1.Ауыз аштырған кісі ораза ұстаған кісідей сауап алады.
Сахаба Зәйд ибн Халид әл-Жуһани (رضي الله عنه) пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқандығын жеткізеді.
مَنْ فَطَّرَ صَائِمًا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ غَيْرَ
«Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады»[1].
2. Ауыз аштырған кісіге періштелер дұға етеді.
Сахаба Әнас ибн Мәлік (رضي الله عنه) мынадай бір риуаят келтіреді.
«Алла елшісі (ﷺ), Сағд ибн Убаданың (رضي الله عنه) үйіне келеді. Сағд пайғамбарымызға ас ретінде нан мен зәйтүн майын әкеледі. Алла елшісі (ﷺ) алдына қойылған астан жейді. Артынша: «Үйлеріңде ораза ұстағандар ауыз ашсын! Астарыңды тақуалар жесін! Әрі періштелер сендерге (күнәларыңның кешірілуі үшін) дұға етсін!»,-деп дұға етеді[2].
3. Ауыз аштыру күнәлардың кешірілуіне себепші болады.
Сахаба Салман әл-Фариси (رضي الله عنه) пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқандығын риуаят етеді.
«من فطر فيه صائما كان له مغفرة لذنوبه وعتق رقبته من النار ، وكان له مثل أجره من غير أن ينتقص من أجره شيء ، قلنا : يا رسول الله ، ليس كلنا نجد ما نفطر به الصائم ، فقال رسول الله -صلى الله عليه وسلم- : " يعطي الله هذا الثواب من فطر صائما على مذقة لبن أو تمرة أو شربة من ماء»
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауыз аштырса, күнәлары кешіріледі, тозақтан азат болады. Әрі оған сауабы кеміместен ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап беріледі», – дейді. Біз: «Уа Алланың елшісі! Баршамыздың ораза ұстаған кісіге ауыз аштыратындай шамамыз жоқ»,-дедік. Алла елшісі: Алла бұл сауапты ораза ұатаған жанға бір құрмамен ауызашар аштырғанға да, тек сумен ауыз аштырғанға да, аз ғана сүт бергенге береді», – деді[3].
[1] Хадисті имам Тирмизи риуаят еткен.
[2] Хадисті имам Әбу Дәуіт риуаят еткен.
[3] Хадисті имам ибн Хұзайма риуаят еткен.