Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ұжымы Орталық алаңда Наурыз мерекесіне орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен сайыс өткізді.
Жүлделер де қомақты болды. І орынды иеленген жеңімпазға қошқар, ІІ және ІІІ орын алғандарға кілемдер сыйға тартылды. Бас имам Еркебұлан Жаңбырбайұлы оларға Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырды.
Сондай-ақ, ауылдың қариялары мен жамағатттарына имандылық ордасында дастархан жайылды. Бас имам құрметті қонақтар мен қолдау көрсеткен кісілерді Наурыз мейрамымен құттықтады. Ақсақалдар жиынды өткізген барша азаматтарға жылы лебіздерін білдіріп, батасын берді. Жиынның соңы қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарымен жалғасын тапты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ислам дінін қабылдады
Сарыкөл ауданында тұратын орыс келіншегі Оля Александровна жергілікті «Аққозы қажы» мешітінде ислам дінін қабылдады. Ол мұсылман болып, басына орамал тақты. Бес уақыт намазға жығылудың сабақтарын алуда.
Имандылық ордасының ұстазы Фатима оған дәріс беріп, әйел адамның өмірдегі алатын орны және міндеті туралы үнемі айтып отырады. Зейінді шәкірт әрбір сабаққа ерекше құштарлық танытуда.
Ұлттық мерекемен құттықтады
Сарыкөл ауданындағы ауылшаруашылығы колледжінің басшылары студенттер арасында Әз Наурыз мерекесіне арналған кеш өткізді. Онда ынтымағы жарасқан ұлттардың ұл мен қыздары қазақтың көз тартар киімдерін киіп, дәмді тағамдар дайындады.
Олардың таудай талабына сүйсінген ауданның Бас имамы Асылхан Түсіпбек алдағы ұлы мерекемен құттықтап, жастарға батасын берді.
Бата беру сайысы
Сарыкөл аудандық мәдениет үйінде аға буын өкілдері арасында бата беруден сайыс ұйымдастырылды. Оған ауылдардан батагөй ақсақалдар қатысып, бақтарын сынады.
Жарыстың соңында жүлдегерлерге ауданның Бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы құрмет көрсетіп, шынайы алғысын білдірді.
Мешіттегі жиын
Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешіт қызметкерлері және ауыл молдаларының қатысуымен жиын болып өтті. Онда Рамазан айын ұйымшылдықпен өткізіп, халыққа лайықты қызмет көрсету жайы жан-жақты сөз болды.
Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, оларға Ораза кестесі таратылды. Имандылық ордасында Ораза айы белсенділікпен өтетініне сеніміміз мол.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұлыстын ұлы күні Наурыз мерекесі Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенгелді қажы Сақтағанұлының ұйытқы болуымен жоғары деңгейде аталып өтілді.
Оларға қарасты асханада ауданда ғұмыр кешіп жатқан ұлт өкілдеріне дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Спорттық шаралар жұртшылық назарына ұсынылды. Жиында аудан әкімі Азамат Аужанов жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мәдениет саласының өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй шертті.
Абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар өздерінің шынайы лебіздерін жеткізіп, ақ баталарын берді. Сонымен қатар мерекенің тиісті деңгейде өтуіне мұрындық болған мешіт ұжымы мен халықтың көңіл күйін көтеруге үлес қосқан мәдениет қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша облыстық «Аймағамбет Спанұлы» мешітінде биыл да қасиетті Рамазан айы ұйымшылдықпен басталды.
Жаңадан пайдалануға берілген асханаға халық көп жиналды. Онда Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет мұсылман бауырларымызды Оразаның алғашқы күнімен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына молшылық, ырыс-береке, ынтымақ пен ізгілік тіледі.
Ауызашарды облыс орталығында тұратын қырғыз ағайындар беріп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Бір тоқтала кетер жай, биылғы Ораза ұстаушылардың қатарында жастар көп. Бұр әрине, бәрімізді қуантады. Елімізде дініміз мен салт-дәстүрімізге деген бетбұрыстың арта түскендігін көрсетеді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жамағаты мен ұстаздары бүлдіршіндердің арасында «Қош келдің Рамазан» атты кеш өткізіп, онда таным көкжиегін кеңейтетін сұрақ-жауап ойындары жүргізілді.
Сонымен қатар алдағы Әз Наурызға байланысты ұлттық ойындар ұсынылып, мерекелік дастарқан жайылды. Содан кейін барлық қатысушыларға сый-сияпат жасалды.
Ұлыстың ұлы күні молшылық пен береке алып келсін! Әр отбасының бақыты болып табылатын балалардың жүзінен қуаныш күлкісі кетпесін.
Қостанай облыстық мешітің баспасөз қызметі
Бұдан бұрын жазғанымыздай, РАНТ мүшесі, Атыраудағы «Иманғали» мешітінің ұстазы Олжас Ысқақов облысымыздағы сапарын одан әрі жалғастырды.
Биыл 130 жылдығын атап өткелі отырған қалалық «Марал ишан» мешітіндегі жамағаттармен жүздесіп, жұма намазында мағынасы терең уағыз айтты.
Содан кейін кеншілер шаһары Рудныйда болып, байырғы оқу орны Ыбырай Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжге ат басын бұрып, ондағы білім алып жатқан студенттермен кездесті.
Ол осы сапарында аталмыш қаладағы «Нұр» мешітінде жиналған қауыммен «Дұға мұсылманның қаруы» деп аталатын тақырыпта әңгімелесіп, келген мақсатын жан-жақты түсіндірді. Жұртшылық оның тәрбиелік мәні зор ой-толғаныстарын ерекше ден қойып тыңдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен бекітілген "Ислам және ізгі қоғам" жылы аясында дініміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінуде.
Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде жуырда Жангелдин аудандық "Оспан қожа әулие " мешітінде ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткізілді. Оған қатысушылар гір тасын көтеруден, садақ атудан, қол тірестен, асық ойынынан бақтарын сынады.
Ұлыстың ұлы күні құрметіне жиналған жамағат Наурыз көжеден дәм татты. Жергілікті бауырларымыз сайысты ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білідірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алтынсарин ауданы Щербаков ауылындағы «Тойғанша ана» мешітінін діни қызметкері Медет Өтепқалиев жергілікті Мәриям Хакімжанова атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларына тәрбие сағатын өткізді.
Онда Қазақстандагы халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлік жайлы насихат айтылды. Жиын соңында оқушылардың сауалдарына толыққанды жауап берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед мешітінде қыз балаларға дәріс беруші ұстаз Айнұр Болатқызының ұйытқы болуымен тағылымы мол шара өткізілді.
Бұл «Қош келдің Рамазан» атты жиында алпысқа жуық жас бүлдіршіндерге дастарқан жайылды. Оларға сыйлықтар табыс етіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылды.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы басқосу өскелең ұрпақ өкілдерінің көңіл-күйлерін көтерді. Жүздерінен күміс күлкі сезіліп, мәз-мәйрам болысты. Сөйтіп, бүлдіршіндер көктемгі шуақты мерекенің келгендігін айқын сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы аталмыш жылдың аясында «Дін мен дәстүр» сабақтастығы негізінде қалалық «Марал ишан» мешітінде Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай «Дін – діңгегім, дәстүр – тірегім» атты ұлағаты мол ұлттық спорттық ойындар өткізілді.
Мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы ұйымдастырылған іс-шаралардың мақсаты жайлы түсіндіре келіп, ұлтымыздың құнды қазынасы салт-дәстүрімізді өскелең ұрпақтың санасына сіңіре беру қажеттігін айтты.
Жиналған қауым арқан мен өгіз тартысты, қол күресті тамашалады. Қазақ жігіттері тыңғылықты әзірлікпен келгендіктерін көрсетті.
Сайыста дараланған жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Келген жамағат ыстық көже мен дәмді бауырсақтан дәм татты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі