Тұжырымдамасы қабылданды
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері жоралы жұрт, ұлағатты ұлт болып қалыптасуының, өнегелі өмір сүруінің негізі болған, адамгершілік құндылықтар діні – Ислам халқымызды, көпұлтты елімізді игілікке, бірлікке үндеді. Қазіргі уақытта дәстүрлі дініміз мемлекетіміздің рухани тірегіне айналды. 2500 мешітті бір орталыққа біріктірген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықтың бірлігі, мұсылман қауымының игілігі үшін қызмет етуде.
Тәуелсіз Қазақстанды жарқын болашаққа бастаған Елбасының берекелі бастамаларымен Ислам діні өркендеп, елімізде сәулеті ғажап мешіттер салынуда. Еліміздің 70 пайыз мұсылман жамағаты тыныштық пен тұрақтылық орнаған Қазақстанда Құдайға еркін құлшылық етіп, ғибратты ғұмыр кешіп жатқанын үлкен бақыт, өздеріне мәртебе санайды. Бұл – Алла Тағаланың дархан мінез, қонақжай халқымыздың кең пейіліне берген нығметі деп түсінеміз. Бүгінгідей бейбіт заманның қадірін түсініп, Тәуелсіздікті аялау – әрбір Қазақстан азаматының адамдық борышы болуы тиіс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс бағыттары сан алуан. Бүгінгі таңда Діни басқарманың қызметін дамыту бағдарламасын әзірлеу өзекті болып отыр. Өйткені, дін – өте нәзік мәселе. Бас мүфти лауазымына сайланған сәттен бастап ҚМДБ-ның бағыт-бағдарын айқындайтын даму тұжырымдамасын жасауды қолға алдық. ҚМДБ-ның білікті, діни салада тәжірибесі мол Ғұламалар Кеңесі мен Жоғарғы Төралқа мүшелері мемлекет мүддесін, заң нормаларын ескере отырып, мұсылман қауымының арасында орын алған мәселелерді кешенді түрде шешуге арналған Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасын қабылдады. Тарихи құжаттың басты міндеті – мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, дін өкілдерін, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстыру. Бұл тарихи құжатты қабылдаудың да өзіндік үлкен себептері бар.
Халқымыздың 70 пайызын құрайтын мұсылман жамағаты ислам құндылықтарын қадір тұтып, игі амалдарға ден қойып келеді. Оның ішінде дінге бет бұрып, шариғаттың жоралғыларын орындаушылар санының артып жатқаны айқын аңғарылады.
Қазіргі таңда халықты бүлікке бастайтын діни лаңкестік әрекеттер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Дін атын жамылған жат ағымды ұстанушылар біздің елде де көрініс тапты. Саяси мақсаттарға жету үшін исламдық діни сенімнің шынайы мағынасын бұрмалағысы келетіндер де бар.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислами діни бірлестік ретінде Қазақстандағы исламның жаңғыру үдерістерінің басы-қасында болуы тиіс. Қоғамдағы діни саладағы келеңсіз жайттарды тиімді шешу жолдарын іздестіру – ҚМДБ-ның басты міндеттерінің бірі.
Еліміздегі діни саланы дамыту жайлы арнайы қабылданған Тұжырымдама мақсаты – исламның рухани-имандылық және адамгершілік қасиеттерін насихаттау, діни-ағартушылық, қайырымдылық жұмыстарды сапалы, тұрақты және тиімді жүргізу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын жалпы халық пен мешіт жамағатына сапалы қызмет көрсете алатын, олардың алдында құрмет пен беделге ие қоғамдық институт дәрежесіне көтеру. Тұжырымдамада қазіргі заманғы қазақстандық мұсылман қауымының негізгі проблемаларын анықтап, қоғамдағы исламның рухани-имандылық және қайырымдылық ықпалын арттыру. Жалпыға бірдей құндылықтар мен мемлекет мүдделерін, қазақстандық заңнамалардың нормаларын ескере отырып, мұсылман қауымының арасында орын алған мәселелерді шешу жолында нақты бағыттар мен тетіктерді қарастыру міндеті қойылды. Сондай-ақ, жалпы стратегияны, исламдық діни қызметті, соның ішінде Республика аумағында ханафи мазһабының ұстанымына сәйкес, діни ілім мен тәжірибені дамытудың тетіктері мен оларды жүзеге асыру жолдары айқындалды.
Айта кететін негізгі мәселелердің бірі – осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Конституциясының сенім бостандығы туралы бабына, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына, еліміздің 2050 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысына негізделген.
Тұжырымдама халқымыздың басым көпшілігі ұстанатын ханафилік ілімге сүйенген мұсылмандық сенімнің нығаюын қазіргі қоғам дамуымен үйлестіре отырып, 2020 жылға дейінгі кезеңін реттеп, ислам дінін насихаттайды. Құжатта мамандар дайындау, білім беру жүйесін жақсарту, кадрлық діни ахуалды тұрақтандыру және дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттау жұмыстары айқындалған.
Тұжырымдаманы іске асыру кезінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізу көзделуде. Соның ішінде, ханафи мазһабы ұстанымын ел аумағында одан әрі қарай дамытып, оның әлеуетін радикалды ағымдардың идеологиясына тойтарыс беретіндей деңгейге көтеру басты мақсатымыз.
ҚМДБ-ға қарасты мешіттерге кадрлар дайындау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін әрмен қарай дамытылып, тиісті кадрлық резерв құру жоспарлануда.
Әсіресе ҚМДБ имамдарының білімі мен біліктілігін көтеру, қазіргі заманға сай діни маман болумен қатар, зайырлы қоғамның талап-мүдделерін дұрыс түсіне білетін тұлғаларға айналдыру осы Тұжырымдама шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Еліміздегі бірегей республикалық ислами діни бірлестік болып табылатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дәрежесін жалпы республика тұрғындары құрметтейтін қоғамдық институтқа айналдырып, осы бірлестіктің аясына елдегі бүкіл мұсылман қауымын шоғырландыру ең басты стратегиямыз екені айтпаса да түсінікті.
Осы Тұжырымдамаға мұқият қарайтын болсақ, Қазақстандағы исламның дамуы екі кезеңге бөлініп қарастырылғанын көруге болады. Оның ішінде I кезең 2015 - 2016 жылдарды қамтыса, ал II кезеңдегі игі жұмыстар 2016 - 2020 жылдарда жүзеге асады.
ҚМДБ жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашып, оған аудармашы мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және Матуриди сенімі негізіндегі еңбектерді аудару жұмыстары жоспарға енгізілді. ҚМДБ-ның жанынан баспа ашып, діни басылымдарды шығару жұмыстарын бір ізге келтіру арқылы діни ахуалды реттеу – басты назарымызда. Тұжырымдама қабылданды, енді бірқатар шараларға бел буып кірісетін боламыз. Келелі жұмыстар қолға алынып жатқанда білекті сыбанып кіріспесе болмасы анық.
Діни басқармадағы шариғат және пәтуа, оқу-ағарту, қажылық, дін істері, мешіт істері, діни сараптама, уағыз-насихат, халықаралық байланыс т.б. бөлімдердің жұмыстарын жетілдіру өз алдына үлкен талап. Бұл жұмыстар үнемі ізденісті талап етеді. Еліміздің тұрғындарының да осы жұмыстардың нәтижесін асыға күтіп отырғандары сезініп отырмыз. Сондықтан ел үмітін ақтау үшін маңдай терімізді төгіп жұмыс жасайтын боламыз.
Мұсылман жамағатының күн сайын туындап жататын күрделі мәселелері өте көп. Оның ішінде көпшілікке жария етуге болмайтын жағдайлар туындап жатады. Осына ескере отырып, ҚМДБ жанынан тұрақты жұмыс жасайтын «сенім телефоны» желісін ұйымдастырып, сұрақтарға онлайн жүйесімен жауап беруді жолға қоямыз. Ел сеніміне жарап жатсақ бұдан артық абырой жоқ деп санаймын.
Келесі бір келелі мәселе еліміздің барлық өңірлерін білікті имамдармен қамтамасыз ету жұмыстары. Осыны ескере отырып білікті, көзі қарақты мамандарды жинау қажет деген шешімге келдік. Жұмысты жүйелі жүргізу – бұл да табысқа апаратын жолдың маңызды бір бөлігі. Сондықтан кадрларды да реттеу үшін ҚМДБ-ны білікті және білімді кадрлармен қамтамасыз етіп, жоғарғы діни қызметтерге кіретін кадрлық резерв құру, жаңа тағайындауларды тек сол резервтен алу жүйесін енгізгелі отырмыз.
Білікті маман шығару үшін білім беру жүйесін жетілдіру, оны заман талабына сай оңтайландырып отыру қажет. Біз Білім саласында тоқырауға жол бермеу үшін ҚМДБ-ға қарасты медреселердің оқу бағдарламаларын әл-Азхар университеті колледжінің оқу бағдарламаларына сәйкестендіре отырып, нострификациялау жүйесін осы Тұжырымдама аясында жүзеге асыратын боламыз.
Сондай ақ, бүгінгі күні интернет жүйесі жастардың ең көп назарын аударатын тақырыпқа айналды. Дінді оқығаны да, оқымағаны да интернеттен тауып алғанын, ең бірінші қайсысы көзіне ілінсе соны оқып алады да төңірегіне соны жеткізгісі келеді. Осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал ету мақсатында Діни басқарманың ресми сайттарының рейтингісін көтеруді мақсат етіп қойдық. Осы жұмыстың бір саласы Пәтуа шығарудың ортақ жүйесі ретінде www.fatua.kz сайтын ашуды көздеп отырмыз.
Ал, екінші кезеңде 2016-2020 жылдарға дейін келесі игі іс-шаралардың жүзеге асырылуы жоспарлануда. Оның мазмұны да елді елең еткізер жағымды жаңалықтарға толы.
Шалғай елді мекендердегі имамдарымыздың жалақыға тарығып, отбасын асыраудың қамымен кейде мешіттегі қызметін ақсатып жататыны көпшілік қауымға белгілі. Имам дін жолындағы қызметін тыйын-тебенге алаңдамай атқарса деген арман көкейімізден кетпей жүргені рас.
Қазақстандағы діни қызметкерлерді айлық жалақымен қамтамасыз ету мәселесін біржола шешу ұзақ мерзімді жұмыс болғанымен, жүйеге отырған соң діндарларымыз оның да қадірін сезінер деген үміттемін.
Мен өзім жоспарсыз басталған жұмыс жолда қалдырады деп санаймын. Осы Тұжырымдама ағарту саласын да толығынан қамтып отыр. ҚМДБ ағарту жүйесін дамыту, шетелдік мамандарды елімізге шақырту жолдарын реттеу, жергілікті мамандардың білімін жетілдіруді ұйымдастыру секілді жұмыстар назарымызда болады.
Аллаға мың шүкір, егемен ел болып, басқалармен тереземіз теңесті. Алыс-жақын шет елдермен байланысымыз арта түсуде. Соның ішінде қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына қажылық сапарға шығу, қажылық міндетті абыроймен атқаруға жағдай жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, қажылық жұмыстарын жүргізуді бір ретке келтіретін жүйе құрып іске асыру, ҚМДБ жанынан қажылықпен айналысатын бірегей орталық ашуға қол жеткізу үлкен жоспар ретінде Тұжырымдамада көрініс тапты.
Діни сауаттылық тура жолдан тайып кетпеудің кепілі. Сауатты болу үшін оқу керек, кітаптарға үңіліп, көз майын тауысу қажет. Әрбір діндарды жеке кітаппен қамтамасыз ету мүмкін емес екені де ақиқат. Бірақ кітапхана ашу арқылы оқырмандар тартып, олардың жүрегіне білім нұрын құйып жатсақ ол да ең ізгі амалдардан бірі ғой. Сондықтан, Астана және Алматы қалалары мен облыс орталықтарында жалпы оқырмандардың қолдануына қолайлы «Діни кітапхана» ашуға бел будық. Кітапханада дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа және Матуриди сенімдерін насихаттайтын ҚМДБ-ның діни сараптамасынан өткізілген кітаптар орналастырылады. Жат ағымдарға тосқауыл қоюдың ең тиімді тетігі осы екеніне сенімдімін.
Тақырыпты түйіндер болсақ, Діни басқарма қызметін дамыту Тұжырымдамасын жүзеге асыру дәстүрлі діни ұстанымдарды нығайтуға, ҚМДБ беделін арттыруға, соның негізінде қазақстандық мұсылман қауымын біріктіруге мүмкіндік береді. Алға қойылған міндеттер ҚМДБ-ның кадрлық әлеуетін нығайтуды, исламдық білімнің дамыған отандық жүйесін жасақтауды, исламдық ғылыми-зерттеу базасын құруды, ҚМДБ мен мешіттердегі қаржылық жүйенің ашықтығын арттыруды көздейді.
Осы тұрғыда, діни фактордың, атап айтқанда, исламның маңыздылығы басты назарға алынады. Бұл Тұжырымдама қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты нығайтуға серпін береді деген сенімдемін.
Халқымыздың бірлігі мен берекесі артып, ауызбіршілігіміз нығая берсін деп тілейміз. Алла Тағала Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
ҰСЫНЫМДАРЫ
2014 жылдың 11 қарашасында Қостанайда Қалалық балалар шығармашылық үйінің Конференц-залында «Ұлытау төріндегі толғаныс: Қостанай өңірінің тарихи және мәдени әлеуеті» тақырыптық кездесу өтті өтті.
Ұйымдастырушы – «Қостанай облысы әкімдігінің мұрағаттар және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
Тақырыптық оқу жұмысына Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Сыздықов Дархан Манарбекұлы, мемлекеттік мекемелердің басшылары, ғалымдар-тарихшылар, өлкетанушылар, мұрағат мекемелерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың, облыстық баспа және электронды БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындардың студенттері қатысты.
Өткізілген конструктивті диалогтың барысында ұлттық тарихты зерттеу көзі ретінде ҚР Ұлттық мұрағат қорындағы құжаттардың маңыздылығы, өлкенің тарихын зерделеудің мәселелері мен болашағы, өңірде мемлекеттік тіл мен басқа тілдерді сақтау және дамыту, қоғамды біріктірудегі дін мен этностық-мәдени орталықтардың рөлі сияқты өзекті сұрақтар талқыланған.
Өңірдің тарихи мәдени мұрасын сақтау бойынша әрі қарай әрекеттестігінің мақсатында қатысушылар:
1. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы мен облыстық қол жеткізген жетістіктерін талқылауға арналған шаралар өткізуді.
2. Республиканың тарихи-мәдени мұрасын жаңадан жасау мен сақтау және деректі басылымдарды дайындау бойынша мұрағаттардың, ғылыми мекемелердің, оқу орындардың, мұражайлар мен кітапханалардың мекеме аралық ынтымақтастықтың нысаны мен әдістерін түрлендіруді.
3. «Қостанай облысының мемлекеттік мұрағаты» ММ мен оның Филиалдарына:
Өлке тарихы бойынша аудиовизуальды құжаттармен қорды толтыруды;
Ел басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қостанай облысына жасаған іс сапарлар қорытындысы бойынша құжаттармен мұрағаттың қорын жинақтау жөнінде облыстың ведомстволық мұрағаттарымен жұмысты ұйымдастыруды;
Жыл сайынғы мұрағат ісін дамыту жоспарына Тұңғыш Президенттің қызметіне арналған шараларды, соның ішінде фотоқұжаттардың экспозициясын дайындалуын енгізуді ұсынды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан – қазіргі күнде халықаралық қоғамдастықта толеранттылыққа, конфессияаралық келісімге және Қазақстан халқының біртұтастығына негізделген бірізді және жүйелі ішкі саясатты іске асырып отырған ел ретінде танымал.
Қоғамда діни толеранттылыққа тұғырланған қарым-қатынастарды қалыптастыруда және ауызбіршілікті жетістікке қол жеткізудегі құндылық ретінде түсіну мен қабылдауда дәстүрлі діндердің жетекшілері маңызды рөл атқарады. Бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы діннің рөлі, оның жасампаздық маңызы, осы мәселелерді саясаттандыру мүмкін еместігі және басқа мәселелер туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЯМЕРОВ әңгімелейді.
– Құрметті хазірет, сіз республикадағы ең үлкен діни ұйымның атынан өкілдік етесіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда қалыптасып отырған мемлекеттік-конфессиялық қатынастарға қандай баға берер едіңіз?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде қазақстандық жетістіктің үш кілтін атап көрсеткен болатын. Біріншісі – барлық қазақстандықтардың бірлігі, екіншісі – толеранттылық және үшіншісі – тарихи тағдырымыздың бір екендігі. Осы сөздің өзі үлкен мәнге ие. Біз бірміз, мемлекет те, әртүрлі дін өкілдері де, қысқасы, бәріміз біргеміз.
Президентіміз Қазақстанды бейбітшілік пен достықтың тиімді моделіне айналдыру жолында ауқымды саяси қадамдар жасауда. Көріп отырғанымыздай, біздің толерантты, кеңпейілді халқымыздың діндарлығы барлық адамдармен, түрлі діни сенім және мәдениет өкілдерімен келісім мен өзара түсіністікті сақтауға зор ықпал етуде. Осы ұстаным барлық жағынан, оның ішінде мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарда да көрініс табуда.
Мемлекеттік органдар біртұтас Қазақстан халқының діни өміріне, бейбіт тіршілік кешулеріне және жасампаздықпен еңбек етуіне қажетті барлық жағдайды жасап отыр. Халқымыз осыны жақсы түсініп, табысты және дамыған мемлекетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдау үшін қолдарынан келетіннің барлығын жасауда. Сол себепті, әрбір қазақстандық азамат ортақ тарихы, мәдениеті мен өз халқының ортақ ісіне қосқан үлесін қастерлеп жүреді деп ойлаймын.
– Кез келген дәстүрлі дін адамгершілік идеясына негізделеді. Яғни, толеранттылық шынайы сенімнің негізі болып табыла ма?
– Өте дұрыс, шынайы дін өшпенділікке, озбырлыққа немесе алауыздыққа шақырған емес. Ислам барлық уақытта жақсылыққа, сабырлылыққа, жасампаздыққа шақырады. Мұсылман ежелден бері мейірімділіктің үлгісі болып келді. Дін ешқашанда адамды жамандыққа үйретпейді, бүлік салуға бағытталған барлық әрекеттерді айыптайды.
Ислам дінаралық келісімді уағыздайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге көшкеннен кейін де ешкімді Исламды қабылдауға мәжбүрлемеген. Керісінше, ол адамдарға барлық басқа дін өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасау идеясын жеткізді. Өзінің бір хадисінде ол: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», дейді. Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), сонымен қатар, басқа дін өкілдерінің құқығын сақтау және олармен жақсы қатынаста болу әрбір мұсылманның міндеті болып табылатыны туралы тағы да көптеген хадистері бар.
Елордамыз Астанада бірнеше рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Қазақ елінің бейбітшілікті, өзара түсіністік пен дінаралық келісімді барынша нығайтуға бағытталған талпынысының жарқын көрінісі болып табылады. Төртінші рет өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің жиналысы өз жемістерін беруде және алдағы уақытта да солай болады деген сенімдеміз.
– Бүгінгі таңда әлемде жаһандық деңгейдегі дүниетанымдық дағдарыс әлі де болса сезіледі. Этносаралық және конфессияаралық мәселелерге әдейі саяси бояу жағылуда. Бұған қалай төтеп беруге болады?
– Дүниежүзінде дін бетпердесімен бүркенген радикализм мен экстремизм қаупі төнбеген ел жоқ шығар, сірә. Бұл бетперде, нашар бүркемеленген деструктивті идеология саналы, ойлы адам үшін айдан анық болары сөзсіз. Исламда соқыр сенім деген жоқ, құлшылық – бұл, ең алдымен, Жаратушы туралы ойлану, өмірдегі басты және екінші кезектегі дүниелерді ойлау.
Ал радикализмге қарсы төтеп беруге, алдымен адамның рухани мәдениеті, оның білімі көмектеседі. Ғасырлар бойы жинақталған және ғалымдардың, оның ішінде ислам ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапқан мәдени мұраны, адамгершілік құндылықты басшылыққа алу керек.
Қазіргі таңда біздің мемлекетіміз егемен ел және Қазақстанда көптеген этностар мен діндердің өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүріп жатқаны – бұл Жаратушымыздың бізге берген баға жетпес сыйы. Алайда, қоғамымыздың тұрақты дамуы үшін Қазақстанның әрбір азаматы елі мен халқы алдындағы өзінің жеке жауапкершілігін есте сақтауы керек және бейбітшіліктің нығаюына өз үлесін қосуға талпынуы керек.
Аты аңызға айналған біздің ел билеушілеріміздің өз халқының бейбітшілігі мен тыныштығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсағанына бейбітсүйгіш қазақ халқының сан ғасырлық тарихы куә. Бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып келді және Қазақстанның досқа – адал және өз көршілеріне тілеулес ел екенін дәлелдеуде.
– Соңғы кездерде «ИШИМ», «Әл Каида» және басқа да ислам атын жамылған топтардың әрекеттері туралы хабарламалар жұрттың үрейін тудырып, исламофобияның туындауына алып келуде…
– Ислам дінінің өкілі және мұсылман ретінде ондай лаңкестік ұйымдардың біздің дінімізбен ешқандай байланысы жоқ екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Олар үшін – бұл тек қана өз мақсаттарына қол жеткізу құралы, және сеніңіздер, онда ешқандай рухани құндылық та, ислам да жоқ. Бұларды бейбіт емес мақсаттарды көздеген ұйымдар деп санауға болады. Ал олар қолданып отырған белгілер, сыртқы көріністер шынайы мақсаттарын жасыру құралы болып табылады.
Бұл – біздің жол емес. Біз діннің негіздерін бұрмалап тұжырымдау жолымен ізгілікке жат әрекет ететін топтардың идеологияларын қабылдай алмаймыз. Жақында біз «қарулы жихад», «тәкпіршілер» және «хижрет» туралы жалған идеяларды жоққа шығарған пәтуалар шығардық.
Біз дін – адамзаттың абыройын асыратын, рухани құндылықтарын байытып, нығайтатын қуатты күш екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, ол ешқашан соғысуға шақырмайды, өлтіруді, жазықсыз адамдардың қанын төгуді үйретпейді. Міне, сондықтан да, біз бұл күшті әрбір қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қалыптастыруға, әрбір елдің гүлденуіне бағыттауымыз қажет. Осыған байланысты ислам өзара сыйластық пен өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
– Бірақ әлемде діни негіздегі қақтығыстар да болып тұрады, әлемде осы мазмұндағы мысалдар бар. Неліктен біріктіруге тиіс дінді кейде өзге құндылық көзқарастарын тасымалдаушылармен күресте пайдалануға тырысып жатады?
– Әрине, әлемнің кейбір аймақтарында қарулы қақтығыстар жалғасуда, соның нәтижесінде жазықсыз адамдардың қаны төгіліп, жүздеген бала жетім, әйелдер жесір болып қалуда. Бұлардың барлығы өзара түсіністіктің жетіспеушілігінен, өзгенің құқығын таптаудан, оның ішінде басқа дін, басқа көзқарас өкілдерінің құқығын мойындамаудан туындауда. Ал ең бастысы – ол діннің нақты мақсаты туралы білімнің жетіспеушілігінің салдары. Тіпті, қақтығыстардың діни негіздегі факторлары көрініс тапса да, бұл, ең алдымен, және көбінесе мүдделер мен амбициялардың қақтығыстары екенін ескеру керек.
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері елімізде орнаған келісім мен бірлік осы жағдайда үлгі бола алады. Міне, осындай өзара қарым-қатынас туралы қасиетті Құранда да айтылады: «Өзара жақсылықта, тақуалықта жәрдемдесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар: күдіксіз Алланың азабы қатты!» («Мәида» сүресі, 2-аят). Осы сөздер адамгершілікке, Алланың тура жолымен жүруге және барлық жамандықтан алыс болуға шақырады.
Менің білуімше, әкімдіктерде, діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдарда олардың әдістемелік қолдауымен жүздеген ақпараттық топтар құрылған, олар адамдармен кездескенде қарапайым сөзбен халық мәдениеті, діннің мәні туралы ақпарат беріп, өз елінің патриоты болуға, заңға бағынуға шақырады.
Осындай қайырлы істен біз де шет қала алмадық, мешіттерде кездесулер ұйымдастырып, исламның шынайы құндылықтары туралы ақпарат жеткізетін өз топтарымызды құрдық. Еліміздің өңірлерінде айтарлықтай даярлықтан өткен білікті имамдар мен дінтанушылардан құралған осындай 6 топ жұмыс істейді. Орыс тілді ортада түсіндіру жұмыстарымен айналысу үшін орыс тілін жетік білетін имамдардан топ құрдық.
Халық даналығында «Бірлік түбі – тірлік» деген сөз бар. Сол себепті, барлық адамды тек ізгі амалдар жасауға шақырамын. Ұлы Жаратушы Иеміз біздің жақсы іс-амалдарымызды қабыл етіп, барлығымызды екі дүниеде де Өз мейіріміне бөлесін!
– Айтқаныңыз келсін!
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде жұма күні құрбандық шалынып, аталмш құрбандықтын етінен ас әзірленіп, мешітке келген жамағатқа, студенттерге және ұлты мен нәсіліне бөлместен мұқтаж жандарға қайырымдылық ретінде таратылды. Аталмыш іс-шара облыстық мешітте алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта осы іс-шара «Марал ишан» мешітінде аптаның әр жұмасында, ал қалалық мешітте әр бейсенбі күндері өткізіліп отыратын болады. Осынау іс-шараға басы-аяғына дейін қатысып, мұрындық болып, демеушілік крсеткен азамат – Мырзағалиев Асылболат Қалыбекұлы.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Нұр-Мүбарак университеті 2015-2016 оқу жылына исламтану және араб тілі факултеттеріне түсем деуші талапкерлерді ағымдағы жылдың 10 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында дайындық курсына оқуға қабылдайды.
Оқу мерзімі - кемі 8 ай. Осы мерзімде Құран Кәрім, араб тілі, ислам фиқһы, ақида пәндері бойынша жүйелі түрде сабақ жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақсатан тарихы мен қазақ тілі, ағылшын тілі пәндері бойынша тест емтихандарына дайындық сабақтары беріледі.
Сабақты Әл-Әзһар университетін бітіріп келген білікті мамандар жүргізеді. Дайындық курсына жасы 30-ға толмаған ислам жолымен жүретін тақуа, талапты, қабілетті жастар іріктеліп алынады.
Талапкерлер жатар орынмен, тамақпен қамтамасыз етіледі.
Талап етілетін құжаттар:
Өтініш;
Жеке куәлік көшірмесі.
Аттестат немесе диплом (түпнұсқа);
3x4 мөлшердегі 6 фотосурет;
086-У үлгісіндегі медициналық анықтама+ флюрография ;
Наркологиялық анықтама;
Психотерапиялық диспансерден анықтама;
Сотталмағандығы туралы анықтама.
Алматы. әл-Фараби даңғылы 73. «академиялық қалашық» аялдамасы.
тел.:8 (727) 302-09-40, 302-09-42. Факс: 8 (727) 302-09-30.
Ұялы тел: 8 702 624 98 13
Сайт: www.nmu.kz
E-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it..
Таяуда Қостанай облысының «Марал ишан» мешіті мен Қостанай ауданының «Маңдай батыр» мешітінің ұйымдастыруымен жас өспірімдер арасында футболдан сайыс болып өтті. Бұл сайысқа Қостанай қалалық балалар үйі, Нұржан Наушабаев және Заречный орта мектебінен 3 команда қатысты.
Аталмыш сайыс өте қызықты өтті. Жарыс болған жерде жеңіс те болатыны белгілі. Футболдан ұйымдастырылған сайыстың қорытындысы бойынша 1-ші орынды балалар үйінің командасы, 2-ші және 3-ші орындарды Нұржан Наушабаев мектебі мен Заречный орта мектебінің командалары иеленді.
Онда 1- ші орынды иеленген командаға ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек кубокты салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ оларға аквариумды сыйлады.
Марпаттау рәсімен кейін Затобол кентіндегі «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлының ұйымдастырумен мешіт асханасында балаларға дастархан жайылды. Содан кейін мешіттің алқа мүшесі Сайым қажы жасөспірім балаларға ақ батасын берді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Түркия дін істері басқармасының басшысы Мехмет Гермез мемлекеттік мекемелерде тіркелуден өтпеген діни бағыттағы некелер әйел балаларына зиянды, сондай-ақ өте жас некенің санын көбейтуде деп мәлімдеді.
CNNTurk телеарнасының тікелей эфиріне шыққан Мехмет Гермез аталмыш жайт Түрік мемлекеті үшін үлкен мәселеге айналып отырғанын жасырмады.
«Осының салдарынан кейбір көптеген теріс пиғылды адамдар адамилыққа жат қадамдарға барады, салдарынан әйелдер зардап шегеді. Түркияның әрбір азаматы білуі тиіс, некені ең алдымен заңдық тұрғыдан бекітуі керек, онан соң барып имамды іздесін» деді Дін басшысы. Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығыс аумағындағы әрбір үшінші діни рәсіммен өтетін некеге тұрған қалыңдықтың жас шамасы 15 жастан басталады.
Ал, Әділдік пен даму партиясы жетекшісі Түркия дін істері басқармасына осы мәселе төңірегіндегі өз ұсыныстарын жеткізді. Онда ол мешіттерге некені заңдық тұрғыдан да бекітуге мүмкіндіктер берілсе деген ойын айтты. «Бүгінгі қоғамда орын алып отырған оқиғалар расында елдегі үлкен мәселеге айналды. Осының салдарынан көптеген балалар жетім, әйелдер жесір атануда» дейді партия жетекшісі.
ummet.kz
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге бағытталған. Ол ұлттық қауіпсіздік органдарына экстремизм мен террорлық әрекетке қатысы бар адам ретінде белгілі азаматтардың елге кіруіне тыйым салады.
"Бізге шетелден азаматтар жиі келіп жатады. Құқық қорғау органдарында бір шетелдік азаматтың экстремизм мен терроризмге қатысы бары туралы ақпарат болса, бірақ оның біздің аумағымызға келуіне тыйым салуға құқықтық негізіміз болмайды. Енді мына заң егер шетелдік туралы тиісті ақпарат болса, ҰҚК органдарына оның елге келуіне тыйым салуына құқық береді", - деген болатын ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов.
Бұған қоса, жаңа нормаларға сәйкес, шетелдердегі соғысқа аттанғалы жатқан қазақстандықтарға қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілетін болады.
"Лаңкестік және экстремистік құбылыстардың алдын алу мақсатында шетелге экстремистік немесе лаңкестік оймен аттанып бара жатқан Қазақстан азаматтарына ұлттық қауіпсіздік органындағылар ресми түрде ескерту айтса дейміз. Осындай арнайы құқық берілуі керек. Біз мұндай ресми ескерту қанды қақтығыс болып жатқан жерлерде лаңкестермен бірге соғысуға бел буып, шетелге кетіп жатқан жекелеген азаматтарымыздың қарасын күрт қысқартады деп топшылаймыз" - деді Бас прокурордың тағы бір орынбасары Андрей Кравченко.
Сонымен бірге, заң ерекше сот өндірісі тәртібінде ұйымдарды олардың аумақтық мәртебесіне қарамастан, экстремистік және террористік деп тануға мүмкіндік береді. Заң террористік мазмұндағы ақпараттық материалдарды сот тәртібі жағдайында террористік деп тануға да жағдай жасайды. Бұған дейін тек экстремистік материалдарды ғана бұлай тану мүмкін болды.
Тағы бір жаңалық - сот экстремистік деп таныған ұйымның мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеу мен айналымға енгізуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар, террористік қылмысы үшін сотталған немесе сондай қылмысы үшін құқық қорғау органдарының немесе арнайы қызметтердің көзіне түскен адамдарға қатысты қаржылық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін норма болады.
Бұған қоса, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне сот экстремистік немесе террористік деп таныған ұйымдар мен ақпараттық материалдардың бірыңғай тізімін жасап, оны өзінің ведомстволық сайтына орналастыруға құқық беріледі.