Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде ауыл молдаларының жиыны болып өтті. Онда Бас имам Нұрбол Исламұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылға бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» бойынша және негізгі бағыттарын түсіндірді.
Сондай-ақ, қазіргі таңдағы өзекті мәселе «Ас беру мәдениеті» және «Зират және зиярат мәдениеті» жөнінде халыққа жан - жақты насихаттауды жалғастыру жайлы айтылды.
Басқосуда молдалардың жұртшылықпен сөйлесу мәдениеті, киім кию әдебін сақтап, жамағатты үнемі ауыз бірлікке шақырып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ету қажеттігі сөз болды.
Жиыннан кейін мешіт асханасында дастархан жайылып, Аманқарағай ауылының молдасы Серікбай қажының 70 жасқа толуына орай әріптестері жылы лебіздерін білдірді. Нұрбол Балахмет қазақы дәстүр бойынша оның иығына шапан жауып, оған дін саласында атқарып жатқан қызметіне сәттілік тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы қасиетті Шағбан айындағы Бараат түнінің құрметіне жамағаттың басын қосты. Оған Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықов арнайы шақырылды.
Көпке танымал дін қызметкері мазмұнды да мағыналы уағыз - насихат айтып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жайылған дастарханнан дәм татылған соң құптан намазы оқылды.
Сондай-ақ, аталмыш имандылық ордасында қайырымдылық мақсатында есте қаларлық шара ұйымдастырылды. Қасиетті «Бараат түні» құрметіне орай көп балалы отбасыға азық-түліктей де көмек жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялағаны белгілі.
Соған орай Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің үйымдастыруымен салауатты өмір салтын жандандыру мақсатында волейболдан қала аралық «Дені саудың - жаны сау» атты жарыс өткізілді.
Оған облыстық «Аймағамбет қажы», қалалық «Марал ишан» және «Жайлаубай ата», Қостанай аудандық «Маңдай батыр», Рудный шаһарындағы «Нұр» мешіттерінің командалары қатысты.
Жарыстың қорытындысында бірінші орынды «Нұр», екінші орынды «Маңдай батыр», үшінші орынды «Жайлаубай ата» мешіттері иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық тапсырылды.
Асханада сайысқа қатысушылардың құрметіне дастархан жайылды. Онда облыстық мешіттің найб имамы Әлішер Балахмет пен ұстаз Нұрлан Сейдағалиев уағыз айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Жангелдин аудандық «Оспан қожа әулие» мешітінің жамағаты ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында ат спортынан жарыс ұйымдастырды.
Ол жергілікті ағайындардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бәйгеде жасөспірімдер тай және құнан жарыстарынан бақтарын сынады.
Жарыс болған жерде жүлдегерлер топ жаратындығы белгілі. Дараланған жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Әңгіменің орайы келгенде аталған мешіттің Бас имамы Аян Хасенов пен демеушілердің үлкен қолдау көрсеткендігін айтып өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөліп, мейірім шуағы мен жан жылуын төгетін ардақты аналарға қандай ілтипат жасасақ та әбден жарасады.
Міне, солардың қадір – қасиетін жете бағалайтын Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенгелді қажы Сақтағанұлының ұйымдастыруымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаныңда имандылық ордасында дастархан жайылды.
Осы өңірге белгілі ақ жаулықты әжелеріміз бен апаларымызды жылда бір келетін ерекше мейрамымен құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Аудан әкімінің орынбасары Фархад Балашов жиналған аяулы жандарға шынайы лебізін білдіріп, дендеріне саулық, отбастарына баянды бақыт тіледі.
Бір тоқтала кетер жай, басқосуда ұршық иіріп, көпшілікті тәнті еткен қолы шебер апаларымызға сый-сияпат жасалды. Жергілікті мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертті.
Сонымен қатар құрметке бөленген асыл әжелеріміз жергілікті мешіттің Бас имамы мен қызметкерлеріне ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Нұрлан Жұмабекұлы және Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұстазы Думан Сәндібекұлымен тағылымы мол кездесу ұйымдастырылды.
ЖАНТ аясында «Мәжбүрлі оңалту орталығы» емделушілерімен «Алланың рақымынан күдер үзбеу» тақырыбындағы бұл жиын қазақ және орыс тілдерінде өтті.
Онда дін қызметкерлері әңгіме арқауына айналған өзекті мәселені жан-жақты ашып, қатысушылардың сұрақтарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы жамағаттың қолдауымен «Мейірімді жұма» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Онда әлеуметтік жағынан аз қамтылған 3 отбасына азық -түліктей көмек көрсетілді. Шапағат нұрына бөленген жанұялар жүрегі жомарт жандарға шынайы алғысын білдірді.
Орайы келгенде Дархан Сыздықов басқаратын имандылық ордасының қызметкерлері қайырымдылық мәселесіне әрдайым айрықша көңіл бөліп келе жатқандығын атап өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жыл сайын өңіріміздегі мешіттерде ұлты мен ұлысына қарамастан барлық ардақты аналарымызға ілтипат таныту дәстүрге айналды. Осы орайда сөзіміз нақты болу үшін деректерге сүйенелік.
8 наурыз –Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің бас имамы Ерлан Тілегенов ақ жаулықты апаларымызға ақ дастархан жайды.
Оларға шын жүректен шыққан жылы лебізін білдіре келіп, есте қаларлықтай сый-сияпат көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы, Зекет және қайырымдылық қорының жетекшісі Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, өткен ақпан айында да бірқатар игі істер жүзеге асырылды.
Нақты деректер мен дәйектерге сүйенетін болсақ, өңір бойынша 40 қайырымдылық іс-шарасы өткізілді. Қолдауға мұқтаж 187 отбасына көмек көрсетілді. Осы мақсатқа 2883120 теңге жұмсалды.
Жиналған қаражатқа облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға азық-түлік, отын-су, киім-кешек, дәрі-дәрмек алып берілді. Сондай-ақ ақшалай да өтініш-тілектер қанағаттандырылды.
«Кең болсаң, кем болмайсың» дегендей, осындай шаралар облыс бойынша мешіттердің және ондағы демеуші жомарт жандардың арқасында атқарылды. Оған мұрындық болған жандарға Алла тағаланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен өңірімізде дін саласында тәжірибесі мол қос азамат жауапты қызметтеріне кірісті.
Мәселен, Денисов ауданына Азамат Серікбайұл Мурзаканов Бас имам болып тағайындалды. Ол осыған дейін Қостанай ауданы «Маңдай батыр» мешітінде найб имамдық жұмысты абыроймен атқарды.
Сондай-ақ, осы күнге дейін Денисов ауданының Бас имамы болған Руслан Жиенбаев Алтынсарин ауданы «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің Бас имамы қызметіне бекітілді.
Жаңадан тағайындалған дін қызметкерлері муфтияттың алға қойған нақты міндеттерін жүзеге асыруда іскерлік пен біліктілік танытады деген сенімдеміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі