Қостанай өңіріндегі дін саласында қызмет атқарып жатқан бірқатар қызметкерлер үстіміздегі жылғы Рамазан айының алғашқы күні, яғни қасиетті Ораза басталғанда үлкен қуанышқа кенелді.
Облыстық мешіттің ауызашарға арналған басқосуында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет жиналған қауымның алдында наиб имам Абзал Сұлтанғалиұлына қызметтік пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Сол секілді қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде де жас маман Нұрлан Жұмабекұлы да үйлі болып, шаттыққа бөленді. Бұл оларға Рамазан айында көрсетілген үлкен құрметтің нақты көрінісі еді.
Сондай-ақ облыстың бас имамы есімі республикамызға кеңінен танымал, белгілі журналист-жазушы, дін саласын жазып жүрген қаламгер Оразалы Жақсановты зейет жасына толуымен құттықтады. Ежелден келе жатқан қазақы дәстүріміз бойынша оның иығына зерлі шапан жапты. Алдағы уақытта да оған мықты денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.
Міне, облысымызда Ораза айы осындай қуаныштармен басталғанын ерекше атап өткеніміз жөн.