Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.
Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы сәуірдің 24-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет. Пайғамбарымыз да (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари). Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз адамдардың бір-бірін Рамазан айының келуімен құттықтау, шариғатымызда құпталған амал екендігіне негіз болмақ. Салман Фариси атты сахаба (р.ғ.) былай дейді: «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айының соңғы күндерінде айтқан құтбасында бізге былай деді: «Ей, адамдар, ұлы және қасиетті ай жақындады, төбелеріңе көлеңкесі түсті. Бұл айда мың айдан да қайырлы Қадір түні бар. Алла сол қасиетті айдың күндізінде оразаны парыз қылды, түндерінде нәпіл намазын заңдастырды. Бұл айда үлкенді кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау – басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі. Бұл ай – Алла үшін аштық пен шөлдің, құлшылық пен тағаттың машақаттарына сабыр мен төзімділіктің айы. Сабырдың қайтарымы – жұмақ. Бұл ай – жәрдемдесу айы. Бұл ай – мүміндердің ризығын арттыратын ай. Бұл айда кім ораза тұтқан мүмінге аузын ашатын бір нәрсе беретін болса, жасаған бұл ісі күнәларының кешірілуіне және тозақтан құтылуына себеп болады. Ораза тұтқан адамның сауабы азаймастан, соның алатындай сауабына ие болады»,- деді. Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер адам баласы Рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді»,-деген.
Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.
Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам - сенімнің жартысы»-деген. Оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткім келеді.
Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммедтың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да үмбетіне, яғни біздерге де Рамазан айында бір ай ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етілді. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).
Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ қарап, соның себебінен ғибадаттан, Раббымыздың рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.
Ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың – хижра жыл санауы бастау алады. Сол хижраның 2 жылы Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап, барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазанда бір ай бойы ораза тұтып келеді.
Ораза тұтатын айды толық түсіндіріп, баяндау үшін, Алла Тағаладан мына аят нәзіл болды: «/Сендерге/ санаулы күндерде /ораза тұту міндеттелді/. Ал сендерден кім ауырып қалса не жолаушы болса, онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Ораза тұтуға қиналатындар /қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ фидия ретінде бір міскінді тамақтандырсын. Ал кім /өз еркімен/ қосымша бір жақсы іс жасаса, ол өзі үшін хайырлы. Егер білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін қайырлы. Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол және ақиқат пен жалғанды ажыратудың анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген. Сендерден кім бұл айда болса, ораза ұстасын. Ал кім ауырып қалса немесе жолаушы болса онда /ұсталмай қалған оразаның қазасын/ басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, Ол сендерге қиыншылық қаламайды. Әрі санын толтырыңдар және Алланы ұлықтаңдар – сендерді тура жолға салғаны үшін және шүкір етулерің үшін». ( Бақара сүресі, 184 аят)
Оразаны парыз ететін шарттар:
Рамазан айындағы оразаның үкімі - парыз айн (адамның жеке өзіне міндет болған парыз).
Оразаны атқаруға қабілетті қылатын шарттар:
Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».
Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар
Оразаның мұстахабтары (әдептері)
Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:
Оразаны бұзатын істер
Ал кімде-кім, ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім, ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.
Егер кімде-кім, жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.
Рамазан айының артықшылығы
Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат! Алла Тағала алдымызда келе жатқан мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!
Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша бас имамы
Облысымыздағы Федоров ауданындағы «Жиентай қажы» мешітінің ұжымы да қайырымдылық мақсатында бірқатар шараларды өткізіп, жұртшылықтың алғысына бөленуде.
Жақында ғана ауданның Бас имамы Е. Тілегенов, Успенов ауылының молдасы Т. Халидолда көпбаллы және жалғыз басты аналарға қаржылай көмек көрсетті.
Олардың азаматтық қасиеттеріне аналар дән риза болып, шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдірді.
Қостанай облысы Меңдіқара ауданының азаматтары осы ауданның жаны жайсаң тұрғыны Нұрлан Жармағанбетовты ерекше құрмет тұтады. Оның да өзіндік себептері бар.
Үстіміздегі жылы облысымызда қар қалың түскен еді. Ал Нұрлан бауырымыз өзінің жеке тракторымен қыс басталғанынан аяқталғанша мешіттің айналасын қардан тазартып, өзінің Алланың үйі мешітке нағыз жанашыр екендігін көрсете білді.
Оның адал еңбегіне аудандық Зұлқарнайұлы Мұса қажы мешітінің қызметкерлері мен жамағаттары алғыстарын жаудырып, ісіне береке тілейді. Мұдай істі халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Сол нұр тасып басқалардың да жақсылық істеуде жарысударына себепші болса екен.
Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет қайырымдылық шарасын ұйымдастыру жөнінде үндеу жариялағаны белгілі.
Осынау үндеуді «NurOtan» партиясы қолға алған «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясын басшылыққа алған, мешіт имамдары көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларғажәне жалғызбасты қарияларға жанашыр болу, оларға жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іс деп түсінеді.
Таяуда Әулиекөл «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Сейілханұлының игі бастамасын аудандық мешіт, Аманқарағай, Москалев ауылдары мен Құсмұрын кенті намазхандарының имамдары мен молдалары қолдады.
Сөйтіп, 100-ден астам бетперде тігіліп, халыққа тегін таратылды. Осылайша ауданның дін қызметкерлері жерлестерінің алғыстарына бөленді. Мұндай сауапты іс жалғасын таба бергей.
Қазіргідей қиын жағдайда жүрегінде иманды кісілер барымен бөлісуге дайын тұратындығы белгілі. Қайырымдылық қасиет жасқа қарамайтындығын өмір көрсетіп отыр.
Мәселен жақында Алтынсарин ауданының жастары мен мешіт жамағаттары басқаларға өнеге боларлықтай шара ұйымдастырды. Олар біріге отырып, күн көрісі төмен жанұяларға қол ұшын созды.
Жүрегі жомарт жандар қамқорлыққа мұқтаж 12 отбасына 3 қой сойып, әр шаңыраққа 3 литрден сұйық май, 5 келіден ұн, 3 келіден ет таратты. Осы игі іске Бейбіт Қойшыбайұлы, Нұрзат Қабиев, Ұлан Ахметов, Нұрсұлтан Шүленов ұйытқы болды.
Осындай жомарт азаматтарға Алла Тағаланың нұры жаусын дейміз.
Қазақ халқы ежелден мейірімді әрі дарқан. Олардың бойына сіңген асыл қасиеттердің қатарында жабырқаған жандарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсету де бар.
Жуырда Әулиекөл ауданының Әмит ишан мешітінде еліміздегі орын алған төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясы қолға алған «Біз біргеміз» акциясы жалғасын тапты.
Осынау игі шараны ашқан ауданның Бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов Қасиетті Шағбан айында қайырымдылыққа мұқтаж жандарға қамқорлық жасау мақсатында игілікті істі қолға алғандықтарын айтып өтті.
Бұл бас қосуда мешіт қызметкерлері әлеуметтік жағынан аз қамтылған он отбасыға азық-түлікті үлестірді. Қайырымдылыққа дән риза болған отбасылар шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді.
Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген COVID-19 жұқпалы дерті көптеген елге тарап үлгерді. Әлемде бұл індетті жұқтырған адам саны 1 миллионнан асты, 60 мың адам дүние салды. Бұл жағдай бізді де алаңдатып отыр.
Баршамызға белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі еліміздегі төтенше жағдайға байланысты шариғаттағы зәрулік үкімін негізге алып, жамағат арасында жұқпалы індеттің тарап кетпеуінің алдын алып, мешітте жұма және жамағатпен оқылатын намаздарды уақытша тоқтату туралы пәтуа шығарды.
Еліміздегі мұсылман қауымы бұл пәтуа мен ҚМДБ-ның қосымша нұсқауларын түсіністікпен қабылдап, бойұсынуда. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықты сабырға шақырып, сындарлы сәтте дұға жасап, ізгі амалдар санын арттыруға үндеді. Өзі де бастамашыл ниет танытып, бүкіл дін қызметкерлерін мүмкіндігінше қасиетті Құранды хатым етуге шақырды. Бас мүфти республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран хатым ету рәсіміне қатысып, бата жасап, дұға етті. Алла қабыл етсін деп тілейміз.
Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері республикалық «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж отбасыларға көмектесіп, алғысын алуда. Моралдық һәм материалдық тұрғыда жасалған бұл көмек көптеген отбасыға қуаныш сыйлап, жігерін оятып, көңіліне демеу болғанын айта кеткеніміз абзал.
Жанға демеу болған бастаманың бірі – Бас мүфтидің кезекті үндеуі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барша мұсылман қауымын Аллаға дұға етіп, ең кемінде 100 истиғфар және Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға шақырып, арнайы Үндеу жолдады.
«Барша жамағатты осы үндеуді қолдап, еліміздің амандығын сұрап, жұқпалы дерттен тезірек айығу үшін 3 сәуір жұма күні, бесін намазынан кейін «100 истиғфар және 100 салауат» немесе одан да көбірек айтып, дұға жасауға шақырамыз. Жаратқан Алла халқымызға амандық берсін, науқас жандардың тезірек айығып кетуін және мешіттерімізге қайта қауышуды нәсіп етсін. Әмин!» делінген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ел мұсылмандарына жолдаған Үндеуінде.
Қасиетті жұма күні әдебиет, тарих, өнер, дін, журналистика, т.б. саладағы белгілі тұлғалар мен еліміздегі жалпы жамағат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Үндеуін қолдап, үн қосты.
Бас мүфти бастамасын қолдаған тұлғалар әлеуметтік желіде халықты игі іске үн қосуға шақырып, ізгі тілегін жолдады. Қоғамды истиғфар мен салауат айтуға шақырған ақындар мен журналистер өсиетті өлең жырларын жариялады.
Бас мүфти «24 Хабар» телеарнасына берген сұхбатында сындарлы сәтті сауапқа айналдыру қажеттігін атап өтті. «Карантин кезінде сабыр сақтап, бұл уақытты жақсылықпен өткізуге тырысқанымыз абзал. Бұрын күйбең тірлікпен қолы тимей жүрген көптеген ата-ана қазір ұл-қыздарының қасында. Бірге құлшылық жасап жатқандар да бар. Бірге кітап оқып, уақытты тиімді пайдалануда. Ал насихат тыңдаймын деген жандар үшін де мүмкіндік мол. Біз қазір онлайн режимде уағыз айтып, тәулік бойы жұмыс істейтін call-center арқылы жамағаттың сауалына жауап берудеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы өз сұхбатында.
Расында, біз истиғфар мен дұғаны көбейтсек, Алла Тағала түрлі апаттар мен сынақтарды, жұқпалы індеттерді ортамыздан алыс етеді. Бірде бір кісі Әлиден (оған Алла разы болсын) құрғақшылық пен ашаршылыққа, ауру мен түрлі сынаққа тап болғанын айтып, кеңес сұрайды. Сонда саңлақ сахаба истиғфарды көп айту қажеттігін жеткізген.
Бір кісі біраздан бері перзентті бола алмай жүргенін айтады. Сол кезде де Әли (оған Алла разы болсын) истиғфарды көбейтуді жеткізеді. Осы жағдайларды көріп тұрған бір кісі сахабадан: «Сіз түрлі сұрақпен келген барлық адамға истиғфар айту қажеттігін жеткіздіңіз. Мұның сыры не?» – деп сұрайды. Сонда Әли (оған Алла разы болсын) «Нұх» сүресіндегі: «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Ол өте кешірімді. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жаудырады. Әрі дәулеттеріңді арттырып, ұрпақтарыңды көбейтеді. Сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады», – деген аяттарды алға тартады. Расында, мұсылманның ең мықты қаруы – дұға.
Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтауға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал келетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.
Барша мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге және Алла Тағалаға мінәжат етіп, истиғфар айтып, дұға етуге шақырамыз. Алла Тағала баршамызға разы болып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Әмин!
Жақия қажы АБДУЛЛАҰЛЫ,
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы
Нұр-Сұлтан қаласы