Қалыптасқан дәстүр бойынша қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында өңірлік коммуникациялар алаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Тәжімбет журналистермен брифинг өткізді.
Онда белгілі дін қайраткері мұсылмандардың бұл мейрамында құрбандық шалу рәсімі үш күнге созылатындығы тілге тиек етті. Ал Қостанай шаһарының тұрғындары үшін Федоров ауданына баратын трасса бойындағы «Амиго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қасапханасында өткізілетіндігінен хабардар етті.
Жылдағы үрдіске орай мешіт ұжымы құрбандыққа шалынған малдың етін көп балалы мұқтаж отбасыларға таратып береді. Брифингте мұсылман бауырларымыздың тұрмыс-жағдайларына байланысты сойылатын түйе, ірі қара, қой, ешкілердің жасы мен қоңына дейін баяндалды.
Көпшілік мына жайдан да хабарлары болған жөн. Осы мерекеде сойылған малдың еті шариғат бойынша үшке бөлінеді. Оның бір бөлігі өз отбасына қалдырылады. Қалған екі бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне және көмекке зәру жандарға беріледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі