Соңғы жылдары өңірдегі имамдар арасында бір-біріне атбасын бұрып, тәжірибе алмасу дәстүрге айналды. Оның түсінген адамға берері мол. Мұны өмір көрсетіп отыр. Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы Жангелдин аудандық «Оспанқожа әулие» мешітінде болды.
Ол осы сапар барысында жамағатпен кездесіп, «Мұсылманның сипаты» тақырыбында уағыз - насихат айтты. Жиналғандардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Содан кейін бесін намазын оқыды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Шәууал айында, күндердің сұлтаны – жұма күні өңірімізде тағы да бір киелі орын бой көтерді. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы атақты Бармақ батырдың ұрпақтары – елімізге белгілі Тұрсыновтар әулеті ұйытқы болып, Қуанышбек Жанәбілұлының бастамасымен Қарасу ауданының Комсомол ауылындағы мұсылман ағайынға арналып зәулім де көрікті, сәні мен салтанаты жарасқан Алланың үйі есігін айқара ашты.
Бұл ғибадат ордасына аймағымыздың сыйлы азаматы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Жанәбіл Тұрсыновтың жан-жары, дүниеге он перзент әкелген алтын құрсақты ана Зәйтуна Әбділуақапқызының есімі берілді.
Салтанатты шараның ашылуына арнайы шақырылған Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы қасиетті Құран аяттарын оқып, батасын берді.
Содан кейін Қостанай облыстық мешітінің найб-имамы Бақытжан қажы Икрамұлы жергілікті халықты құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Комсомол ауылының тумасы, ұзақ жыл ұстаздық еткен, діни дәріс алған Хали аға молда болып тағайындалды.
Жиында осы мешіттің салынуына ұйытқы болған Тұрсыновтар әулетінің атынан Азамат Жанәбілұлы үлкен қуанышқа ортақтасып, жанашырлық танытқан барша меймандарға, ел ақсақалдарына, ауыл тұрғындарына шынайы алғысын айтты.
Ұлтымыздың қалыптасқан салт-дәстүрі бойынша шашу шашылып, жамағат алғашқы жұма намазын оқып, асханада арнайы жайылған дастарханнан дәм татты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Өткенге құрмет- тіріге міндет» атты бастамасын қолдай отырып, қаламыздағы Зиратта тазалау жұмыстарын жүргізді.
Оған шаһар тұрғындары мен мешіт жамағаты белсене атсалысты. Сенбілік аяқталғаннан кейін Бас имам Нұрхан Асанұлы арнайы дұға оқып , келген жұртшылыққа зират және зиярат әдебі туралы түсіндірді.
Жоғарыда аталған іс-шараға көмек қолын созып, көлікпен қамтамасыз еткен «Жігер» стадионының басшысы Рүстем Асанханұлы мен ұйымшылдық танытқан жамағатқа алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ежелден келе жатқан дәстүрге сай үлкенді сыйлап, кішіге ізет, өткенге құрмет көрсетіп келген халықпыз.
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылғы айтулы шаралар жоспарына сай, «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты тақырыбында аясында «QАМQOR-SARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен 29 сәуір күні еліміздің барлық аумағындағы зират басына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Міне, осыған байланысты Денис ауданы жамағаттары да, бұл үрдістен шет қалмады. Дәстүрлі түрде өткізілетін тазалық шарасы аясында мына мәселелерге назар аударылды. Атап айтқанда, зират орындарының сыртқы және ішкі тазалақтары, қора-қобыстарын ретке келтіріп, қоғыстан тазалау, келуші жамағатқа зиярат ету ережелері мен тәртіптерін түсіндіру, т.б. мәселелер айтылды.
Осыған орай, барша халық бір кісідей жұмылып және аудандық «Жұма» мешітінің имамы А.Серікбайұлының бастамасымен зират басын тазалап,сенбілік өткізілді. Бұған мешіт жамағаты, ауыл адамдары және аудан ақсақалдары белсене атсалысты. Қабір басын тазалаған соң аудан имамы зират басында жатқан марқұмдарға Құран оқып, дұға жасады.
Қостанай облыстық баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінде болды.
Ол осы білім ордасында өңірімізден оқитын жастармен кездесті. Жиын барысында Бас имам әрбір шәкіртпен жеке-жеке танысып, облысқа қызметке келуге ниет білдірген түлектермен пікір алысты.
Болашақ жас мамандарға уақыт талабына сай білім алудың сапасы мен қазіргі заманның өзекті мәселелерін қамтитын насихат айтты. Жүздесудің соңында жоғары оқу орнындағы шәкірттерге қажымас қайрат, дін жолындағы тың ізденістерінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарына сәйкес «Өткенге құрмет-тіріге міндет» тақырыбында маңызды шара өткізді.
Имандылық ордасының бастамасымен қала тұрғындары ұйымшылдық танытып, шаһардағы мұсылман зиратына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Онда Бас имам Әкімбек Асанов жиналған жұртшылыққа «Зират және зиярат» туралы жан-жақты түсініктеме берді. Қолға алынған тазалық жұмысы аяқталған соң марқұмдарға бағышталып, Құран оқылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің Бас имамы Нұрбол Балахметов жергілікті бірнеше мекемелердің қызметкерлерімен маңызды кездесу өткізді.
Мәселен, олардың қатарында №15 өрт сөндіру саласының мамандары мен білім бөлімінің қызметкерлері, өнер мектебінің ұстаздары болды. Онда қазіргі таңдағы өзекті мәселе - жат ағымдардың қоғамға тигізетін зардабы жөнінде айтылды.
Сондай-ақ, тәуелсіз мемлекетімізді нығайту жолында аянбай еңбек етуге, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыруға, ұлттық рухымызды жоғары ұстауға шақырды. Кездесуде қойылған сауалдарға нақты жауап берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Ислам дініміз ежелден тазалыққа көңіл бөліп, оның маңыздылығына әрдайым жете назар аударады.
«Тазалық – иманның жартысы» - деген сөзде де үлкен мән жатыр. Әрбір мұсылманның мiндеті – қоршаған ор¬та¬ны таза ұстау, табиғатты аялап, көздің қарашығындай сақтау. Себебі, мұсылман бүлдiрушi емес, бүтiндеушi, қирату-шы емес, дұрыстаушы, зиян келтiрушi емес, пайда әкелушi.
Осы қағиданы берік ұстанған Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің ұжымы жамағатымен бірлесе отырып, имандылық ордасының аумағында сенбілік өткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұйымшылдық танытудың арқасында мешіт ауласы кір-қоқыстан тазартылып, айнадай жарқырап шыға келді.
Аталмыш мешіттің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев белсене атсалысқан барша қауымға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Биыл Алланың қалауымен сәуір айының соңында Меңдіқара ауданында жаңа мешіт салу ісі қолға алынды. «КБС ЖК» құрылыс компаниясының Бас директоры Бауыржан Карамакин басшылық ететін ұжым ең әуелі құрылыс орнында мал шалса, Меңдіқара аудандық «Зұлқарнайұлы Мұса қажы» мешітінің Бас имамы Қошан Еркебұлан құран оқыды. Ал, Ерік қажы Ыбырай батасын беріп, осынау келелі істі қасиетті Құран аяттарымен бастады.
Алдағы уақытта салынғалы отырған жаңа мешіт 200 адамға лайықталған. Оның жанында халыққа болашақта қызмет көрсететін 150 орындық асхана да бой көтеретін болады.
Жағымды жаңалық жерде жата ма? Оны естіген аудан басшылары қолдап, жергілікті мұсылмандар қауымы өздерінің қуаныштарын білдіруде. Көршілес жатқан Ұзынкөл ауданының құрметті азаматтары - «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенкелді қажы Сақтағанұлы және Кенесары ақсақал да ауданда болғанда демеуші азаматтардың игі бастамасына сәттілік тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Адам адам болған соң қателеспей тұрмайды, қателескен жағдайда біз көбінесе кінәліні іздейміз. Өзгелерге кінә қойып өкпе - реніш танытамыз. Қателеспейтін адам болмайды сондықтан кешіре де білу керек. Ал кек сақтау адамдарға деген жек көрушілік, сенімсіздік туғызып, жағдайды ушықтырып жібереді. Өкпе, реніш адамдар арасындағы жағымды қарым - қатынасқа нұқсан келтіріп, өзара түсінбеушілік туғызады. Сол себепті өкпе, ренішке бой алдырмай, адамдарға түсіністікпен, ізгілікпен, құрметпен қарауға ұмтылу керек. Жалпы кешірімділік дегеніміз не? Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі ол кешірімділік. Алланың адам болмысына берген кешірімділік қасиетін біріміз ұғынсақ, біріміз ескере бермейміз. Кешірім сұрамау мен кешірмеу адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет. Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісі.
Күнделікті күйбен тіршілікте көп нәрсені байқамай, қадірін білмей, бағаламайда жатамыз. Өмірде өз ойлағанымыздай болмай қателесіп жатсақ, кінәліні іздей бастаймыз. Өзгелерге кінә қойып, өкпе-реніш танытып, мінезімізді көрсетеміз. Бұл өмірде қателеспейтін адам болмайды, сондықтан кешіре де білу керек. Өзгелерді кешірген кезде, бойымыз жеңілдеп, сол адамға жақсылық жасағандай боламыз. Ең алдымен біреуді кешіру өзімізге жасалған жақсылық екенін түсінгеніміз абзал. Ең бастысы, айналаңа жақсы ниетпен қарап, жақсы көрсең, олардың қателігін кешіре де аласың. Басқаларды жақсы көру үшін өзіңді өзің сыйлап, жақсы көруің керек. Ал өзін жақсы көретін, сыйлайтын адам, өз жан дүниесін жаман сезімдермен ластап, ауырлатпайды. Біз барлығына кешіріммен, сыйластықпен, түсіністікпен, сергектікпен қарауға тиіспіз. Өйткені, өмір сондай тамаша, біз алға қарай тек қана адал ниет, ізгі істермен жүрсек, игілікке жетеміз.
Ислам - қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мейірімді және кешірімді болуды қажет етеді. «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 7/199-аят)
Адамдарды кешіре білгендер ғана Алланың кешіріміне бөленеді. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі жайлы былай баяндалған: «Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли-Имран сүресі, 3/134-аят). «Кімде-кім зұлымдық жасағаннан кейін тәубеге келіп түзелсе, Алла оның тәубесін қабылдайды. Алла шынында бек кешірімді, ерекше мейірімді»,(«Мәида» сүресі, 39 – аят).
Өмірде кез - келген адамға үлкенге де, кішіге де кешірім сұрауға тура келіп жатады. "Кешірім сұрай білу - кісілік", - дейді заманымыздың заңғар жазушысы Ш. Айтматов. "Кешірім сұрап келсе, әкеңнің құны болса да кеш", — дейді халық мақалы. Осы сөздердің астарында - қарапайымдылық, ұлылық жатыр емес пе? Әкенің ұлынан, шешенің қызынан, әкімнің халқынан, үлкеннің кішіден, кішінің үлкеннен, жігіттің қыздан, кешірім сұраудың өзіндік ерекшеліктері бар, бірақ олардың ортақ бір жайы — кешірім сұрай білуі, яғни қарапайым, мәдениетті бола білуі. Кешірім сұрағанға кешірім ете білу, кешірім беру — бұл да кісілік, қарапайымдылықтың белгісі. Кешірім етудің де өзіндік реті, жағдайы болады. Кешірімді болсаң - кең боласың. Келісімге келу — кеңдік. Кең болсаң - кем болмайсың. Келісім көкжиекке көтереді. Кешірім беру - өзгеге күлкі сыйлау. Күннің көзінде де кешірімділік бар. Өнегелі адам кішіпейіл келеді. Кешірімділікті құдай да сыйлайды және тағы басқа көптеген ұлағатты нақыл сөздеріміз жетерлік.
Алла Тағала баршамызға, осы айтылған барлық аят-хадистермен ұлағатты сөздерді санамызға сіңіріп сондай-ақ амал етуімізді нәсіп етсін! Алла Тағала бізді де үлгілі болған құлдарының қатарынан қылып, екі дүниеде де бақыт нәсіп қылған пенделерімен бірге болуға жазсын!Кешірім мен жанашырлық – мұсылманның негізгі ізгі қасиеттерінің бірі екенің естен шығармаған жөн. Сондықтан жүрегіңіздегі қатқан тонды Алла разылығы үшін жібітіп, жүрегіңізді кек пен ашудан босатыңыз, сонда ғана рухани жеңілдікті сезініп, өмір сүруіңіз әлдеқайда жеңілдейді. Алайда біз кез келген игі амал мен қайырлы іс істерде және кешірім сұрауда – Ұлы Алланың разылығына жету екенін ұмытпауымыз керек.
Кешіре білу де - өнер. Кешірімді болыңыз! Десек те, ешқашан бір - бірімізді ренжітпеуге тырысайық!
Арқалық қаласы
«Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы
Бақтыбай Нұрхан қажы Асанұлы