Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Нұрлан Сейдағалиевтің ұйымдастыруымен «Қош келдің, Рамазан!» атты Мұхаммед пайғамбарымыздың 40 хадисін жатқа оқудан шәкірттер арасында сайыс өткізілді.
Бұл шәкірттерге берері мол байқау Бас имам Шоқан қажы Әмірхановтың сөзімен басталды.
Жарысқа Қостанай облыстық мешітінен - 4, Рудный қаласының «Нұр» мешітінен - 4, Қостанай ауданының «Маңдай батыр» мешітінен - 2 және «Жайлаубай ата» мешітінен 5 талапкер қатысып, бақтарын сынады.
Сайыс негізінен 3 бөлімнен тұрды. Онда шәкірттер тест сұрақтарына жауап берді, хадисті жатқа айтып, жазды.
Жарыс болған жерде жеңімпаз болары да белгілі. Барлық сынақтан сүрінбей өтіп, топ жарған Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің шәкірті Рамазан Маханбет жүлделі орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің шәкірті Айбек Ормаров иеленді.
Сонымен қатар, жүлделі қос үшінші орындарды облыстық мешіттің шәкіртері Бекжан Сақыбеков пен Абылай Хайруллалар өзара бөлісті.
Жеңімпаздар арнайы мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.