Асыл дініміз Ислам да әрдайым арамызда жүрген жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін айтып, олардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуде. Көпшілікке мәлім, үстіміздегі 2019 жыл жастар жылы болып жарияланды.
Соған орай жастардың бойындағы ерекше қасиеттерді барынша дамыта түсу Амангелді аудандық «Сатыбалды ишан» мешіті «Иманды жастар – ел болашағы» атты рухани кеш өткізді.
Кештің арнайы бағдарламасы құрылып, жастар тәрбиесінің маңыздылығы кеңінен насихатталды. Осынау жастарды рухтандыратын жиынға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы қатысып, тағылымды уағыз айтты.
Ал аудан әкімінің орынбасары Сүндет Жолдыбекұлы жастарды жігерлендіре түсетін игі тілектерін білдірді. Кеш барысында ғибратты ән-жыр, терме мен күй орындалды.
Бұл басқосудың мәні мен маңызын «Пайғамбарға хат» атты сахналық қойылым барынша арттыра түсті. Аталмыш қойылым мәдениет үйінде басқосқан барша қауымға үлкен ой салды.
Кешті Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Данияр Дүйсенбекұлы жүргізіп, өзінің сан қырлы азамат екенін көрсетті.