Әулиекөл аудандық мәдениет үйінде адамзат баласының хақ діні - Исламның кәусәр бұлағымен сусындатқан пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні кеңінен атап өтілді. Мұнда ұлық мерекенің құрметті қонақтары бәрі бір кісідей Мәуліт мерекесіне салауат айту үшін жиналды.
Мәулітті «Әмит ишан» мешітінің шәкірті Асылан Ахметжан әдемі мақаммен Құран оқуымен бастап ашты.
Құттықтау сөзімен аудан әкімі Асхат Кисиков «Мәуліт біздің басымызды осылай тек қана қуанышта қоса берсін» деген игі тілегін білдірді. Аталмыш шараны өткізуге атсалысқан ел азаматтарының көмегімен атап өту дәстүрге айналған. Бұл жолы «Кайсар-Агро» ЖШС директоры Абдул-Вагап Митаев өткізіп отырғанын атап өтті.
Одан кейін өкіл имам Бақытбек қажы Нұрғабылұлы маңызы мен тағылымы мол, есті пендеге ой салар уағыз айтты.
Бұл күні сахнадан жергілікті өнерпаздар тарапынан діни әндер, «Сені сағындым ия расуллаллах», «Мейірімді бол» сахналанған көріністер, күмбірлетіп күй тартқан Алмаз Хамитбеков және т.б., көпшіліктің жүрек түкпіріне жол тартып, ерекше әсер етті.
Әмит ишан мешітінің бас имамы Нұрбол қажы Исламұлы сауапты іске көмектескендер мен қатысушы қонақтарға үшін алғысын білдірді.
Мерекенің екінші бөлімі “Жас дәурен” шатханасында жалғасты. Митаевтар отбасы ақ дастарқан жайып қонағасы берді. Алғысқа толы көптеген жүрекжарды тілектер айтылды. Соңынан бата беріліп, құран бағышталды.