Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне ерекше кө-ңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау.
Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастардың иманды да ибалы болуы. Ғалымдар: «Елдің ертеңін білгің келсе, бүгінгі жастарына қара»-деп айтады екен. Жастар қашан да елдің тірегі, жарқын болашағы.
Асыл дініміз Ислам да әрдайым жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін көрсетіп, оның тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырады.
Себебі дұрыс бағыт алған жастар үмметтің үмітін ақтайды. Ал, керісінше тәрбиесі ақсаған жастар дұрыс пен бұрыстың арасын ажырата алмай, сағы сынады. Міне, осындай жастар тәрбиесіне үлес қосу мақсатында, жастар жылы аясында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті «Иманды жас – ел болашағы» атты рухани кеш өткізді. Кештің арнайы бағдарламасы құрылып, жастар тәрбиесінің маңыздылығы насихатталды.
Жастарды рухтандыратын кешке ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы қатысып, тұшымды уағыз айтса, қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров жастарды жігерлендіре тілегін айтты. «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Аманкелді Ахметжанов та осындай мағыналы кешті ұйымдастырушыларға өз алғысын жеткізді.
Ғибратты ән-жыр, терме мен күй орындалды. Бұл кештің ең айтулысы «Мейірімділік – асыл қасиет» атты сахналық қойылым болды. Ол театрға жиналған үлкен-кішілі қауымға үлкен ой салды.
Бұл қойылымда отбасының тәрбиесі, жанұя мүшелерінің иманнан нәр алған көркем мінездері, қаншалықты қиындыққа душар болса да, сабыр ете білулері, сондай-ақ отбасындағы ер азаматты жоғары санап, құрмет тұтуы секілдіаса маңызды жайлар жөнінде айтылды.
Адам бойында болатын игі қасиеттердің бірі ол – Мейірімділік. Мейірімділік – өмірдің мәні. Адамның бір-біріне деген мейірімі арқылы өмір қалыптасады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Алла тағала мейірімді болған құлдарын мейірімге бөлейді. Олай болса, сендер жер бетіндегілерге мейірімді болыңдар, көктегілер сендерге мейірім жаудырсын!»-деген.
Кешті жүргізген ақтаңгер ақын, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев тәрбиеге байланысты мазмұнды әңгімелерімен жиналғандарды терең ойға жетеледі.
Бір жұп айтыс болып, ақындардың да қозғаған тақырыбы бүгінгі жастар тәрбиесі не арналды.
Рухани кешті ұйымдастырушы Арқалық қалалық мешітінің бас имамы кешті қорытындылай келе, бес уақыт намаздан қалмайтын мешіттің тұрақты жамағатының бірі Серік Қуандықұлын ортаға шақырды.
Серік мүмкіндігі шектеулі жан болса да, бес уақыт намазын ешқашан қаза етпейді. Үнемі мешітте жамағатпен бірге оқиды.
Осы бауырымызға Алла деніне саулық берсін деп қасиетті Құран кітабын хадия етті. Мұндағы мақсат басқа қол-аяғы сау бола тұра, мешітке қадам баспай, жалқаулық танытатындарға ғибрат болсын деген ой жатыр еді.
ҚМБД-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі