Қостанай облысына қарасты Лисаков шаһарындағы мешіт ұжымы әрқашанда өздерінің ізгілікті істерімен көзге түсіп келеді.
Осы имандылық ордасының қызметкерлері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балдырғандардың есінде қаларлықтай шараны жүзеге асырды.
Олар қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мекемесінде болып, осындағы мүгедек балаларға арналған бөлімдегі балдырғандарды мерекелерімен құттықтады.
Бүлдіршіндерге сыйлықтар тапсырып, қуанышқа бөледі. Балалар да өз кезегінде дайындалған тақпақтарын айтып, әуелете ән шырқады.
Осындай балдырғандардың есінде қалатын шара Арқалық шаһарында да өткізілді. Шаһардағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қаладағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұратын жатақханаға барып, ондағы бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтады. Жиырма бес балаға ойыншықтар мен тәтті балмұздақтар таратты.
Періштеден де пәк балақайлар тапсырылған сый – сияпатқа риза болып, жүздері шаттықтан бал – бұл жанды. Ата – аналар мен ұл мен қыздар Бектұрсын Торғайбайұлы бастаған имандылық ордасының ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі