Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті «Мемлекет қызметкерлерінің арасында құмар ойындарының алдын алу: тәжірибе, мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Оған Қостанай облысы әкімі аппараты мен облыстық басқармалардың, өкілетті атқару органдарының басшылары, бірқатар департаменттердің қызметкерлері қатысты.
Аталған жиында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев көпшілікке ой салар мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде: «Ойынқұмарлық – тек қана бір отбасының шырқын бұзып қана қоймай, қоғамды құлдыратып, елдің берекесін кетіретін зиянды әрекет. Құмар ойынға әуес болу құран мен хадистерде тыйым салынып, үлкен күнәлардың қатарына жатқызылып харам делінген. Үлкен күнә саналуының себебі – оның қоғамдық сипат алуында» -деді.
Белігілі дін қайраткері ой-толғамын жалғастыра келіп, «Лудомания бұл – адамның психологиясына зиян келтіреді. Құмар ойнайтын адамның жеңіл жолмен ақша табамын деген жоспары жалқаулыққа, ақыл-ойының әлсіреуіне алып барады. Ал, жеңіл жолмен табыс табу – құмар ойынның алғашқы бастамасы. Букмекерлік кеңселерде және спорттық ойындарға бәс тігу өкінішке орай қазіргі таңда кең етек жайып келеді. Оған басыңды алып қаша алмайтын толып жатқан жарнамалардың да әсері жоқ емес. Мұндай жолға түскен адамның тығырықтан шығар жолы бар ма? Әрине бар, адам өзінің ерік-жігерінің және қалыбындағы иманының кәміл болуымен, өзінің әрекетінің дұрыс емес екенін түсініп, ауыр күнә арқалайтынына көз жеткізсе, бұл істі доғаратыны сөзсіз екенін тілге тиек етті.
Оның пікірінше, пенде түрлі жамандықтан алдымен өзі ғана құтқара алады және қоршаған ортасы, ағайын-туысы, дос-жарандарының қолдауы мен ақыл-кеңесі ауадай қажет-ақ.
Бас имам осылайша жиалғандарға пайдалы насихат айтып, жасөспірімдерге ерте жастан лудоманияның үлкен күнә екенін түсіндіру керектігін, әлеуметтік желілердегі санқилы көз сүріндірер жарнамаларға шектеу қойып, оның орнына құмар ойының қасіреті жайлы қысқа метражды бейнефильмдерді көбейту абзал деп ойын түйіндеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі