Жуырда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті ұжымының қолдауы және жанашыр жандардың демеушілігімен «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда көмекке зәру көп балалы отбасыларға 170 мың теңгеге азық-түлік алынып, оларға табыс етілді.
«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы берік ұстанған азаматтардың қасиетті Ораза айындағы ниеттері мен тілектері қабыл болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Науырзым аудандық «Түркебай ата» мешітінің Бас имамы Есет Сейітқалиұлы Жамбыл қазақ орта мектебінде «Жат ағымдар» тақырыбы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Онда қазіргі таңдағы бұл өзекті тақырып ұстаздарды бей-жай қалдырмады. Еліміздің жарқын болашағы болып табылатын шәкірттердің жат ағымнан аулақ болып, дәстүрлі ислам жолымен жүрулері үшін қандай маңызды іс-шаралар атқару қажеттілігі жөнінде сөз болды.
Әсіресе, жастар ғаламторда уақыттарын көп өткізетіндігі белгілі. Сондықтан оларға тиісті деңгейде бағыт-бағдар берілуі жайлы жан-жақты айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл да жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айында қайырымдылық іс-шарасын ұйымшылдықпен өткізуде.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас бір мысал келтіре кетелік. Жуырда жұма күні аталмыш мешіттің Бас имамының ұйытқы болуы және жамағаттың қолдауымен жасөспірім Мәулен Болатұлының еміне қажетті ақшалай қаражат оның әкесіне тапсырылды.
Сондай-ақ, Меңдіқара өңіріндегі кәсіпкерлер және Қостанай облыстық мешіті Зекет және қайырымдылық қорының еріктілерімен бірлесе отырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға азық-түлік салынған «Рамазан қоржынын» тапсыру да қолға алынды.
Ораза айында көмекке мұқтаж жандарға жүрек жылуын аямаған мейірімді бауырларымыздың ізгі мақсаттағы ісіне берекет берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл аудандық мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек ауданда бірқатар кездесулерге қатысып, қасиетті Рамазанға байланысты мазмұнды әңгіме қозғады.
Мәселен, кітапхана қызметкерлерімен өткен жүздесуде Ораза ұстау – әрбір мұсылманның басты парызы екендігін және оның адам баласына тигізер орасан пайдасы жайлы тілге тиек етті.
Сонымен қатар аудандағы жастар ресурсы мекемесі ұжымымен өткен кездесу де өте әсерлі өтті. Бас имам Рамазан айында мұсылман бауырларымыз мүмкіндігі болғанша айналамыздағы кісілерге жақсылық жасау керектігі және күнәдан аулақ болу туралы уағыз айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл аудандық мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек Тимирязев ауылындағы Омар ата мешітінде болды.
Ол Рамазан айына байланысты жайылған ауызашарға қатысып, жұртшылықтың қойған сауалдарына тұшымды жауап берді. Сондай-ақ имандылық ордасына Ораза жөнінде жазылған орыс және қазақ тіліндегі кітапты сыйға тартты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық "Жайлаубай ата"мешітінің үйымдастыруы және жанашыр жандардың демеушілігімен "Рамазан қоржыны" атты қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда көмекке мұқтаж 10 отбасыға 170 мың теңгенің азық-түлік өнімдері табыс етілді. Олар жүрегі жомарт азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында діни тұрақтылықты сақтау жөнінде насихат айтты.
Жиналған жамағатқа «Ізгі қоғамды қалыптастыру – әр адамның парызы» тақырыбында уағыз айта келіп, сөзін: «Уа, мүміндер! Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер», - деген ой салар аяттан бастады.
Сонымен қатар аятқа қысқаша түсіндірме берді. «Жүректі ізгілікке бөлейтін қасиеттердің бірі – қарапайымдылық пен кішіпейілділік, жанашырлық пен қамқорлық екендігіне, қоғамда адамдар бір-біріне қаншалықты кішіпейіл болған сайын олардың арасында соншалықты сүйіспеншілік, бауырмалдық, бірлік сынды қасиеттер берік қалыптасатындығына» тоқталды.
Содан кейін мешіт ұстазы Наурызбек Маратұлы Рамазан айының соңғы он күндігіндегі құлшылықтарға жан-жақты баяндады. Ол алдағы Қадір түнінің мұсылмандар үшін аса маңыздылығын тілге тиек етті.
Жиынның соңында жамағат көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы демеушілердің қолдауымен жұма күні «Рамазан қоржыны» деп аталатын қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Онда 10 отбасыға азық- түлік тапсырылды.
Аталмыш мешіттің Бас имамы Әкімбек Асанов қасиетті Оразаның ұйымшылдықпен өтуіне айрықша көңіл бөліп, оның мақсаты мен маңызын жұртшылыққа түсіндіріп келеді.
Ол осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде жақында қалалық «Акцент» телеарнасына Рамазан айы туралы сұхбат берді. Оның барысында жомарт жандарды осынау қайырымды іс-шараға белсене атсалысуға шақырды. Демеушілік танытып жатқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен Денисов ауданында болды. Ол Фрунзе ауылына атбасын бұрып, жергілікті намазхананың тыныс-тіршілігімен танысты.
Ораза айына байланысты жайылған ауызашарға қатысып, жамағатпен жүздесті. Онда жұртшылыққа қазіргі таңдағы өзекті тақырыпты қозғап, әсерлі уағыз-насихат айтты.
Намазханада бас қосқан үлкенді-кішілі қауым оның тебірене толғаған ұлағатты әңгімесін ұйып тыңдап, өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті мен жанашыр жандардың қолдауымен «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы өткізілді.
Онда көмекке мұқтаж 10 отбасыға 170 мың теңгенің көлемінде азық-түлік салынған себет табыс етілді. Олар демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы ризашылықтарын білдірді.
Ораза басталғалы бері мейірімділік пен ізгіліктің жарқын үлгісін танытып келе жатқан Шоқан қажы Әмірханов басқаратын мешіт қызметкерлері мен жүрегі жомарт азаматтардың ниеттері жүзеге аса берсін.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі