Жақында Жангелдин аудандық "Оспанқожа әулие" мешітінің ұйымдастыруымен Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Жастар жылы» аясында «Иманды жастар – ел болашағы» атты рухани кеш өткізілді.
Осынау кештің арнайы бағдарламасы жасалып, жастар тәрбиесінің маңыздылығы насихатталды.
Онда «Ғасырлар пернесі» ансамблінің өнерпаздары асқақтата ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Сондай-ақ сахна шеберлері мән-мағынасы зор қойылымнан үзінді ұсынды.
Жиналған жұртшылық алдында мешіттің сәулетін арттыруға ат салысқан жандарға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы шынайы алғысын білдірді.
Сонымен қатар демеушілік көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттарды тапсырып, уағыз айтты.
Ал аудан әкімінің орынбасары Дінмұханбет Бидашев жастарға рух беретін тілектерін жеткізді. Кештің соңында көпшілік қауымға «Дәмді» дәмханасында дастархан жайылып, онда ақсақалдар бата берді.
ҚМБД-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі