Бүгін Қостанай облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешіті жанынан мүфтияттың студенттерге арналған қайырымдылық негізде салынған жатақханасы ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен жергілікті ақсақалдар арнайы қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Бас мүфти Қостанай халқын қуанышпен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«ҚМДБ жұмысының басты бағытының бірі діни оқу-ағарту, сауат ашу болса, екінші жағынан біз қайырымдылық жұмыстарын да тыс қалдырған емеспіз. Жыл басында бағдарлық баяндамамда облыс имамдарына бірқатар тапсырма жүктедім. Соның ішінде биыл аймақтарда қайырымдылық негізде мүфтият жатақханаларын ашу тапсырылды. Білесіздер, қазіргі таңда жоғары оқу орындары жанындағы жатақханаларда орын тапшылығы байқалады. Одан бөлек әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үлкен қалаларда қиналып, пәтер іздеп жүреді. Осындай әлеуметтік мәселелерді ескере отырып мүмкіндігінше қайырымдылық негізде студенттерге арналған жатын орындары бар ғимарат салу, ашу тапсырылды. Алла Тағала осы іске тамшыдай болсын үлес қосқан баршаңызға сауаптан жазсын» деді Бас мүфти.
Жаңа нысанды таныстырған облыс имамының сөзінше мешіт жанындағы жатақханада оқу корпусы болады. Қазіргі таңда 30 бала жатып оқитындай мүмкіндік бар. Келесі жылы 2 қабатты нысанның құрылысы бітсе, оған 70 бала қамтылады. Жалпы алғанда 100 студент жақсылығын көргелі отыр деді облыс имамы Бақытбек Нұрғабылұлы.
Жатақхананың ашылуына келген облыс ақсақалдары да қуанышқа ортақтасып, батасын берді. Кейін қонақтар қайырымдылық негізде салынған жатақхананы аралап, кітапхана, асхана, жатын орындары мен тазалық бөлмелерін аралап толық танысты.