухани кеш болып өтті. Онда спорттық іс – шара да тұңғыш рет ұйымдастырылды. «Әйет» мешітінің бастамасымен өзге дін өкілдері және мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорттық сайыстар жиналған қауымға үлкен әсер қалдырды.
Осынау іс - шарада спорттың шахмат, теннис, дрот ату, дойбы түрлерінен жарыста көзге түскен азаматтарға мақтау қағаздары және кубоктар тапсырылды. Мүмкіндігі шектеулі кісілер мешіт ұжымына ризашылығын білдірді.
Жоғарыда аталған Таран ауданының орталығында өткен «Қош келдің Рамазан» атты рухани кеш Тобыл кентінде одан әрі жалғасын тапты. Аталған кенттің «Думан» мәдениет үйінде ұйымдастырылған спорттық іс – шара, рухани концерт, айтысқа көпшілік дән риза болысты.
Бұл игілікті басқосуға Таран ауданының бас имамы И. Хамзин арнайы қатысты. Рухани кешті Тобыл кентінің әкімі ашып, жұртшылыққа ең ізгі тілегін білдірді.
Аудан имамы жамағатқа қасиетті ораза жөнінде уағыз айтты. Спорттың шахмат, тоғызқұмалақ, қазақша күрес түрлерінен сайыс өткізілді.
Өздерін жақсы жағынан көрсеткен кісілерге мақтау қағазы тапсырылып, сый – сияпат жасалды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен «Асаба» асханасында жиналған қауымға дастархан жайылды. Тобыл мешітінің имамы И. Ділдәбеков басқосудың тиісті деңгейінде өтуіне ықпалын тигізген барша азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі