Лисаков қалалық "Әбдіхаим Саламатұлы" мешітінің Бас имамы Әкімбек Асановтың ұйымдастыруымен Қасиетті Рамазан айында мешіт қызметкерлерінің балаларына ойын-сауық шарасы өткізіліп, оларды үлкен қуанышқа бөледі.
Бұл қызықты басқосуда балдырғандарға "Рамазан тәттісі" қоржыны тапсырылды. Оларға басқа да дәмді сусындар берілді. Осылайша біздің болашағымыз болып табылатын бүлдіршіндер де Ораза айының қасиеті мен шапағатын айқын сезінді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рамазан айында Науырзым ауданында «Пайғамбарыма (с.ғ.с) салауат» яғни жамағат арасында салауат шариф айтудан жарыс өткізілді. Оның қорытындысы Қасиетті қадір түні көпшілік алдында айтылып, жеңімпаздарға мадақтама қағаздар тапсырылып, сый–сияпат жасалды.
Ер балалар 28 мың салауат айтса, қыз балалар 11 206 салауат шариф оқыды. Сонымен қатар Қадір түні мешітке келген жамағаттарға Сира, сахабалар өмірінен, ислам тарихы, Оразаға қатысты сұрақтар қойылып, тиянақты жауап берген кісілерге сыйлықтар тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биылғы Қадір түні облыстық мешітте тыңғылықты дайындықтың арқасында жоғары деңгейде өтті. Сөздің орайы келгенде имандылық ордасында қызмет атқаратын барша қызметкерлердің біліктілік пен ұйымшылдық танытқандығын айтып өткеніміз лазым.
Алдын-ала жасалған бағдарламаға сәйкес Құптан, Тарауих, хатым дұғасы оқылды.
Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбеттің «Мың айдан қайырлы-Қадір түні» тақырыбындағы уағызы көпшілікке терең мазмұны және танымдық-тағылымдық жағымен ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, осынау кеште Бас имам шәкірттерге сертификат табыс етті. Қасиетті Рамазанның барысында білімділігімен жерлестерімізді баурап алған Қариға бата беріп, ежелден келе жатқан ата-дәстүріміз бойынша иығына шапан жапты. Басқа да сый-сияпат жасады.
Қадір түнінде жастардың дүниетанымын кеңейту мақсатында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Содан кейін «Рамазан - күнәларға кешірім айы» атты орыс тіліндегі уағызды да жамағат ұйып тыңдады.
Кештің соңында «Қаза және Тасбих» намазы оқылып, сәресі ішілді. Үлкенді-кішілі қауым таң намазына жығылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізде біраз жылдан бері «Ел үлесі – пәтерге» жобасы қолға алынып, қаншама баспанаға мұқтаж адамдар үйлі-жайлы болды. Бұл аса маңызды қайырымды іс біздің өңірде де нақты жүзеге асырылуда.
Мәселен, осы қасиетті Рамазан айында екі үй көмекке мұқтаж жандарға тапсырылып, «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері олардың қуаныштарына ортақтасты.
Мысалы, 638-ші үй Әуликөл ауданына қарасты Қазанбасы бекетінде тұратын жалғыз басты мүгедек әйел Күлпаш Балғабаеваға тапсырылды.
Ал, 639-шы үй Қарасу ауданының Қойбағар бекетінде ғұмыр кешіп жатқан бауырымыз Нұрбол Құрманғалиға берілді.
Баспанаға зәру кісілерге дер кезінде қол ұшын созып, жомарттық танытқан демеушілерге Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Науырзым ауданының ақсақалдары «Darhan dala» жобасын насихаттау мақсатында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде болды. Олар Астана қаласынан әкелінген «Алтын адамның» көшірмесі, өзге де қазақ халқының ежелгі жәдігерлері және тарихи құнды естеліктерімен танысты.
Сондай-ақ, ұлтымыздың ұлы тұлғалары Шоқан Уәлиханов Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсыновтардың және көрнекті ақын-жазушылардың жеке бұйымдарын көзбен көріп, көңілдеріне түйді.
Науырзымдықтарды облыстық ардагерлер кеңесі мен экспозициялық көрменің қызметкерлері жылы жүзбен қарсы алып, ілтипат танытты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне әр аптаның жұма күндері өңірдегі аудандарды қосқанда, 300-дей отбасына «Рамазан қоржыны» тапсырылды.
Онда күнделікті тұрмыста қолданатын азық-түлік салынған себеттер көп балалы және көмекке мұқтаж отбасыларына таратылды. Сонымен қатар облыстық мешіттің жамағаты, намазхан әрі қажы Зауыр Итаев 30 кісіге зекет табыс етті.
Бұл орайда «Зекет және қайырымдылық» қорының жетекшісі, облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан қажы Икрам басқаратын қызметкерлердің ұйымшылдық пен іскерліктің үлгісін көрсеткендігін ерекше атап өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен Алтынсарин ауданындағы «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінде болды.
Ол аталған имандылық ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Ораза айына байланысты жайылған ауызашарға қатысып, жамағатпен жүздесті. Онда жұртшылыққа қазіргі таңдағы өзекті тақырыптарды қозғап, ұлағаты мол уағыз айтты.
Мешітте бас қосқан жамағат мазмұны терең уағызды мұқият тыңдап, Бахытбек Нұрғабылұлына өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде қасиетті Қадір түні халық көп жиналды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деген. Адамзатты бір-біріне жақсылық, мейірімділік пен қайырымдылық жасауға шақырған.
Осы сауабы мол түннің құрметіне облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов имандылық ордасында ауызашар берді. Онда ол жиналған қауымды Рамазан айымен шын жүректен құттықтады. Жастар жағы дінімізге ерекше бетбұрыс жасап жатқанына тоқталып, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етіп, ынтымақ пен бірліктің нағыз үлгісін көрсету керектігін айтты.
Сондай-ақ, жиында есімі көпке белгілі азамат, қоғам қайраткері Сабыржан Ахметов те сөз алып, жерлестерімізге ең ізгі тілегін білдірді. Жайылған дастархан басында Құран оқылып, бата жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата"мешітінің ұжымы талай игі істерге мұрындық болып келеді. Олардың ұйымдастыруы және жанашыр азаматтардың демеушілігімен көмекке мұқтаж 3 отбасы қамқорлыққа алынды.
Осы жанұяларда тәрбиеленіп жатқан 16 баланың мектепке баратындарына жаңадан аяқ киім, көктемгі куртка, шалбар алып берілді. Осы киім-кешекке 75 мың 800 теңге жұмсалды.
Жанашыр жандардың нақты қолдауын көрген бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жанып, қуанышқа кенелді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті көпсалалық колледж студенттерімен кездесті. Жүздесу барысында Рамазан айы қадір-қасиеті мол берекелі ай екенін жастарға түсіндірді.
Білім нәрімен сусындап жатқан студенттер Оразаға байланысты өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тиянақты жауап алды.
Басқосудың соңында аталған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Жақанұлы имамға мазмұнды да мағыналы әңгімесі үшін алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі