Жұртшылықтың есінде болар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен құрылтайда рухани қазына болып табылатын кітап оқуға деген құштарлықты арттыру жөнінде ой тастаған болатын.
Осынау бастаманы қолдаған Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының аты берілген кітапхананың жұмысы жандана түсті.
Бұл парасат ордасында бүгінгі уақыт талабына сай діни, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуға бағытталған тарихи, көркем және танымдық жағы мол тақырыптардағы кітаптар арнайы сөреге қойылған. Оқырмандар мерзімдік басылымдармен де таныса алады.
Жуырда кітапханашы қызметіне Марат Қалқай бекітілді. Оның жұмысына әдістемелік көмек көрсету және тәжірибелерімен бөлісу мақсатында Л.Толстой облыстық кітапхананың білікті қызметкерлері арнайы келіп, әріптестік қолдау көрсетті.
Бас имам Бектұрсын қажы Уәлиев қонақтарға шынайы алғысын білдіріп, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірбаяны қамтылған кітабты тарту етті.
Алдағы уақытта мешіттің кітапханасы жаңа да тың кітаптармен толығып, келушілердің ой-өрісін, таным көкжиектерін кеңейтуге игі ықпалын тигізеді деген үміттеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі