Халқымыз ата-анасының жұмаққа кіруіне себепкер болатын қыз баласын төрінен төмен түсірмей, бетінен қақпай, аялайды. Суының тұнығынан ішкізіп, киімнің жақсысынан кигізіп, көңіліне қаяу түсірмей, құтты орнына қондырады.
Себеп – Алланың аманатына қиянат етпеу. Демек, қыз бала – отбасының берекесін келтіріп, мерейін тасытатын жан болғаны. "Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді"-деген сөз де бекер айтылмаса керек.
Қостанай облысындағы Денисов аудандық "Жұма" мешітінде 8 наурыз – халықаралық аналар күніне орай, есте қаларлық іс шара ұйымдастырылды. Онда осындағы мешіттің бас имамы Болатжан Байшев ақ жаулықты аналарымызды төл мерекесімен құттықтап, оларға лайықты құрмет көрсетті.
Арнайы дастарқан жайылып, аналарға ілтипат танытты. Өмір көрген апаларымыз мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді.