О дүниелік өмір қарсаңында бұл дүниедегі тіршілік атаулы түгелдей тоқтайды. Мұны яғни, тіршіліктің тоқтау мерзімін «қиямет қайым» дейді. Қиямет қайымның болатындығын жер бетіндегі күллі діндер қабыл етеді. Өйткені, әлемдердің Раббысы Алла ерте ме, кеш пе қиямет қайымды болдырады. Құран аяттары да бұл мәселені апайқын растай түседі: «Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында, қияметтің сілкінісі – үлкен нәрсе. Ол күні әр емізушінің емізгенін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас түрде көресің. Негізінде, олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты» [1]; «Ол күні аспан еріген кен сияқты болады. Таулар түтілген жүндей болады. Дос достың халін сұрамайды» [2]; «Көк жарылған сәтте. Жұлдыздар төгілген сәтте. Теңіздер тасыған сәтте. Қабірлер қопарылған сәтте. Әркім алдындағы және артындағы нәрселерді біледі» [3]; «Қияметтің күні қашан болады? – деп сұрайды. Қашан көз шағылысқан, ай тұтылған, күн мен ай бір араға келтірілген кезде. Адамдар сол күні: «Қашар жер қайда?» – дейді. Жоқ, әсте пана жоқ. Ол күнгі тұрақ Раббыңның алды» [4].
Жоғарыдағы аяттарда қиямет қайымның адам шошитын аса қорқынышты болатындығын Алла Тағала алдын ала адамзатқа білдіріп отыр. Егер мұншалықты дәлелге сенбеген адам болса, ондай пендеге Алла жәрдемші болсын деуден басқа айтар сөзіміз жоқ.
Енді қиямет қайымның қашан орнайтындығына келер болсақ, бұл жайында ешбір пенденің, тіпті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мен оған уахи әкелген Жәбірейлдің (ғ.с.), Сурға үрлеуші Исрафилдің (с.ғ.) де мағлұматы жоқ. Қиямет қайымның қашан болатындығын жалғыз Алла ғана біледі. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Әрине, қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында» [5]; «Қиямет мезгілінің мәліметін тек Алла біледі» [6]; «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. «Шынында, оның мәліметі Раббымның қасында. Оның уақытын Өзі ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай сендерге кенеттен келеді» де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында, оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді деп айт» [7].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға ұдайы: «Оның уақытын Алла ғана біледі», – деп жауап беретін. Десек те, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырзаманның уақытын айтпағанымен, оның белгілері жайлы көптеген хадистерінен «мынадай оқиғалар болмайынша қиямет қайым болмайды» деген мағынадағы ғибраттарды кездестіруге болады. Ақырзаманның белгілерін ғұламалар осы хадистерге сүйене отырып екіге бөледі:
АҚЫРЗАМАННЫҢ КІШІ БЕЛГІЛЕРІ
• Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуінің өзі – ақырзаманның алғашқы белгісі. Себебі, Пайғамбарымыз: «Қиямет пен мен бірге жіберілдім», – деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын көрсеткені жайында деректер бар [8].
• «Қияметтің белгілерінің бірі – дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, зина жасау етек алады, әйелдер көбейіп, еркектер азаяды. Тіпті, елу әйелдің бір ғана қараушысы болады» [9]
• Әйелдердің саны ер кісілердің санына қарағанда әлдеқайда көп болады [10].
• Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларымен сөйлесіп жатқанда бір түздік араб келіп қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, оған: «Аманат аяқ асты етілген кезде қияметті күте бер», – дейді. Сонда түздік араб кісі: «Мұны қалай түсінсек болады», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Қызмет өз маманына берілмеген кезде қияметті күте бер», – деп жауап береді [11].
• Көп қабатты үйлердің салынуы, өз ісінің маманы емес кісілердің сөз сөйлеуі мен билік етуі [12].
• Адам өлтіру оқиғасының көбеюі [13].
• «Жалаң аяқ, жалаңаш және кедей шопандардың да үй салуда бір-бірімен жарысқандарын көресіңдер» [14].
• «Мен Алланың Елшісімін» деп, өзін пайғамбар жариялайтын отызға жуық жалғаншы дажжалдар шығады.
• Екі үлкен Ислам әскерлері бір-бірімен шайқаспайынша, қиямет болмайды [15].
• Мал дүние судай болып ақпайынша, фитнәлар және жөнсіз жерде адам өлтіру көбеймейінше, қиямет болмайды [16].
Имам Шарани ақырзаманның белгілері жайында Әбу Нуаймның риуаят еткен мына хадисіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдар арасында мынадай жайттардың етек алатындығынан хабар береді.
Адамдар намаздарын қаза етеді, тіпті оқымайды.
Нәпсіге бой алдыып, ойына келгенін жасайды
Аманатқа қиянат етеді.
Харам нәрселерді халал деп санайды.
Өсімнен түскен ақшаны ойланбастан жейді.
Пара алушылық көбейеді.
Зәулім үйлер салынады.
Дүниеге қызығып, дінін сатады.
Туыстық қатынастар үзіледі.
Төрешілер мен қазылар үкімді сататын болады.
Жастардың үкімет басына келуі.
Жабайы аңдардың терілерінен киімдер тігіліп киіледі.
Ерлі зайыптылардың ажырасуы көбейеді.
Зина жасау етек алады.
Сенімді, адал кісілерді опасыз адамдай көреді.
Опасыз, өтірікші кісілер сенімді халге келеді.
Жала жабу мен жалған куәгерлік көбейеді.
Жауыннан апаттар, селдер болады.
Зекет берілмейтін болады.
Ішімдік ішу көбейеді.
Ол кездерде кейбір пасық, өтірікші, күнәһар ел басылары мен әкімдер болады.
Балаларды тәрбиелейтін тәрбиешілер болады.
Құран оқитын пасық және күнәһар хафыздар болады.
Жағымсыз ғалымдар болады.
Опасыз, өтірікші саудагерлер болады.
Құран Кәрімді әшекейлеу әдетке айналады.
Мұнаралар биік болады.
Бастықтар көбейеді.
Дін ілімін білетін ғалымдар, фақиһтар азаяды.
Сенімді кісілер азаяды.
Кедейлер көбейеді.
Алланың қойған жазалары жарамсыз болып жүрмей қалады.
Әнші қыздар көбейеді.
Таразыдан жеу көбейеді.
Әйел өзінің бастығынан босанатын болады.
Әйелдер өздерін еркектерге, еркектер де өздерін әйелдерге ұқсататын болады.
Тек таныс кісілерге ғана сәлем беріледі.
Ілім – құлшылық ету үшін емес, дүние табу үшін оқылатын болады.
Ол кезде адамдар арасындағы кәпірлер мен залымдардың мәртебесі биік болып, құрмет етіледі.
Ол кезде адамдар арасында екіжүзділер мен күнәһарлар басым әрі күшті болады.
Надандар мәртебелі болады.
Тақуа кісілер адамдар арасында келеке-мазаққа айналады [17].
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырзаман таяғанда болатын жағдайларды осылайша 14 ғасыр бұрын үмметіне айтып кеткен. Осы айтылған мәселелерге қарап отырсаңыз, ақырзаманның көптеген белгілері бүгінгі техногендік ғасырымыздың дертіне айналып отыр.
АҚЫРЗАМАННЫҢ ҮЛКЕН БЕЛГІЛЕРІ
Хузайфа ибн Әсид әл-Ғыфариден жеткен риуаят бойынша, Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Біз Мәдинада бір қорғанның көлеңкесінде отырғанбыз. Пайғамбарымыз бір шатырдың үстінде отырған еді. Сол сәтте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жоғарыдан бізге қарап тұрып: «Сендерді жұмыстарыңа қандай мәселе жібермей тұр?» – деп сұрады. Біз: «Сөйлесіп отырмыз», – дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Не мәселе жайында сөйлесіп отырсыңдар?» – деді. Біз: «Қиямет қайымның уақыты жайында әңгімелесіп отырмыз», – деп жауап бердік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер мына он нәрсені көрмейінше, қиямет қайым болмайды», – деді:
1. Тұманды (түтін)
2. Дәжжалды
3. Даббатул арзды
4. Күннің батқан жақтан шығуын
5. Хазіреті Исаның (ғ.с.) көктен түсуін
6. Яжуж-Мәжуждың шығуын
7. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі
8. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі
9. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі
10. Иеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады, – деді [18].
Енді хадисте айтылған жоғарыдағы ақырзаманның 10 үлкен белгісіне жекежеке қысқаша шолу жасап өтелік:
1. Тұман (духан) шығу
Қиямет қайым жақындағанда, жер бетін тұман қаптайды. Тұман қырық күн, қырық түн бойы жалғасады. Бұл тұманнан мүмін пенделер тұмауратып, кәпірлер мас адам секілді сенделіп жүретін болады. Жер бетін қаптаған тұманнан имансыз болған пенделер көз жұматындығы риуаят етіледі. Бір хадисте былай дейді: «Ақырзаманда бір тұман шығады. Бұл тұман кәпірлерді өлтіреді, мүміндерді тұмауратады [19]».
2. Дәжжалдың шығуы
Ақырзаман таяғанда, Дәжжал есіміндегі бір кісі шығып, адамдарға өзін құдаймын деп жариялап, жолымен жүруге үндейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуы бойынша, бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде үмметін Дәжжалмен қорқытқан. Дәжжал сөзі «өтірікші» деген ұғымды білдіреді. Хузайфадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны былайша сипаттайды: «Дәжжал сол көзі соқыр, қалың қою шашты бір адам. Оның қасында жәннәт пен от бар. Оның оты негізінде жәннәт болып, жәннәті де тозақ болады» [20].
Әбу Бәкірден (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дәжжал шығыс аймағынан, Хорасан деген жерден шығады. Оған ергендердің жүздері терімен қапталғандай ірі денелі адамдар болады» [21], – деген.
3. Даббатул арз (жерден шығатын хайуан)
«Дабба» сөзі әрекет етуші, қимылдаушы дегенді білдіреді. Яғни, ақырзаманда «дабба» есімді бір хайуанның шығатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде айтып кеткен. Даббатул арз мәселесіне байланысты Құранда былай дейді: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде, олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз да, ол оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбегендіктерін айтады» [22] .
Даббатул арз хайуан болғанымен, адам секілді әрекет етіп, мүмін мен кәпір пенделерді бір-бірінен айырып, мынау мүмін, мынау кәпір дейтіндей дәрежеге ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Даббатул арз өзімен бірге Дәуітұлы Сүлейменнің (ғ.с.) мөрі мен Имранұлы Мұсаның (ғ.с.) асасын алып шығады. Аса таяқпен мүміндердің жүзін жарқыратып, мөрмен кәпірдің мұрнын сындырады. Тіпті, бір үйге тамақ ішу үшін жиылған кезде елдер бір-біріне: «Әй, мүмін! Әй, кәпір!» – деп, бір-бірін ажыратып отыратын болады» [23].
Даббатул арздың қандай хайуан екендігі, неге ұқсайтындығы анық белгісіз. Бірақ кейбір хадистердегі белгілері арқылы оның жер бетінде ұқсасы жоқ, сондай бір үлкен хайуан болатындығын аңғаруға болады. Амир ибн Астың айтуы бойынша: «Даббатул арз қажылық кезінде Меккедегі бір ағаштан шығады. Басы бұлтқа жеткенімен, аяғы әлі жерден шығып бітпейді».
Абдулла ибн Зубайр Даббатул арзды былай деп сипаттайды: «Даббатул арз жердегі хайуанаттардың мүшелерінен жиналған. Мысалы, басы өгіздің басына, көзі шошқаның көзіне, құлағы пілдің құлағына, мүйізі тау ешкінің мүйізіне, мойны түйеқұстың мойнына, құйрығы қошқардың құйрығына, аяғы түйенің аяғына ұқсайды [24]»
Даббатул арз қай жақтан шығады дегенге келсек, деректер оның Меккеге жақын жердегі сахара аймағынан шығатындығын меңзейді. Осы жөнінде Бурайда (р.а.) есімді сахаба: «Бірде Расулулла мені Меккеге жақын сахарадағы бір жерге алып барды. Ол жер құмды, құрғақ жер екендігін көрдім. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Даббатул арз осы тұстан шығады», – деді. Көрсеткен жерге қарасам, бас бармақ пен сұқ саусақ арасындай ғана яки бір қарыстай ғана жер екен [25]», – дейді.
4. Күннің батқан жерінен қайта шығуы
Қиямет қайымның және бір белгісі – Алланың әмірімен табиғат заңдылығына қайшы құбылыс орын алып, күн батқан жерінен қайта шығады. Бұл күн жұма күніне орын алады. Күннің батыстан шыққанын көрген адам баласы сол сәт жаппай иман етіп, тәубелеріне келеді. Бірақ ол кездегі иман етулері мен жасаған тәубелері қабыл болмайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Күн батыстан шықпайынша, қиямет болмайды. Күн батыстан шыққанда адамдар оны көріп, жаппай иман етеді. Оған дейін иман етпеген немесе иманында жақсылық болмаған пендерлерге сол күні еткен имандары пайда бермейді» [26]. Екінші бір хадисте: «Күн батыстан шыққанға дейін Алла тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді» [27].
5. Исаның (ғ.с.) көктен түсуі
Ақырзаман таяғанда, Дәжжал өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр мен истидраж [28] көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды (ғ.с.) түсіреді. Иса (ғ.с.) жер бетіне түскен соң, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Себебі, оған түсірілген дін Ислам келгеннен соң күшін жойған болатын. Иса (ғ.с.) Дәжжалды өлтіріп, адамдар арасында әділдік орнатады. Иса (ғ.с.) пайғамбардың ақырзаманда түсетіндігін және не істейтіндігін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мына хадисінен білуге болады: «Барлық пайғамбарлар әке жағынан бауыр болғанымен, аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен – Мариямұлы Исаға жақынмын. Өйткені, мені мен оның арасында басқа пайғамбар келмеді. Расында, ол ақырзаманда жер бетіне түседі. Оны көрген кездеріңде мынадай ерекшеліктерімен танисыңдар:
1. Орта бойлы
2. Тәні қызыл мен ақ түске жақын
3. Үсті-басы өте таза; шаштарына су тимесе де су тәрізді болып тұрады
4. Ол айшықты (кресті) сындырады
5. Шошқаны өлтіреді
6. Жан салығын жояды.
7. Мал-дүние көп болып, судай ағады
8. Адамзатты Ислам дініне шақырады
9. Алла Тағала оның кезінде Исламнан басқа діндерді жоқ етеді
10. Ол Алланың қалауымен Дәжжалды өлтіреді.
11. Ол кезде жер бетінде бейбіт заман орнап, арыстандар түйелермен, жолбарыстар сиырлармен, қасқырлар қойлармен жайлауда бірге жүріп, балалар жыландармен ойнайтын болады.
12. Иса жер бетінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін қайтыс болады және мұсылмандар оның жаназасын шығарып, жерлейді» [29].
Иса (ғ.с.) қайтыс болған соң, Алла Тағала Шам тарапынан суық бір жел жібереді. Осы желден жер бетінде жүрегінде иманы бар барша мүмін о дүниелік болады. Тіпті, біреулер таудың астына кіріп жасырынса да, желдің иісі арқылы бақилық болады. Ал, өзге имансыз, қара ниетті жандарға бұл желдің ешқандай әсері болмай, керісінше олар білгендерін жасап, ғұмыр кешеді. Шайтан олардың осындай есалаң сәттерін пайдаланып, оларды пұттарға табындырады. Мұның артынан көп ұзамай Исрафил сурға үрлеп, қиямет қайымның болатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып өткен [30].
6. Яжуж – Мәжуждың шығуы
Ақырзаманның және бір белгісі ретінде Яжуж- Мәжуж атты екі тайпаның шығатындығы жайында аяттар мен хадистерде баян етіледі. Бұл қауымның кімдер екені белгісіз. Бірақ, хадистерде қорғанның ішінде қамалған Яжуж-Мәжуж елі ақырзаманда жер бетін құмырсқадай қаптап, олардың жүріп өткен жерлерінен шөп шықпайтындай болатындығы жөнінде айтылады.
Алдымен Құрандағы Яжуж-Мәжуж жайында айтылған аятқа тоқталып өтейік: «Олар: Әй, Зұлқарнайын! Яжуж-Мәжуж бұл жерде бұзақылық істеуде. Саған салық төлесек, олар мен біздің арамызға бір бөгет жасайсың ба? – деді. Зұлқарнайын: Раббымның маған бергені одан артық. Сендер маған көмектессеңдер, олармен араларыңа бір бөгет жасайын. Маған темір тақтайлар әкеліңдер, – деді. Екі беттің арасы теңелген кезде: Көріктеңдер, – деді. Ол от болған сәтте: Маған еріген мыс әкеліңдер, үстіне құяйын, – деді. Сонда олар одан аса алмады да, тесе алмады. Зұлқарнайын: Бұл – Раббымнан бір мархамет. Қашан Раббымның уәдесі келсе, оны жермен-жексен қылады. Сондай-ақ, Раббымның уәдесі хақ, – деді» [31].
Аят мағынасы бойынша пайымдасақ, Зұлқарнайын Алланың әмірімен Яжуж-Мәжуж деген қауымды бір жерге (тау астына деп келтіреді) қамаған. Ақырзаман таяғанда, Яжуж-Мәжуж сол қорғанды тесіп шығып, жер бетін жайлап, ел арасында бүлік шығармақ.
7. Шығыста бір жердің батуы
8. Батыста бір жердің батуы
9. Араб түбегінде бір жердің батуы
Хадисте айтылғандай, шығыста, батыста, араб түбегінде бір жердің батуымен ақырзаманның таялғаны анық болады. Бірақ, бататын жерлердің қай мемлекетте болатындығын тек Алла Тағала біледі Демек, ақырзаманның үлкен белгілері жайында кеңірек мағлұматымыз болмағандықтан, біздер айтылған хадиске сеніп, қиямет қайымның хақ екендігін мойындап, тек Алладан ғана медет тілейік.
10. Хижаз тарапынан үлкен от шығады
Ақырзаманның соңғы белгісі Хижаз тарапынан үлкен бір оттың шығып, шартарапты жарық қылатындығы хадисте айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Хижаз жерінен шығатын, Бусрадағы [32] түйелердің мойындарын жарқырататындай бір от шықпайынша қиямет қайым болмайды» [33].
Осы жерге дейін ақырзаманның белгілерін айтып келдік. Бірақ қиямет қайымның аласапыранын көретін пенделер жаман адамдар мен иман етпеген жандар болады. Ал жүрегінде иманы бар пенделер қияметқайымның сілкінісін көрместен бұрын жан тапсырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Алла Тағала Иемен тарапынан жібектен де жұмсақ болып тиетін бір самал естіреді. Бұл самал жүрегінде бидайдай иманы болған пенделерді бақилық етеді [34]».
Ақырзаманда келетін Мәһди
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақырзаманға байланысты айтқан хадистері ішінде әһли бәйіттен, яғни пайғамбар ұрпағынан Мәһди есімді бір кісінің келетіндігі айтылады. Мәһди тура жолға бастаушы деген ұғымды білдіреді.
Абдулла ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Әлемнің бір күндік өмірі қалса да, Алла ол күнді ұзатып, менің бір адамымды сол күні жібереді. Яғни, әһли бәйітімнен біреуді жібереді. Бұл кісінің аты менің атыма ұқсас, әкесінің есімі әкемнің есіміне сәйкес келеді. Ол адам жер бетіндегі зұлымдықты жойып, орнына әділеттілікті орнатады» [35].
[1] «Хаж» сүресі, 12-аят
[2] «Мағариж» сүресі, 8-10-аяттар
[3] «Инфитар» сүресі, 15-аят
[4] «Қиямет» сүресі, 6-12-аяттар
[5] «Лұқман» сүресі, 34-аят
[6] «Фуссилат» сүресі, 42-аят
[7] «Ағраф» сүресі, 187-аят
[8] Муслим, Фитән 132; Тирмизи, Фитән 39
[9] Бухари риуаяты
[10] Бухари, Худуд, 20
[11] Бухари риуаяты
[12] Бухари, Иман 37, Муслим, Иман 1
[13] Бухари, Фитән 25
[14] Муслим риуаяты
[15] Бухари, Фитән 25
[16] Хадия ансиклопедиси, Кутубус ситте, 17-том, 1234-хадис
[17] Имам Шарани, ж.к.е. 449-456 бет
[18] Муслим, Фитән 39, Ибн Мәжа, Фитән 28
[19] Муслим, Мунафиқун 39
[20] Муслим риуаяты
[21] Тирмизи риуаяты
[22] «Нәміл» сүресі, 82-аят
[23] Ибн Мәжа, фитән 31
[24] Ибн Кәсир, Китабуннихая, 1-том, 163-бет.
[25] Ибн Кәсир, Китабуннихая, 1-том, 161-бет
[26] Бухари, Фитән 25; Муслим, Иман 72; Әбу Дәуід, Мәлахим 12
[27] Муслим, 1- том, 138-хадис
[28] Табиғат заңдылығына қайшы келетін имансыз пенденің көрсеткен кереметтері
[29] Бухари, Әнбия 48; Муслим, Фәзәйл 143; Әбу Дәуід, Сүннет 13
[30] Муслим, Фитән 23; Ахмед ибн Ханбал, ІІ-том, 166-бет
[31] «Кәһф» сүресі, 94-98-аяттар
[32] Сирия мемлекетіндегі бір ауылдың атауы
[33] Муслим, Фитән 42
[34] Муслим, Фитән 23
[35] Әбу Дәуід, Тирмизи, Фитән 52
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі. Мұсылмандықты бекем ұстанған қазақ халқы бұл күнді ерекше дайындықпен өткізеді. Ақсақалды қариялар, ақ самайлы әже-апалар ақ дастархан жайып, қонақ күтіп, бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі.
Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Алайда осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.
Халқымыз наурыз мейрамын діни мереке ретінде емес, ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды. Имандылықпен ұштасқан, ұлт жадынан ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды жандандыруға дін өкілдері де атсалысуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014-2018 жылдарды «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялады.
Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Дәстүріне бекем ұрпақ асыл дініміздегі ізгілікке бастайтын құндылықтарға құрметпен қарайтын болады. Міне, ұлттық мерекеміз әз Наурыз ұрпақты ұйымшылдыққа ұйытады, үлкен-кішіні сыйлай білуге тәрбиелейді.
Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді мерекелерді кеңінен атап өткелі отырмыз. Наурыз мерекесі де – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар.
Алла Тағала ырыздық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын! Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды еткей. Халқымыздың тілегі қабыл, мұраты асыл болғай!
1. الله Алла – Оның (Алла Тағаланың) бар екендігі және Оның иләһи сипаттарын білдіретін есім. Раббымыздың ең ұлық есімі. Кім Жаратушының осы әдемі есімін күніне 1000 рет қайталап зікір етсе, иманы берік болады.
2. الرَّحْمَنُ Әр-Рахман – Аса қамқор. Оның қамқорлығы Өзі жаратқан бүкіл мақұлықтарына тиесілі. Қамқоршы Алла Тағала мұсылмандардың, сондай-ақ кәпірлердің өмірлік қажеттерін өтейді. Алланың бұл есімін зікір еткен адамның ойлау және жаттау қабілеті күшейеді. Сондай-ақ, ол адам қаталдықтан арылады.
3. الرَّحِيمُ Әр-Рахим – Ерекше мейірімді, Рахымды. Бір жақсы іс үшін бірнеше есе береген және ешқашан сауап істерді жоймайды. О дүниеде тақуа мұсылмандарға мейірімді болады. Кімде-кім бұл есімді 100 рет атап жүрсе, қайғы-қасіреттен аман болады.
4. المَلِكُ Әл-Мәлик – Патша, Ол қалай басқарам десе де Өзі біледі. Оған кеңесші керек емес. Оған барлығы тәуелді. Мұсылман адам бұл есімді зікір етіп жүрсе, қаржыдан қысылмайды.
5. القُدُّوسُ Әл-Қуддусу – Қасиетті, Өте пәк, кемшіліктерден пәк және адам баласының ойына келетін пішін-келбеттен тыс.
6. السَّلاَمُ Ас-Сәлам – Есендік беруші. Жетіспеушіліктерден пәк. Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық береді. Егер бұл есімді 99 рет оқып, науқасты ұшықтаса, шипа табады.
7. المُؤْمِنُ Әл-Мумин – Қорғаушы, Сенуші. Өзі туралы ұлық кітаптар мен пайғамбарлар арқылы білдіртеді. Өзінің сүйікті құлдарын қауіп-қатерден сақтайды.
8. المُهَيْمِنُ Әл-Мухаймин – Үстем, Қорғаушы. Баршаның үстінде билік жүргізеді және бәрі де Оның иелігінде. Жаратқан мақұлығының үстінен қарап, бақылап тұрады. Кімде-кім бұл керемет есімді ғұсыл алғаннан кейін екі рәкағат намаз оқып, 100 мәрте шынайы ықыласпен айтса, Алла Тағала оны рухани тазартады.
9. العَزِيزُ Әл-Азиз – Аса зор, Ұлық, Қуатты, зор кеңшілік Иесі. Онымен ешкім теңесе алмайды. Кімде-кім Алланың бұл көркем есімін таң намазынан кейін 40 рет қайталап оқыса, Алла Тағала оны қаржы мәселесінде басқалардан тәуелсіз етеді.
10. الجَبَّارُ Әл-Жәббар – Аса өктем. Билік пен қуат Иесі. Нені қаласа, соны кімге де болсын істете алады.
11. المُتَكَبِّرُ Әл-Мутәкәббир – Паң, ұлылық және биіктік Иесі. Кім бұл көркем есімді зікір етіп жүрсе, халық арасында құрметті болады.
12. الخَالِقُ Әл-Халиқ – Жаратушы. Мақұлықтарын Өз еркімен жаратады. Ол әр нәрсені көркем түрде жаратады.
13. البَارِىءُ Әл-Бари – Жаратушы, жоқтан бар етуші. Жаратқан мақұлықтарына әр түрлі пішін және бейне береді. Алла әрдайым жаратуда. Егер бала таба алмаған әйел 7 күн ораза ұстап, «Әл-Бари, Әл-Халиқ, Әл-Мусаууир» деп 21 рет айтып суға дем салып аузын сол сумен ашып, шынайы ықыласпен жалғыз Алла Тағалаға дұға етсе, оған Жаратушы нәресте береді.
14. المُصَوِّرُ Әл-Мусаууир – Келбет беруші. Өзінің қалауымен әрбір жаратқан нәрсесіне өзгеше келбет және әр түрлі пішін береді. Миллиардтаған келбет жаратқан Алла Тағалаға ешкім теңесе алмайды.
15. الغَفَّارُ Әл-Ғаффар – Аса жарылқаушы. Күнә және жаман істерді кешіруші. Бұл дүниеде құлдарының жамандықтарын жасырып, қияметте күнәларын кешіріп, жарылқайды. Кім осы әдемі есімді жұма намаздан кейін 100 рет қайталаса, оған Алла Тағала ғафу етеді. Ал кім екінті намазынан кейін «Иә Ғаффар ғфирли» деп айтып жүрсе, Алла Тағала оны кешірім еткен құлдардың қатарына қосады.
16. القَهَّارُ Әл-Қаһһар – Өте үстем, Қаһарлы. Өзіне қарсыларды қатты азаппен қорлайды, өлтіреді не болмаса көпшіліктің алдында беделін түсіреді. Оның жазасынан ешкім аман қалмайды. Дүние сәнін жақсы көретін пенде Алланың бұл есімін қайталап Оған мойынсұнып жүрсе Алла Тағала ол адамның иманын күшейтеді.
17. الوَهَّابُ Әл-Уаһһаб – Өте жомарт, Береген. Адамдарды Өз нығметтерімен ризықтандырады. Берем деген нәрсесін береді. Кімде-кім дұғада бұл есіммен Аллаға жалбарынса, ол ешқашан қайыршы болмайды.
18. الرَّزَّاقُ Әр-Раззақ – Ризық, тамақ беруші. Алуан түрлі ризықтарды жаратады және сол ризықтарымен мақұлықтарын ризықтандырады.
19. الفَتَّاحُ Әл-Фәттах – Жақсылық жасаушы. Асқан мейірімінен құлдарына төгіп беріп, жақсылық істейді. Шындықты әшкерелеп, өтірікті өрге асырмайды. Кімде-кім өзінің оң қолын кеудесіне қойып Алла Тағаланың бұл әдемі есімін таң намазынан кейін 70 рет қайталаса, жүрегі нұрланады, көңілі шаттанып жәй табады.
20. العَلِيمُ Әл-Алим – Бәрін білуші, Терең білім иесі. Ол әр нәрсені толық біледі және де Ол білмейтін ешнәрсе жоқ. Алла Тағала – білушілердің білушісі. Алла Тағала ғайыпты да, көмескіні де біледі. Кім бұл есімді атап, зікір етіп жүрсе Алла Тағала оған білім мен даналықтың есіктерін ашады.
21. القَابِضُ Әл-Қабид – Қысып алушы. Кімге қаласа, ризығын береді, қаласа бермейді. Кім бұл есімді қайталап айтып жүрсе, аш-зарыққан болмас.
22. البَاسِطُ Әл-Басит – Жаюшы. Өз ризық нығметтерін қалаған құлдарына береді.
23. الخَافِضُ Әл-Хафид – Түсіруші. Алла Тағала кәпірлерді тозақтың түбіне түсіреді және кәпірлерге қайғы, мұң-зар мен азап береді. Кім Алла Тағаланың бұл ғажайып есімін 500 мәрте зікір етсе, Хақ Тағала оның дұғасына жауап береді.
24. الرَّافِعُ Әр-Рафиғ – Көтеруші, Биіктетуші. Өзіне жақын құлдардың беделін бұл дүниеде де, ақыретте де көтереді.
25. المُعِزُّ Әл-Муиз – Қуат беруші. Өзінің мүмин құлдарына мықты қуат береді. Олардың мойынсұнғандары үшін күнәларын кешіріп, жәннатта құрметті орын береді.
26. المُذِلُّ Әл-Музил – Кемсітуші. Кәпірлерді мойынсұнбағандықтары үшін кемсітеді, оларға «азап үйін» – тозақты дайындайды.
27. السَّمِيعُ Әс-Сәмиғ – Әр нәрсені Есітуші. Әр естілетін дыбыс ғайып айтылса да Оның есітуінен тыс қалмайды. Ол құпияның бәрін біледі. Оның ести алмайтын нәрсесі жоқ. Ол T барлық сыбыс, дыбысты естиді.
28. البَصِيرُ Әл-Басир – Көруші. Ол бәрін Көреген. Адам және басқа мақлұқтар көрмейтінін бәрін көреді. Оған көрінбейтін зат жоқ. Ол ғайыпты да көреді.
29. الحَكَمُ Әл-Хакәм – Хәкім. Қазы, Төреші. Соттың үкімі Оның құзырында. Оның үкімі кесімді. Оны ешкім сынай алмайды және Алланың үкімдерін кемсітіп, жамандауға ешкімнің хақысы жоқ. Кім дәрет алып, осы есімді күніне 99 рет зікір етсе Алла Тағала оның жүрегін нұрландырады.
30. العَدْلُ Әл-Ғадилу – Әділ, Адал. Ол кімге болмасын, ешбір әділетсіздік жасамайды. Ол өз шешімдерінде әділ.
31. اللَّطِيفُ Әл-Ләтиф – Жұмсақ, зор кеңшілік Иесі. Өзінің құлдарына өте ілтипатты. Өз құлдарының істерін толық біледі және адамдардың мінездеріне жұмсақтық салады.
32. الخَبِيرُ Әл-Хабир – Толық хабар алушы. Барлық істер оның қалауымен жасалады. Ол ешқашан хабарсыз қалмайды. Жаратушының бұл көркем есімін қайталаған адамды Алла Тағала қанағатты етеді.
33. الحَلِيمُ Әл-Халим – Ерекше Мейірімді, Өте Жұмсақ. Азабын тездетпейді, бірақ малғұн шайтанға еріп, күнәлі іс жасағандарға азабы жақын.
34. العَظِيمُ Әл-Ғазим – Аса зор, кеңшілік Иесі, Мәртебелі, Ең Ұлы. Оның мәртебесінің басы да, соңы да жоқ.
35. الغَفُورُ Әл-Ғафур – Кешіруші, күнәларды кешуші. Кешірім сұраушыларды күнәлары үшін қолға алмайды, жаман істерін жақсы амалдарға ауыстырады.
36. الشَّكُورُ Әш-Шәкур – Шүкірді қадірлеуші. Адамдарға шүкірлік айтқаны үшін мәрхамет етеді. Құлдарына көркем істері үшін ізгілік етеді.
37. العَلِىُّ Әл-Ғалиу – Өте биік, Жоғары, Мәртебелі. Адамдардың сезім, сана және басқа қабілетіне келетін бейнелерден тыс, одан жоғары. Ол әр уақытта биіктікте.
38. الكَبِيرُ Әл-Кәбир – Ұлық, Ең Ұлы, Абырой және мәрхамет иесі. Адамдардың ойлау, көру және сезу мүшелерінен тыс.
39. الحَفِيظُ Әл-Хафиз – Қорғаушы. Сүйікті құлдарын жамандық пен кесірден сақтайды. Өз құлдарының сауап істерін қиямет күні мәрхамет ету үшін жазып, сақтайды. Алла Тағала – әлсіздердің жәрдемшісі.
40. المُقِيتُ Әл-Муқит – Азық беруші. Азықты жаратып мақұлықтарына таратып береді. Даналықты және білімді жүректерге жеткізеді.
41. الحَسِيبُ Әл-Хасиб – Есеп беруші, Жеткізуші. Өз құлдарының қажеттерін өтейді.
42. الجَلِيلُ Әл-Жәлил – Биік, Үлкен, Өз ұлығында өте биік. Қадір-қасиетінде аса Ұлы.
43. الكَرِيمُ Әл-Кәрим – Құрметті, Мәрхамет иесі, ізгілік істеуші. Оның рахымында шек жоқ. Ізгілігі ешқашан таусылмас. Уәде берсе, толығымен орындайды.
44. الرَّقِيبُ Әр-Рақиб – Қараушы, Бақылаушы. Ол әр нәрсені көріп, біліп тұрады. Ешнәрсе оның алдынан өтпей кетпейді.
45. المُجِيبُ Әл-Мужиб – Жауап беруші. Оған дұға етіп жалбарынған құлдарына жауап береді. Ол адам баласы үшін не нәрсе пайда беретінін біледі. «Иә Мужибу дағуати тәммәти» деп дұға етілсе, Жауап беруші Хақ тағаланың жауап беруі сөзсіз.
46. الوَاسِعُ Әл-Уасиғ – Қоршап алушы, толтырып салушы. Ол Өз құлдарын ризықтармен бөлейді. Мәрхаметін тақуа құлдарына төгіп, байытады.
47. الحَكِيمُ Әл-Хаким – Даналық Иесі, қате жасаудан пәк. Қате жасау Оның даңқына сай келмейді. Ол әр нәрсені өз орнына қояды.
48. الوَدُودُ Әл-Уәдуд – Ізгілік істеуші, Сүюші. Мақұлықтарын жақсы көреді. Сөйтіп, Ол мәрхаметі, мейірімі және ризықтары арқылы Өзі туралы білдіртеді.
49. المَجِيدُ Әл-Мәжиид – Даңқты, Құрметті. Өз істерінде Көркем. Ол дүниені ризықтарымен толтырады.
50. البَاعِثُ Әл-Бағис – Тірілтуші, Жіберуші, Қайта өмір беруші. Өлілерді есеп беру үшін тірілтеді. Өз елшілерін (пайғамбарларын) адамдарға жібереді.
51. الشَّهِيدُ Әш-Шахид – Куә. Ол анығын да, белгісізін де біледі және соған Куә. Алла Тағала Өзінің иләһи сипаттарыменен жалғыз Құдай екенін білдіртеді.
52. الحَقُّ Әл-Хақ – Шындық иесі. Хақ Тағала әрбір нәрсені өз даналығымен жаратты. Қабірдегілерге есеп беру үшін және жәннат немесе тозаққа жіберу үшін тірілтеді.
53. الوَكِيلُ Әл-Уәкил – Басқарушы. Өкіл иесі Алла Тағала барлығын басқарады. Құлдары Оған тәуекел етіп, тәубе келтіреді.
54. القَوِىُّ Әл-Қауи – Қуатты, Мықты, Құдіретті. Оның шамасы әр нәрсеге жетеді.
55. المَتِينُ Әл-Мәтин – Мықты, Тұрақты, Құдіретті. Оның күшіне ешкімнің қуаты жетпейді. Ол ешқашан әлсіз немесе шамасыз бола алмайды.
56. الوَاسِعَُ Әл-Уасиғ – Қорғаушы. Ол тақуаларды (әулиелерді) жақсы көреді және оларға мықты қуат береді. Кәпірлердің беделін бұл дүниеде де, о дүниеде де түсіреді.
57. الحَمِيدُ Әл-Хамид – Пәктеулі, Дәріптеулі, Мақтаулы. Мадақ Иесі. Алла Тағаланы кәпірлер мен екіжүзділерден басқасының бәрі мадақтайды.
58. المُحْصِى Әл-Мухси – Санаушы. Ол бәрін санайды. Оған ешкім санауға бөгет жасай алмайды. Ол бір нәрсеге көңіл бөліп басқаны назарынан тыс қалдырушы емес.
59. المُبْدِىُْ Әл-Мубди – Бастаушы. Ол қандайда бір жаратылысты жаратар алдында ешбір бейне, мысалсыз жаратты.
60. المُعِيدُ Әл-Муғид – Қайтарушы. Ол тірілерді өлілерге айналдырады және оларды қайтадан бастапқы қалпына келтіреді. Егер мал, мүлік немесе адам жоғалса Алла Тағаланың осы көркем есімін 70 рет қайталап дұға етсе, жоғалған нәрсе Алла Тағаланың қалауымен қайта оралады.
61. المُحْيِى Әл-Мухи – Тірілтуші. Ол денелерге жан салып тірілтеді. Егер біреу бұл есіммен Алла Тағалаға жалбарынса, шипа табады.
62. المُمِيتُ Әл-Мумит – Өлтіруші. Денелерден жан алып өлтіреді. Ақыреттің қайғы-мұңның дәмін татпау үшін Алла Тағаланың осы атын көбірек қайталап, зікір етіп жүру керек.
63. الحَىُّ Әл-Хай – Тірі. Ол мәңгі өмір сүреді, мәңгі болды және мәңгі болады. Оның тірі болуының басы да, соңы да жоқ.
64. القَيُّومُ Әл-Қайюм – Бәрінің үстінде тұрушы. Әрбір заттың үстінен қарайласып оған Қамқоршы болып тұрады. Әр нәрсе тек Алла Тағаланың қалауымен тұрады. Өздігінен мықты тұрушы.
65. الوَاجِدُ Әл-Уәжид – Бай, Табушы. Нені тапқысы келсе, сәтінде-ақ табады, өйткені бүкіл жаратылыс оның құзырында. Ол ештеңені жоғалтушы емес.
66. المَاجِدُ Әл-Мәжид – Құрметті, Сыйлы. Ол жақсы қасиеттерді иемденеді. Құрмет пен сый оған тән.
67. الوَاحِدُ Әл-Уахид – Жалғыз. Барлық Құдайлық сипаттар Оған тән. Одан басқа Құдай жоқ. Алла Тағала расында жалғыз, сондықтан Аллаға ғибадат етіледі.
68. الصَّمَدُ Әс-Самад – Ешнәрсеге мұқтаж емес. Адамдардың қажеттерін өтеп беруші Алла Тағала, сол үшін құлдары Оған бұл көркем атымен жалбарынады. Ол – аса Құдіретті, Қуатты.
69. القَادِرُ Әл-Қадир – Мықты, Қадірлі. Оны мақұлықтар қадірлейді. Оған ешкімнің көмегі керек емес. Оның әр нәрсеге шамасы жетеді.
70. المُقْتَدِرُ Әл-Муқтадир – Құдіретті. Не істегісі келсе, соны істеуге қуаты жетеді. Оның істей алмайтын ісі жоқ.
71. المُقَدِّمُ Әл-Муқаддим – Алға шығарушы. Өз пайғамбарларын алға шығарады. Өзіне инабатты құлдарын тура жолға салады. Оларды ұлық дәрежелерге көтереді.
72. المُؤَخِّرُ Әл-Муаххир – Артқа тартушы. Өз жауларын артта қалдырады. Ол Өзі мен кәпірлердің арасына бөгет перде салады.
73. الأَوَّلُ Әл-Әууәл – Бірінші, Алғашқы. Баршаның алдында. Ол мәңгі тұрады. Оның алдында ешбір зат болған емес.
74. الآخِرُ Әл-Ахир – Соңғы, Ақырғы. Барша мақұлық қиямет күні қайтыс болғанда, Алла Тағала тірі болады. Оның соңы жоқ. Кім күніне осы көркем есімді 1000 рет зікір етсе, Алла Тағаланың махаббаты баурап алады, сол адам нәпсіқұмарлықтан арылып, көз жұмғанда иманмен қайтады.
75. الظَّاهِرُ Әз-Заһир – Анық, Көзге көрініп тұрушы. Ол Өзін аяттары (күн, ай, жұлдыз т.б.) арқылы бар екенін анық көрсетіп тұрады.
76. البَاطِنُ Әл-Батин – Көрінбей тұрушы, Ішкі. Ол мақұлықтардың көзіне көрінбейді. Ол мақұлықтардың не ойлап, не қоятынын біледі және олар не нәрсеге ұшырайтындарын меңгеріп тұрады.
77. الوَالِى Әл-Уали – Басқарушы, Уәлі. Ол әр нәрсенің басқарушысы. Ол не бұйрық берсе, сол мезетте бұлжытпай орындалады. Ол Өз қалауымен және даналығымен билік жүргізеді. Үкімдерін іске асырады.
78. المُتَعَالِ Әл-Мутаәли – Биікке көтерілуші (Самғаушы). Мақұлықтардың сипаттары Оған тән емес. Пайғамбарлардың сипаттарын биік дәрежеге көтереді.
79. البَرُّ Әл-Бәрр – Ізгілік істеуші. Ол ешуақыт жаманшылық істемейді. Құлдарға ізгілік және қамқорлық етеді.
80. التَّوَّابُ Әт-Таууәб – Тәубені қабылдаушы. Ол әрдайым адамдардың шынайы жасаған тәубесін қабыл етеді. Тәубе етушілерге ғафу етіп, оларға рахым-мейірімін төгеді. Кім залымның зұлымдығына қарсы Алланың бұл есімін 10 рет айтса, зұлымдығына ұшырамайды.
81. المُنْتَقِمُ Әл-Мунтақим – Есе әперуші. Ол Өзіне мойынсұнбайтын құлдарын істеген амалына қарай азаптайды.
82. العَفُوُّ Әл-Ғафуу – Аса кешірімді, Ғафу етуші. Адамдар жалбарынып кешірім сұрағанда күнәларын жойып, сауап істерін қалдырады. Бұл есіммен Алла Тағалаға жалбарынып артынан «Аллаһумма иннәкә ғафуун карим, тухиббуль ғафуа, фағфу ғаннә» десе, оның күнәлары кешіріледі.
83. الرَّءوُفُ Ар-Раууф – Қамқоршы. Алла Тағала Өз құлдарына жақсылық пен қамқорлық жасайды.
84. مَالِكُ المُلْكِ Мәликул Мүлк – Мүліктердің Патшасы. Иелігі өте зор. Байлық қазынаның барлығы, күллі мүлік – Оның қолында. Кім осыны көп қайталап жүрсе, Алла Тағала Өз байлығынан төгіп береді.
85. ذُو الجَلاَلِ وَ الإِكْرَامِ Зүл-Жәләли уәл Икрам – Құдірет және құрмет Иесі. Өзінің ұлы сипаттары үшін құрметті және атақты болады.
86. المُقْسِطُ Әл-Муқсит – Әділ. Шешімдерінде өте Әділ. Әрбір қиянат жасаған мен зиянға ұшырағанды о дүниеде сұрайды және істеген амалдарына қарай жәннат немесе тозаққа жібереді.
87. الجَامِعُ Әл-Жәмиғ – Жинаушы. Қиямет күні «Махшарда» бүкіл адамдарды жинайды. Ол біреуін де қалдырмайды.
88. الغَنِىُّ Әл-Ғани – Өте бай. Оған ештеңе керек емес. Барша мақұлық Алла Тағаладан қажеттерін сұрайды және Оған тәуелді.
89. المُغْنِى Әл-Муғни – Байытушы. Өзінің қай құлын байытқысы келсе, шексіз ризық беріп байытады. Осы арқылы сынайды. Байлықтың барлығы Оған қайтарылады.
90. المَانِعُ Әл-Мәниғ – Харам етуші, рұқсат бермеуші. Ол Өз құлдарына кейбір нәрсені харам етеді. Өзінің сүйікті құлдарын залымдардан қорғайды.
91. الضَّارُّ Әд-Дзарр – Қалағанын зиянға душар етуші. Азап ретінде кейбір құлдарына күнәлары үшін зиян келтіреді.
92. النَّافِعُ Ән-Нафиғ – Пайда беруші. Өз жаратқан мақұлықтарына пайда береді. Кейбір құлдарының пайдасын көбейтеді.
93. النُّورُ Ән-Нуру – Нұрландырушы, Нұр беруші. Әртүрлі жетіспеушіліктерден пәк. Бұл дүниені Өз нұрымен нұрландырып тұрады. Соқырға нұрды көру үшін көз нұрын, жанар береді. Адасқандарды тура жолға салады. Осы керемет есімді қайталап жүрген адам қайғыға салынбайды.
94. الهَادِى Әл-Һәди – Апарушы, Жүргізуші, Ілестіруші. Мустақим жолға салушы. Жүректерді хақты табу үшін бағыттайды. Дінде немесе дүнияуи амалда пайда беретін нәрсеге жолықтырады.
95. البَدِيعُ Әл-Бәдиғ – Жаратушы. Ешбір нұсқа, мысалсыз жаратады. Оның биік сипаттарына ешкім жете алмайды.
96. البَاقِى Әл-Бақи – Бақи, Мәңгі. Ол мәңгілік жасайды. Ол тірілмейді де, өлмейді. Егер бұл есімді күніне 1000 рет қайталап жүрсе, Алла Тағала қасіреттен аман сақтайды.
97. الوَارِثُ Әл-Уарис – Мұра Иесі. Барлық мұра Алла Тағалада.
98. الرَّشِيدُ Әр-Рашид – Салушы. Ол Өз құлдарын пайда беретін жолға салады. Өз даналығымен билік жүргізеді.
99. الصَّبُورُ Әс-Сабур – Сабыр иесі. Ол сабырмен құлдарының күнәларын кешіріп, азабын тездетпейді. Кім осыны меңгеріп, 100 рет Алланы еске алып зікір етсе, сол күннің бәле-жаласынан аман жүреді.
Алла Тағалаға иман келтірген мұсылман баласы Оны көркем сипаттары арқылы тануға тиіс. Ұлы Жаратушыны тану дәрежесіне қарай адамның Оған деген махаббаты артып, үміті мен қорқуы күшейе түседі. Оны таныған сайын иманы күшейеді. Ұлы Жаратушысына деген жақындығын сезініп, тақуалығы мен тәуекелі арта түседі. Ұлы Иесін жеткілікті түрде таныған адам ғана күнә атаулыдан бойын мейлінше алыс үстап, түрлі күдікті ойлардан аулақ жүреді. Адам ақылы Ұлы Алланы толық танып, біле алмайды. Өйткені, адам шектеулі, ал Ол – шексіз. Деcек те, Оны Құранда әрі хадистерде айтылған сипаттары арқылы танып-білуге міндеттіміз.
Ұлы Алла бар әрі бір және барлық кемел сипаттардың шынайы иесі. Оған тек қана кемел сипаттар тән. Нұқсан сипаттардан Ұлы Иеміз пәк. Алла Тағаланың сипаттары сәлби және субути болып екіге бөлінеді.
Сәлби сипаттары. Бұл сипаттар тек қана Алла Тағалаға тиесілі, Одан басқа ешкім бұл сипаттармен сипатталмайды. Сәлби сипаттар – бесеу.
1. Әл-Қидам.
Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат Алла Тағаланың әзәли екендігін, яғни Ұлы Иеміздің барлығының алдында ешқашан жоқтық болмағандығын білдіреді. Оның бар болмаған ешбір заман, уақыт, тіпті, бір мезет жоқ. Заман, уақыт деген ұғымды Ол өзі жаратқан. Өйткені, Алладан басқаның бәрі кейіннен пайда болып, Оның шексіз құдіреті мен бөгетсіз қалауы арқылы тіршілік бетіне шыққан. Иә, Алла Тағаланың бар болуының бастауы жоқ. Керісінше, Ол – кейіннен жаратылған барлық жаратылыстың жалғыз бастауы. Қидам сипатына қайшы мағынада келетін «худус» сипаты, яғни, кейіннен пайда болу – Ұлы Жаратушы үшін әсте мүмкін емес.
2. Әл-Бәқаа.
Бар болуының соңы, ақыры жоқ – мәңгі деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың мәңгі екендігінің, яғни, бар болуының соңы, ақыры жоқ екендігін білдіретін сипат. Алла Тағала әзәли яғни, барлығының бастауы болғаны секілді соңы да жоқ мәңгі. Барлық жаратылыстың белгілі бір уақыттан кейін жоқ болып, көз алдымыздан кетуі – оларды жоқ еткен Ұлы Жаратушымыздың мәңгілігінің белгісі.
3. Әл-Уәхдания.
Бұл сипат «біреу, жалғыз, дара» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала затында, барлық сипаттары мен істерінде жалғыз, біреу. Оның ортағы, серігі, теңдесі жоқ. Ұлы Алла көбеюден, азаюдан, бірігуден, бөлінуден, ажыраудан пәк. Өйткені, бұның бәрі – кейіннен жаратылғандардың ерекшеліктері. Алла Тағала бұндай нұқсан, кемшілік сипаттардан пәк әрі жоғары.
4. Әл-Мухалафатул лилхауадис.
Кейіннен пайда болғандарға еш ұқсамау деген мағынаны білдіреді. Бұл сипат – Алла Тағаланың кейіннен жаратылғандардың ешқайсысына мүлдем ұқсамайтындығын немесе ешбір нәрсенің Оған ұқсамайтындығын білдіретін сипат.Ұлы Жаратушыдан басқаның бәрі кейіннен пайда болған. Міне, Алла Тағала осы кейіннен пайда болғандардың ешқайсысына ұқсамайды. Әрі олардан бөлек, өзгеше. Өйткені, барлық нәрсе Алла тарапынан кейіннен жаратылған. Ал, жаратылған нәрсе дене, түр, уақыт, мекен сияқты ерекшеліктерге тәуелді болғандықтан үнемі өзгереді, ауысады және бір-біріне ұқсайды. Соңында бәрі жоқтыққа, пәнилікке бас иеді.
5. Қиям би нәфсиһи.
Бар болу үшін басқа біреуге мұқтаж болмау деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала бар болу үшін басқа бір жаратушыға немесе белгілі бір мекенге, арнайы бір уақытқа, жалпы себепке мұқтаж емес. Егер Алла да бар болуы үшін басқа бір себепке мұқтаж болса, жаратушы емес жаратылған болар еді. Ал, Хақ Тағаланың жаратушы һәм жаратылған болуы ақылға теріс. Алланың бар болуы сырттан басқа бір күштің жаратуы арқылы емес. Өйткені, Оның барлығының бастауы жоқ, яғни, кейіннен пайда болмаған − Әзәли.
Субути сипаттары. Субути сипаттар сегіз. Олар мыналар:
1. «Хаят» сипаты тірі болу деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала тірі әрі тірілігі мәңгі. Әр нәрсеге, өлі топыраққа, жалпы жаратылысқа жан беріп, тіршілік иесі еткен Алла екені сөзсіз. Бұл сипат Ұлы Алладан бір мезет болса да ажырамайды. Өйткені, Оның кемелдігі тек қана мәңгі тірі болу арқылы жүзеге асады. Алла Тағаланың Тірі болу сипаты Ілім, Қалау, Құдірет және басқа сипаттарымен тікелей байланысты. Өйткені, тірі болмағанның бір нәрсені білуден, қалаудан және жаратудан мақұрым қалатыны айтпаса да түсінікті.
2. «Ілім» сипаты білу деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың ілімі жаратылғандардың ілімі секілді таяз, шектеулі әрі кейіннен жиналған емес. Оның ілімі шексіз, еш құралды қажет етпейді және барлық нәрсені қамтитындай өлшеусіз. Иә, Алла Тағала – әр нәрсені білуші. Ол жарияны білгені секілді құпияны да біледі. Барлық өткен заманды толық білгені секілді келешекті де біледі. Жердің астындағыны білгені сияқты көктегіні де біледі. Көзге көрінетінді білгені сияқты көрінбей жасырын қалғанды да біледі. Барлық болып-кеткенді білгені тәрізді бүкіл болатынды да біледі. Себебі, оның ілімі кейіннен үйрену, оқу арқылы пайда болмаған. Оның ілімінің бастауы жоқ – әзәли. Міне, сондықтан Оның ілімі үшін үлкен мен кішіні, жария мен құпия арасында еш айырмашылық жоқ. Оның ілімінен ешбір нәрсе тыс қалмайды.
3. «Сәмғ» сипаты есту дегенді білдіреді. Ұлы Иеміздің естіп, білуі жаратылғандардікі сияқты шекті, нұқсан әрі себеп-құрал, дәнекерге мұқтаж емес. Иә, Алла Тағала әр нәрсені естіп біледі. Оның бір нәрсені естуі басқа нәрселерді естуіне бөгет емес. Өйткені, Алланың бұл сипаты кейіннен пайда болмаған. Алла Тағаланың естуі жаратылғандардың естуіне мүлдем ұқсамайды. Себебі, жаратылғандардың естуі кейбір ағзалардың, құралдардың көмегі арқылы жүзеге асады. Ал, Алла Тағала ешбір құралға, ешбір себепке тәуелді емес. Міне, сондықтан ең жасырын, ең құпия дыбыстар да Оның естуінен тыс қалмайды.Алла Тағаланың өзіне жалбарынған құлдарының жасырын және құпия әр түрлі зікірлерін, дұға-мінәжаттарын қабыл етіп, хикметіне сай мұқтаждықтарын қамтамасыз етуі – Оның әр нәрсені толық еститіндігінің дәлелі.
4. «Басар» сипаты көру деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала өзінің ұлылығына әрі шексіздігіне лайық дәрежеде көру сипатымен сипатталады. Ұлы Алла Тағала әр нәрсені кемел түрде еш нәрсенің көмегінсіз, ешбір құрал-жабдықсыз біліп, еститіні секілді әр нәрсені еш кемшіліксіз, еш нәрсенің көмегінсіз көреді. Оның ілімі және естуі шексіз болғаны секілді көруі де шексіз. Оның бір нәрсені көруі басқа нәрселерді көруіне бөгет емес. Оның көруінен ең кішкентай атом да, басқа да тыс қалмайды. Оның назарында жасырын мен құпия, жарық пен қараңғы, алыс пен жақын, үлкен мен кішінің арасында ешбір айырмашылық жоқ.
5. «Ирадә» сипатықалау деген мағынаны білдіреді. Ұлы Алланың қалауы әзәли және еш бөгетсіз. Қалағаны еш күмәнсіз орындалады. Қаламаған нәрсесін күллі әлем жиналып іске асырмақ болса да, жүзеге аспайды. Оның қалауына ешкім тосқауыл бола алмайды.Жоқтықтан тіршілік әлеміне шығарылған сансыз жаратылыстың миллиондаған түр-тұрпат, түстерге бөлініп, әр түрдің өзіне тән ерекшеліктерге ие болуы – Оның еш бөгетсіз қалауының дәлелі. Жаппар Иеміз хикметіне орай қалағанын қалаған түрде, қалаған уақытында жаратады. Және қалағанын қалаған уақытта өзгертіп, қалаған уақытта жоқ етеді. Қалағанына байлық беріп, қалағанына кедейлік шапанын кигізеді. Қалағанының дәрежесін көтеріп, қалағанының абыройын айрандай төгіп, төмен түсіреді.
6. «Құдірет» сипаты күш-қуат деген мағынаны білдіреді. Ұлы Жаратушымыз – шексіз және мәңгі құдірет иесі. Қаласа күллі әлемді бір мезетте бар етіп, бір сәтте жоқ етеді. Оның құдіреті кейіннен пайда болмаған, яғни, бастауы жоқ әрі мәңгі. Оның шексіз құдіреті үшін кішкентай атомды жаратуымен сансыз галактикаларды, ондағы сансыз жұлдыздарды жарату оңайлық жағынан бірдей. Сондықтан көк жүзіндегі барлық Күн, Ай, басқа да ұшы-қиыры жоқ жұлдыздар, жердегі жалпы жаратылыс – Оның құдіретіне бас иіп, еш ақау-кемшіліксіз мына таңғажайып үйлесімді жүйені бұзбай әрекет етуде.
7. «Кәлам» сипаты сөйлеу деген мағынаны білдіреді. Ұлы жаратушымыз Алла Тағала сөйлеу сипатына ежелден ие. Оның кәлам сипаты кейіннен пайда болмаған және әр түрлі әріп, дыбыстарға мұқтаж емес. Алла Тағала сөзін Өзінің ұлылығына лайық түрде періштелеріне естіртіп жеткізеді. Ұлы Жаратушымыздан түскен бүкіл кітаптар мен уахилер – осы сипаттың дәлелі әрі жердегі көрінісі.
8. «Тәкуин» сипаты жоқты бар етіп немесе бар нәрседен екінші бір нәрсені жарату деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала барлық әлемді және қалаған нәрсесін кемшіліксіз хикметіне орай бар етіп жаратуы тікелей осы сипатқа байланысты. Әлемдегі сансыз әрі сан алуан жаратылыс – осы сипаттың айқын дәлелі. Алланың «кун!», яғни «бол!» деген бұйрығы арқылы кез келген нәрсе әп-сәтте бар болады.
Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаға сену – балиғатқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Ғалымдарымыздың пікірі бойынша, пайғамбар келмесе де адамдар Алланың бар және бір екендігін ақылдарымен табуы – уәжіп. Себебі, адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған.
Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар»[1],– деп нақты баян етілген. Және бір аятта Алла Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы Алланың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма?»[2] – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.
Алайда, бір айта кетер жайт, аспан мен жердің арасындағы тіршілікті жоқтан бар еткен, бүкіл әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланы толық мәнмағынасында қамтып түсінуге адамның ақылсанасы жетпейді. Себебі, адамның болмысы шектеулі.
Олай болса, шектеулі тіршілік иесі адамның шексіз құдірет Иесі Алла Тағаланы толық көріп, біліп тани алмайтыны анық. Алла Тағаланың өзін толық танып, білу былай тұрсын, Алланың жаратқан тіршіліктегі заттар мен құбылыстардың да қырсырына үңілуде ақыл шарасыздық танытып жатады. Бізге Алланы толық білуді емес, Оның барлығы мен құдіретіне сеніп, құлшылық ету бұйырылған. Әрине, мәселенің бұлай болуы да бекерден-бекер емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәрифте: «Сендер Алланың нығметтерін (жаратқандарын, құдіретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ, Алланың заты жайында ойланбаңыздар»,[3]– дейді.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз шайтан адамға ананы кім жаратты, мынаны кім жаратты деген сұрақты сұрататындығын айта келіп, мұндай жағдайға түскен кісіге сол сәтте «Кәлимә-и шахадатты» айтуы керек екенін ескерткен.
Олай болса, Ұлы Жаратушыға сенім мәселесінде ешқандай күмән мен жаңсақ пікірге бой алдырмай, Алла Тағаланы жалғыз әрі жаратылғандарға мүлдем ұқсамайтын нұқсан сипаттардан пәк деген нақты пайымды ұстанғанымыз жөн.
Алла Тағаланың бар және бір екендігінің ең басты дәлелі қасиетті Құран Кәрім болып саналады. Құранда Алланың жалғыз екендігі, Өзінен басқа тәңірі жоқ екендігі мен құлшылық иесі екендігі, әуелі мен ақыры жоқ екендігі және бар болу үшін еш нәрсеге мұқтаж емес екендігі көптеген аяттарда кездеседі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала өзінің шынайы тәңірі екендігін былай деп келтіреді: «Рас мен Алламын, Менен басқа тәңірі жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ, Мені еске алу үшін намазды толық орында»[4].
«Ол сондай Алла көктерді тірексіз көтерді, көріп тұрсыңдар. Содан соң ғаршыны меңгеріп күн мен айды іске қосты. Олардың әрқайсысы белгілі бір мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Өзі жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине, Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар»[5].
«Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді»[6].
Міне, Құранда осыған ұқсас аяттар жеткілікті. Мұның бәрі Алла Тағаланың бар екендігіне айқын дәлел болып табылады. Дегенмен, кейбір адамдар Алланың жалғыз екендігіне күмәнданып, санасында бірнеше құдайға деген сенім қалыптастырады. Бірақ, сенімнің бұл түрі күпірлік болып саналады. Құранда Алланың серігі жоқ жалғыз екендігі «Ықылас» сүресінде анық баяндалады:«(Мұхаммед (с.ғ.с.) Оларға айт: Ол Алла біреу-ақ. Алла ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес».
[1] «Әли Имран» сүресі, 190-аят
[2] «Ибраһим» сүресі, 10-аят
[3] Китабул әрбайн, 1-том, 90-бет
[4] «Таһа» сүресі, 14-аят
[5] «Рағыд» сүресі, 2-аят
[6] «Шура» сүресі, 29-аят