Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің Бас имамы Асылхан Түсіпбек қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесті. Онда дін мен дәстүр және тәлім-тәрбие тақырыбында уағыз айтты.
Дін қайраткері жүздесуде өскелең ұрпақтың инабатты да ибалы азаматтар болып қалыптасулары, елі мен халқына адал қызмет етулері, жаман әдеттерден аулақ болулары жөнінде әңгімеледі.
Кездесу өте әсерлі өтті. Білім ордасының қызметкерлері Бас имамға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенкелді Әжімахан мен өңірге есімі белгілі Кенесары ақсақал Меңдіқара ауданында болды.
Олар алдымен Боровской поселкесіндегі Кәмшат Дөненбаева атындағы ауылшаруашылық колледжінің ІІ курс студенттері және ұстаздарымен кездесу өткізді. Онда жастар тәрбиесі жөнінде өзекті мәселелер қозғалды.
Ең әуелі Кенесары ақсақал ұлағатты сөз айтып, жүздесуді Бас имам Есенкелді қажы Сақтағанұлы қорытындылады. Барлық қатысушылардың қойған сауалдарына жауап берді.
Сонымен қатар олар аталмыш аудан орталығына таяу орналасқан Мұхамеджан Қарабаев атындағы Қостанай облыстық оңалту орталығына атбасын тіреді. Ақ халатты абзал жандармен болған жиынды Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің Бас имамы Еркебұлан Қошан ашып, сөз кезегін Ұзынкөл ауданының Бас имамы Есенкелді қажы мен Кенесары ақсақалға берді.
Мұнда «Ынтымақ бар жерде ырыс бар» деген тақырыбы әңгімеге арқау болды. Басқосу барысында туған жерге мақтаныш сезімі мен Отанға сүйіспеншілік жайы жан-жақты айтылды.
Жиналғандарға Кенесары ақсақал ақ батасын берді. Оңалту орталығының ұжымы дін қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.
Жалпы, ұзынкөлдік қонақтардың бұл аудандағы сапары өте мазмұнды әрі есте қаларлықтай өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Арқалық қаласының теміржол вокзалында көптен күткен жолаушыларға арналған намазхана І қабаттан ашылды. Оның ашылу салтанатына вокзал басшысы Еркін Темірбекұлы қатысты.
Жергілікті «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы лентасын қиды. Жиында жамағаттар мен ақсақалдар да болды. Олар намаз оқып, жоғары көңіл-күймен тарқасты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық «Балықты» мешітінің ұжымы қасиетті Рамазан айынан соң барлық ауылдарды аралап, 16 округтағы 120 отбасына азық-түлік салынған қоржындарды табыс етті.
Олар елді-мекендердегі халықты айт мейраммен құттықтап, «Ислам – бірлік, татулық, мейірімділік діні» және салт- дәстүріміз жайлы уағыз- насихат айтты. Жұртшылықтың қойған сауалдарына нақты жауап берілді.
Ауылдардағы мұсылман бауырларымыз имандылық ордасының қызметкерлеріне алғысын жаудырса, өмір көрген ақсақалдар ақ баталарын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы мен намазхандары шаууаль айының алғашқы алты күнінің құрметіне ораза ұстаған жандарға дастархан жайып, ауызашар берді.
Онда найб имам Бақберсін Ізбасаров өзекті тақырыпқа байланысты уағыз-насихат айтты. Содан кейін жамағат құптан намазын оқыды. Шаууаль айы Оразасында ауызашар берудің дәстүрге айналып келе жатқаны қуантады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Айтмаганбет қажы Спанұлы» мешітінде алқа мүшелерінің жиыны болып өтті. Онда Бас имам Бахытбек қажы Тәжімбет өңірде қасиетті Рамазан айы ұйымшылдықпен өткендігіне тоқталды.
Сонымен қатар қайырымдылыққа ерекше назар аударылғанын, елімізде «Ел үлесі-пәтерге» жобасының жалғасып жатқандығын, үстіміздегі жылы аудандар мен қалаларда бірқатар мешіттердің құрылысы қарқын алатындығын тілге тиек етті.
Бас имам мешіттің жанындағы 460 орындық асхана қызмет көрсетуге толық дайын екендігін және алдағы уақытта халыққа аса қажетті рәсімдер (дүниеден өткен кісінің жаназасынан кейінгі асы, 40 күндігі, жылдығы, т.б.) өткізу үшін оның жалға берілетіндігін баяндады.
Бас қосқан алқа мүшелері оның ұсынысын бірауыздан қолдап, шешім қабылдады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінің Бас имамы Асылхан Түсіпбек көршілес жатқан Алтынсарин ауданында іс-сапарда болды.
Ол уағыз-насихат жұмысын жандандыру мақсатында жергілікті «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің имамы Руслан Жиенбаевтың ұсынысы және ішкі саясат бөлімінің келісімімен «Мәдениет үйі» қызметкерлерімен кездесті.
Онда «Дін және дәстүр» төңірегінде әңгіме өрбітіп, жиналғандардың сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар Щербаков ауылындағы «Тойғанша ана» мешітінде жамағатпен жүздесіп, «Жәннәт Алланың үлкен нығметі» тақырыбында уағыз айтты.
Қатысушылардың көкейде жүрген сұрақтарын толық қанағаттандырып, ризашылығына бөленді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жаратушы Иеміз бізге Құранды мұра ретінде түсіріп, оны жаттау арқылы сақтауды, оқып ой жүгіртуді және соған сай амал етуімізді бұйырды. Бұған қатысты Алла Тағала былай дейді: ثُمَّ أَوْرَثْنَا الْكِتَابَ الَّذِينَ اصْطَفَيْنَا مِنْ عِبَادِنَاۖ فَمِنْهُمْ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ وَمِنْهُم مُّقْتَصِدٌ وَمِنْهُمْ سَابِقٌ بِالْخَيْرَاتِ بِإِذْنِ اللَّـهِۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَضْلُ الْكَبِيرُ
«(Пайғамбардан кейін) осынау Кітапты пенделеріміз арасынан Өзіміз таңдап алған құлдарымызға (оны көздің қарашығындай сақтасын, оны басшылыққа алсын һәм өзгелерге де үйретсін деп) асыл мұра етіп қалдырдық. Алайда олардың арасында (осынау ұлы міндетті лайықты түрде атқармай, күнәға белшесінен батып) өз-өздеріне зұлымдық жасаушылар бар; олардың ішінде (оны бірде басшылыққа алса, бірде алмай) екі ортада дел-сал болып жүргендер де бар; сондай-ақ олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы (яғни, Алланың қалауымен пайғамбарға лайықты түрде мұрагер болу)» .
Адам жаттаған сүрелерді немесе аяттарды ұмытып қалмау үшін әрдайым Құранды қайталау арқылы онымен үнемі байланыста болуы керек. Себебі, Құран үнемі оқылып және қайталанып тұрмаса, тез ұмытылады.
Абдулла ибн Масғуд (р.а) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: بِئْسَمَا لأَحَدِهِمْ يَقُولُ نَسِيتُ آيَةَ كَيْتَ وَكَيْتَ بَلْ هُوَ نُسِّيَ ، اسْتَذْكِرُوا الْقُرْآنَ ، فَلَهُوَ أَشَدُّ تَفَصِّيًا مِنْ صُدُورِ الرِّجَالِ مِنَ النَّعَمِ بِعُقُلِهَا .
«Олардың бірі: «Қалай да солай аятты ұмыттым»,-деп айтуы, неткен жаман нәрсе! Бәлки ол ұмыттырылды! Құранды естеріңде сақтаңдар. Себебі Құран, адамдардың көкірегінен сытылып кетуге, тұсаулы тұрған малдан да жылдам» .
Бұл мәселеге қатысты «Әл-Фәтәуа әл-Хиндия» кітабында былай делінген: «Құранды жатқа оқығаннан қарағанда, мұсхафтан оқыған абзалырақ. Егер бір кісі Құранды (бірнеше сүре не аят) жаттап, кейін ұмытып қалса, онда ол күнәһар болады. «Ұмытып қалса» дегені Құранды тіпті мұсхафтан қарап та оқи алмау деп түсіндіріледі» .
Қорыта айтқанда, кімде-кім жаттаған Құранын (бірнеше сүре не аятты) Кітаптан қарап оқи алмайтындай деңгейде ұмытып қалса күнәһар болады. Ал мусхапқа қарап оқи алатындай дәрежеде болса күнәһар болмайды.
Дұрысын бір Алла ғана білуші!
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
Жангелдин аудандық «Оспан қожа» мешітінің жамағаты көктемнің ашық күндерін пайдаланып, ұйымшылдықтың нағыз жарқын үлгісін көрсетті.
Сол аумақтағы қорымдар мен бейіттердің айналасын тазалау жұмыстары ойдағыдай атқарылды. Сонымен қатар зират және зиарат тақтасы ілінді.
Осы арада имандылық пен аруақты сыйлаған үлкенді-кішілі қауым қолдарына күрек, құрал-жабдықтарын алып, уақытпен санаспай белсенділік танытқандарын ерекше атап өткен абзал.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Айтмаганбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры Рамазан айындағы қайырымдылық акциялары аясындағы жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.
Жуырда «Ел үлесі- пәтерге» жобасы бойынша Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кентінде тұратын көп балалы Жұмагүл Алтынбаева мен Евгений Улыбинге тұрмысқа қолайлы екі үйдің кілті табыс етілді.
Баспаналы болған кісілер қуаныштан көздеріне жас алды. Олардың осы бақытты сәттеріне ортақтасқан облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан қажы Икрамға шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі