Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толды. Осы мерейтойға байланысты өңірімізде бірқатар игі істер жүзеге асырылуда.
Осы орайда Қостанай облыстық орталық мешіті бастап өңірдегі Рундвй қаласының «Нұр», Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы», Денис ауданындағы «Жұма» мешітінің ұжымы абаттандыруды бастады.
Осылайша үстіміздегі жылы облыс бойынша 30 мешіт тарапынан мерейтойға сый ретінде 30 түптен 900 ағаш отырғызылатын болады.
Мұндай ігі шаралар аясында алдағы уақытта Әулиекөл ауданында халық қатынасы үшін кұрделі жөндеуді қажет етіп тұрған көпір де ел игілігіне ҚМДБ тарапына ұсынылатын болады.
Науырзым аудандық «Түркебай» мешітінің Бас имамы Есет Сейтқалиұлы қасиетті Рамазан айы тиісті деңгейде өткізілуін басты назарда ұстауда. Сондықтан да болар бас имам «Ішімдіксіз Рамазан» деген тақырыпта жергілікті халыққа үндеу жариялаған болатын.
Дін қайраткерінің бұл бастамасы аудан жұртшылығы тарапынан қолдау тапты. Бұл айда мұсылман бауырларымыз дастарқандарына арақ шарап қоймайды. Өздерін одан аулақ ұстайды.
Жергілікті азаматтар мен азық түлік дүкен иелері де «Арақ атадан қалған ас емес» деген қағиданы берік ұстануда. Оның орнына жүрегі жомарт жандар ауыз ашар кезінде мейірімділік пен қайырымдылық танытуды өздерінің басты парызы санайды.
Науырзымдықтардың осынау игі бастамасы барлық жерде қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді.
Бас имам «Осынау жылына бір рет келетін қасиетті айда жат қылықтан аулақ болайық дегіміз келеді. Сауапты істеріңіз көп болсын» деген тілегін білдірді.
Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде көмекке мұқтаж кісілерге қол ұшын беруге ниет еткен азаматтардың, жамағаттардың және «Елорда» қайырымдылық қорының қолдауымен ізгілікті шара өткізілді.
Жиналған қаржыға көп балалы ана Гүлмира Мұхамбетжановаға Арқалық қаласы, Баймағамбетов көшесінде орналасқан 30-шы үйден төрт бөлмелі пәтер берілді.
Бұл баспананың кілтін аталған мешіттің найб имамы Балғабай Шәйкемелов табыс етті. Киелі Рамазан айының басында үлкен қуанышқа кенелген алты баланың анасы шынайы алғысын жаудырды.
Осылайша жүрегі мейірімді жандар үлкен сауапқа бөленді. Олардың жолы қашанда ашық болсын!
Халықтың ыстық ықыласына ие болған Шоқан қажы Әмірханов басқаратын «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы да «Біз біргеміз» акциясының аясында қайырымдылық шараларын өткізуде өзгелерге өнеге көрсетуде.
Мәселен, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында үстіміздегі жылдың 27 сәуірі мен 6 мамыр аралығында 1 355 720 теңге қаржы жиналды.
Ең алғашқы екі рет ұйымдастырылған акцияға 631 127 теңге қаржыға70 қапшықтан тұратын азық-түлік алынды. Жиналған қаржының қалған бөлігі де мамыр айындағы мерекелерге дейін қайырымдылық шараларына жұмсалды.
Жалпы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 70 отбасыға көмек көрсетілді. Осылайша мешіт қызметкерлері қаншама жандарға қол ұшын созып, олардың қуанышына ортақтасты.
Бақытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша бас имамы болып қызмет атқарып келе жатқанына көп уақыт өтпесе де өңір жұртшылығының құрметіне бөленді.
Жан-жақты білімді азамат облыстағы аудандар мен қалалардың мешіттерінде болып, жергілікті халықпен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жақында ғана Алтынсарин ауданына ат басын бұрды. Мұндағы Алдиярұлы Жанұзақ мешітінің жағдайымен танысты.
Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы еліміздегі діни басқармаға 30 жыл толды. Соған орай мерейтойдың құрметіне 30 игі шара өткізіліп жатқаны баршаға аян.
Бас имам аталмыш мешіттегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудандағы дін қызметкерлері және жамағатпен жүздесіп, алда тұрған өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
-Дін қызметкерлерінің басты міндеті-қазіргі қиын кезде халықтың жанынан табылу, қасиетті Рамазан айында көп балалы, әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасыларға қолдан келгенше қайырымдылық көмегін жасау, -деді Бақытбек Нұрғабылұлы.
Жақында Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінде өзгелерге өнеге болатындай шара ұйымдастырылды. Оның танымдық-тәрбиелік мәні жоғары болды.
Қасиетті Рамазан айының жұма күнінде мешіт ұжымы аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігмен «Біз біргеміз» акциясына өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Мысалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 отбасыға азық – түлік таратты.Ол жалпы 60 мың теңгені құрады.
Мынау тіршілікте адамның қуанышын көруден артық бақыт жоқ. Қайырымдылық шарада көрсетілген көмекке дән риза болған отбасылардың айтар алғысы шексіз.
Көпшілікке мәлім, еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты биылғы жылғы Рамазан айы ерекше өтіп жатыр. Бұрынғыдай ауыз ашар беруді жылдағыдай мешіт асханаларында, дәмханаларда ұйымдастыру уақытша тоқтатылған.
Жұртшылықтың есінде болар, бұл орайда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде «Мешіттеріміздің есіктері жабылғанмен жақсылықтың, сауаптардың есігі ешқашан жабылмайды» - деген болатын.
Міне Арқалық қаласындағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бастамасымен «Ауызашар қоржыны» деген атпен қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Ауызашар сауабын алғысы келетін ықыласты жандардың демеушілігімен олардың қаражаттарына ауыз ашар пакеттері жасалып, үлестірілді.
Мешіт шәкірттері үйді-үйге таратуға белсене атсалысты. Жүрегі жомарт кісілер мен мешіт қызметкерлеріне Алланың нұры жауа берсін дегіміз келеді.
Жуырда Науырзым ауданы «Түркебай» мешітінің ұйытқы болуымен қасиетті Рамазан айының құрметіне «Біз біргеміз, тілегіміз ортақ» -атты қайрымдылық акциясы өткізілді.
Мешіт ұжымы аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен, қолдауды қажет ететін көп балалы 10 отбасына азық-түліктен көмек көрсетті. Әрине, сол кездегі жанұя мүшелерінің қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын.
Сауабы мол қайырымдылық акциясына бастамашы болған бас имам Есет Сейтқалиұлының бұл жауапты қызметке тағайындалғанына көп болмаса да іскерлік қырларымен жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленгенін атап өткеніміз жөн.
Ол қысқа мерзім ішінде талай қайырымдылық шараларға өзінің тікелей ықпалын тигізді. Әрдайым адам баласы айналасындағыларға қол ұшын беріп, қиын кездері жандарынан табылуға тиіс деп есептейді.
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы да қайырымдылық шараларды өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұл орайда бас имам Асылхан қажы Түсіпбектің ұйымдастырушылық қабілеті де өзгеге өнеге боларлықтай.
Өткен күндері де қайырымдылық мақсатында бірқатар істер атқарылды. Нақты дәлел келтіретін болсақ, ауданда 1 ірі қара мал сойылып, көмекке мұқтаж 24 көпбалалы отбасыларға таратылып берілді.
«Алғыспен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген қағиданы берік ұстанған дін қызметкерлеріне қаншама қолдау көрген шаңырақ иелері үнемі алғыстарын жаудырып келеді.