Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Бас мүфти Діни басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Міржақып Дулатұлына 140 жыл: Өмірі мен мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Аталған конференцияда Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ халқының тәуелсіздік идеясын ұлт санасына сіңіріп, рухани жаңғыруға үлес қосқан Алаш ардақтыларының еңбегі ұрпақ үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының рухани жаңғыруына, білім мен мәдениетке, ұлттық сана мен еркіндікке үндеген көрнекті тұлға. Оның «Оян, қазақ!» деп ұран тастап, елін білімге, өркениетке, әділет пен еркіндікке шақыруы бүгінгі буын үшін де аса маңызды өнеге деп санаймыз», – деді Бас мүфти.

Конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ғалымдар мен дін саласының мамандары қатысып, Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен мұрасы жан-жақты талқыланды.

Жиын соңында Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бақытсыз Жамал: тағдыр және таным» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы I, II, III орын иегерлеріне сертификат пен қаржылай сыйлық табыс етті.

Дереккөз: БАС МҮФТИ ҚОСТАНАЙДА МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫНЫҢ 140 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ , Muftyat.kz

Республика күні қарсаңында өңір бойынша футбол, волейбол және үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды. Оған мешіт жамағаты пен имамдар белсене қатысып, бақтарын сынады.

Сайыс алдында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сөз алып, егемен еліміздің Тәуелсіздігі оңайлықпен келмегендігін, ата-бабаларымыз осы жарқын күндерге қаншама қажыр-қайраттарын жұмсағандығын тілге тиек еттік.

Жарыс соңында жүлделі орындарға ие болғандарға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Су – тіршілік көзі, күнделікті тұрмысымыздың, құлшылығымыздың ажырамас бөлігі. Ата-бабаларымыз: «Су – өмір нәрі», «Су – ырыстың көзі, Еңбек – кірістің көзі», «Су бар жерде ырыс бар» деу арқылы судың маңызын насихаттаған.

Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 30-аятында: «Тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда да иманға келмей ме?» – деп айтқан. Тәпсір ғалымдары: «Бұл аятта су жер бетіндегі барлық жаратылыстың тіршілік көзі екені айтылуда» деген. Расымен де, жер бетіндегі барлық тіршілік иесі үшін су ауадай қажет. Жер бетінің жетпіс пайыздан астам бөлігін су алып жатыр. Қаншама тіршілік иесі судың себебімен өмір сүріп, тепе-теңдігін жоғалтпай келеді.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жол­даған Жолдауында: «Табиғи ресур­с-тарды, әсіресе суды үнемдеу мәде­ниетіне келсек, ол жағынан үлкен кем­шілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шара­ларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты. Шын мәнінде, су – стра­тегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуы тиіс», – деп атап өткен болатын.

Расында, халық арасында суды үнем­деу мәселесіне қатысты барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген абзал. Осыған байланысты Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы еліміз бойын­ша айтылатын жұма уағызында суды үнемдеу жайлы тұрақты түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Өйткені ардақты Пайғам­бары­мыз (оған Алланың салауаты мен сәле­мі болсын) үмбетіне суды ысырап ет­пеуді, оны үнемдеуді, ағын суды ластамауды насихаттаған.

Су – Алла Тағаланың адамзат бала­сына берген үлкен нығметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Такасур» сүресінің 8-аятында: «Сосын сендер сол күні нығмет атаулыдан міндетті түрде сұра­ласыңдар», – деп ескерткен. Мұсылман адам әрбір ішіп-жеген және басқа да қажеттіліктері үшін қолданатын су нығметі үшін Раббысына шексіз шүкірлік білдіруге тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтанғаннан кейін: «Бізді тойдырып, сусын берген әрі мұсылман еткен Аллаға мадақ болғай!» – деп дұға етуді үйреткен.

Халық даналығында: «Судың да сұрауы бар», «Су бергеннің сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» деген сынды керемет нақыл сөздер айтылған. Мұның астарында суды үнемдеу, оны ысырап етпеу, суға ұқыпты қарау деген көптеген мағына жатыр. Судың нығметі үшін шүкіршілік ету құр тілмен айтумен жүзеге аспайды. Оны дұрыс, тиімді, үнемдеп және ұтымды пайдалана алған жағдайда ғана шүкіршілігіміз лайықты түрде орындалады.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 3-аятында: «... жең­дер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді әсте ұнатпайды», – деп ескерткен. Егер суды ішкеннің өзінде Алла Тағала бізге оны шамадан тыс қолдануды қайтарып отыр. Суды артық қолдану ысырапты іс, ал ысрап күнә болып саналады. Күнә іс жасаудың о дүниеде жазасы тым қатты болмақ. Сондықтан суды басқа мақсатта қолданғанның өзінде тіпті сақ болуымыз керек.

Дәрет алу – құлшылықтың әрі тазалықтың негізі. Бірақ оның өзінде суды шамадан тыс шашып-төгуге бол­майды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл үмбеттің ішінде дәрет пен дұғада шектен шығатын бір топ болады», – деген. Имам Айни (Алла оны рақымына алсын): «Дәретте шектен шығу – көп құйып (төгіп) және мөлшерін арттыру арқылы суды ысырап ету дегені», – деп түсіндірген. Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Суды (дәретте) аз қолдану кісінің білімін көрсетеді», – деген екен. Ғалымның шәкірті Мәру­әзи: «Әскери тұрақта Әбу Абдулланың (имам Ахмед) суын әзірлеп бердім. Оның аз сумен жуынғанын көрген жұрт дәрет алуды білмейді екен деп айтпауы үшін көлегейлеп тұрдым», – деп айт­қаны бар. Біз бұдан Ислам ғұлама­ларының суды мейлінше ысырап ет­пеуге тырысқанын көреміз.

Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәретті қалай алу керек?» – деп сұрады. Ар­дақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір құмған су ал­дырды. Екі қолын үш рет жуды. Сосын жүзін үш рет жуды. Кейін қос білегін жуды. Басына масих тартып, екі сұқ саусағын құлағына кіргізді, бас бармағы­мен құлағының сыртына масих тартты. Сосын екі аяғын жуды. Мұнан кейін: «Дәрет осылай алынады. Кімде-кім бұ­дан арттырса, жаман етіп, шектен шық­ты, зұлымдық жасады», – деген екен.

Сол себепті мешіт дәретхана­лар­ындағы «Суды ысырап етпеңіз» деп арнайы жазылған ескертпелер бекер емес. Бұған әрбір мешітке келіп, дәрет алушы үлкен мән беруі қажет. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Барлық ғалымдар бірауыздан теңіз жағасында болса да суды ысырап етпеу керектігін айтқан», – дейді.

Бір күні Сағд деген сахаба дәрет алып жатқанда қасынан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өтіп бара жатып: «Уа, Сағд! Мынау не деген ысырап?!» – деп сұрай­ды. Сол кезде Сағд: «Дәрет алғанда да ысырап бола ма?» – деп таңғалады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, болады. Өзеннің жағасында болсаң да ысырап етуші болма», – деп ескертіп, барлық адамзат баласы ұстанатын қағиданы бекітіп берген.

Ендеше барлығымыз бір адамдай өзен, теңіз, құдық, арық сияқты су көздерін сақтап, таза әрі табиғи күйін кейінгі ұрпаққа қалдыруға күш-жі­герімізді жұмсауымыз қажет. Судың барлық адамға таза күйінде жетуі деніміздің саулығына, құлшылығы­мыздың бүтіндігіне, тіршілік жасауы­мызға тікелей байланысты. Сондықтан суды үнемдеу, ысырап етпеу – дініміз­дің міндеті әрі талабы. Олай болса, мұсылман адам әрбір нәрсені есеппен жасауы тиіс. Қаражаты жеткен барлық нәрсені алу, пайдалану шарт емес, қа­жетіне жетерлік мөлшерді алу не пай­далануы керек.

Халқымызда «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе», «суды былғама» деген сынды тыйым сөздер бар. Ата-бабаларымыз осындай тыйым сөздерді ұрпағына жиі айтып, тәлім-тәрбие берген. Суға түкіру – қазақ халқының адамгершілік құнды­лық­тарына теріс, ол діни-этикалық нормаларға да қайшы. «Суға түкіру», «суға дәрет сындыру» немесе «адамның жолына үлкен немесе кіші дәретке отыру» сынды тыйым салынған әрекет­тер дінімізде де, дәстүрімізде де көрініс тапқан. Діні мен дәстүрін ардақтап, қос құндылықты қастер тұтқан халқымыз бейәдеп танытқан адамға: «Су ішкен құдығыңа түкірме», – деп айтқан. Демек, өзен, құдық, көл болсын, жал­пы тіршілік көзі саналған су құрметті әрі қадірлі дүние деп бағаланады.

«Қолдағы алтынның қадірі жоқ» дегендей, күнделікті көріп жүрген нығметтерге үйреніп, оның қадір-қасие­тін ұмытып кететін жағдайлар аз болмайды. Судың да көп жағдайда қадір-қасиетін лайықты дәрежеде түсінбей жататынымыз жасырын емес. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүлік» сүресінің 30-аятында: «Қане, айтыңдаршы, бар суларың жер түбіне тартылып ізім-қайым жоғалып кетсе, сендерге қайтадан тұщы қайнар суды кім шығарып бере алады?!» – дейді.

Бұл – адамзат баласын ойланды­ратын аят. Бұл аят Алланың нығметін еске салады, тәкаппарлықтан, шүкір­сіздіктен сақтандырады. Шын мәнінде, адам өмірі суға тікелей тәуелді. Егер Алла қаласа, ол суды жердің түбіне сіңіріп жібере алады. Ондай жағдайда адамзат ешнәрсе істей алмай қалатыны хақ. Егер Алла қаламаса, адам қандай технология мен ғылымға ие болса да табиғи тұщы суды жердің түбінен қайта өз еркімен шығара алмайды. Бұл аят қазіргі экологиялық дағдарыс пен су тапшылығы мәселесін меңзейді. Адам табиғатты құртып, суды ластап, ысырап етсе, мұндай нығметтен айырылып қалуы ғажап емес.

Бұдан түйетініміз, суды, жалпы табиғатты ежелгі болмысында сақтау – мойнымыздағы аманат. Осыған кері әрекет еткен кісі тек өзіне емес, қоғам­ға, барлық адамзатқа үлкен зиян ти­гізбек. Қазіргі күні тұрмыста қолданы­латын қарапайым үнемдеу әдістері ар­қылы судың қорғалуына үлкен үлес қосқан боламыз. Суды қорғау – өмірді қорғау деген сөз. Ендеше суды үнем­деуді өзімізден бастайық!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Понедельник, 20 Октябрь 2025 16:21

Садақ атудан жарыс

Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы талай танымдық-тағылымдық жағы мол шараларды өткізуге мұрындық болып жүр. Ол алдағы Республика күні қарсаңында әйел-қыздар жамағаты арасында садақ атудан жарыс ұйымдастырды.

Онда қатысушыларға көшпелі қазақ халқының тарихы баяндалып, ұлттық спорттың бұл түрі жайлы нақты мәліметтер берілді. Соңғы жылдары садақ ату сайысы жанданып, қыз-келіншектер тарапынан да қызығушылық танытылуда.

Жиналған әйел қауымы мұндай жарыстар құралайды көзге атқан мергендікке, төзімділікке, ептілікке әрі ширақтылыққа баулитындығына көздері жетті.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Понедельник, 20 Октябрь 2025 09:26

Киелі Түркістанға рухани сапар!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын қолға алған болатын. Оның негізгі мақсаты – халық арасында дін мен дәстүрімізге сай киелі орындарға зиярат ету мәдениетін қалыптастыру, жұртшылыққа шариғат әдебін сақтауды үйрету, тарихи, киелі орындарға тур ұйымдастыру.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлының тікелей ықпалымен Ұзынкөл ауданындағы «Құрман баба» мешітінің Бас имамы Есенгелді Әжімахан бастаған делегация қасиетті Түркістан қаласына арнайы сапарлады.

Онда жамағат Қожа Ахмет Яссауи және Арыстанбаб кесенелеріне зиярат етті. Сонымен қатар тарихымыздан белгілі көне Отырар қалашығын аралап, қаншама ұмытылмас әсерге бөленді.

Мұндай қасиетті жерлерде болу жерлестеріміздің имандылық пен бірлігін арттырып, рухани жаңғыруына ерекше септігін тигізері сөзсіз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте 15-16 қазан күндеріне жалғасқан Халықаралық шара өз мәресіне жетті.

Аталған іс-шара қорытындысымен танысу үшін постты солға жылжытыңыз

Трансляция жазбасын MUFTYAT YouTube арнасынан көре алатындарыңызды естеріңізге саламыз.

Дереккөз: ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫ СОҢЫНА ЖЕТТІ , instagram.com

Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте ІІ Халықаралық Құран жарысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Аталған халықаралық іс-шара Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына арналды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сондай-ақ мұсылман елдерінің елшілері, зиялы қауым өкілдері, өңірлерден келген имамдар мен қала тұрғындары қатысты.

Өз сөзінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықаралық жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Аллаға шүкір, Астана қаласында әлемнің әр бұрышынан, алыс та жақын шет елдерден келген тәжірибелі қариларымыз екі күн бойы Құранды жатқа оқудан сынға түсіп, керемет үлгі көрсетті.

Расында Құранның мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез-келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды.

Құран оқылған жерге Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған жер ерекше нұрға бөленеді. Екі күн бойы елордамызда оқылған Құран аяттары арқылы еліміз бен жеріміз нұрға бөленді деп үміттенемін. Алла соны нәсіп етсін», – деді Бас мүфти.

Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы ІІ халықаралық Құран жарысына қазылық жасаған қари-ұстаздар – Осман Шахин (Түркия), Насыр бин Сауд әл-Қасами (Сауд Арабиясы), Насрулла Искандаров (Қырғызстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміреге алғыс хат табыстады.

Әділқазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары төмендегідей:
І орын – $20 000 – Фахд ибн Мухаммад әш-Шәми (Сауд Арабиясы)
ІІ орын – $15 000 – Мерожиддини Ахмадзода Ахмад (Тәжікстан)
ІІІ орын – $10 000 – Шохан Уәлиев (Қазақстан)
IV орын – $5 000 – Салих Мухаммад Муса Тохами (Мысыр)
IV орын – $5 000 – Джалил Нуруддинов (Ресей)
Көрермен көзайымы жүлдесі – $3 000 - Ахмад Ашраф Уәлид Хамад (Палестина)

Сонымен қатар, жарысқа қатысып, жүлдегерлер қатарына енбеген қариларға 500 АҚШ долларынан ынталандыру сыйақысы берілді.

Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Дереккөз: БАС МҮФТИ ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ , Muftyat.kz

Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте өткен ІІ Халықаралық Құран жарысы өз мәресіне жетті.

Халықаралық сайыста Палестина елінің өкілі ерекше дауысымен көрермен көзайымына айналды.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Палестиналық қариға «Көрермен көзайымы» номинациясын табыстап, жамағат атынан 3000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай марапат табыстады.

Бұл марапат – қаридың Құранды жүрекке жеткізе оқу шеберлігіне және көрермендердің ыстық ықыласына берілген жоғары баға болды.

Айта кетейік, ІІ Халықаралық Құран жарысына әлемнің 21 елінен келген үздік қарилар қатысып, екі күн бойы Құран оқу шеберліктерін паш етті.

Дереккөз: ПАЛЕСТИНАЛЫҚ ҚАРИ «КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ» НОМИНАЦИЯСЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ , Muftyat.kz

Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келгеніне 1500 жыл толуына орай мәуліт жыры оқылды.

Игі шара ІІ Халықаралық Құран жарысы аясында ұйымдастырылды. Мәуліт барысында Пайғамбарымызға салауаттар айтылып, Құран аяттары оқылды.

Мәуліт жырын ІІ Халықаралық Құран жарысының әділқазы мүшесі, Мысырлық қари Махер Фарамауи, Серік қари Ахмет, Жұманазар қари Садырханов, Мұртаза қари Балахмет оқыды. Мәуліт дұғасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жасады.

«Уа, Жаратушымыз Алла Тағала! Өзіңнің ең сүйікті құлың, пайғамбарлардың мырзасы әрі соңғы мөрі, адамзаттың ардақ тұтар ұстазы, жер бетіне рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафаның құрметіне оқыған мәулітімізді қабыл ет! Біздерді Пайғамбарды шынайы жақсы көрген, оның сүннетіне ерген, көркем мінезін үлгі тұтқан, насихаттарын орындайтын, тұлғасын шынайы құрметтей білетін, оған жиі салауат айтатын, қияметте шапағатына ие болатын үмбетінен болуды нәсіп еткейсің!

Уа, Аллам! Ибраһим пайғамбар мен оның отбасына рақым еткеніңдей, Мұхаммед пайғамбар мен оның отбасына рақым ете гөр! Сен аса мақтаулы, аса даңқтысың!

Уа, Аллам! Ибраһим пайғамбар мен оның отбасына береке бергеніңдей, Мұхаммед пайғамбар мен оның отбасына да береке бере гөр! Сен аса мақтаулы, аса даңқтысың!

Осы мәулітті оқыған, қатысқан жандардың әрқайсысына, отбасы, ошақ қастарына амандық бер! Елімізге, жерімізге, тәуелсіз мемлекетімізді мекен еткен әрбір шаңыраққа бақыт-берекеңді нәсіп ет!», – деп дұға жасады Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Дереккөз: ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) ДҮНИЕГЕ КЕЛУІНЕ 1500 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ МӘУЛІТ ОҚЫЛДЫ , Muftyat.kz

Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте өтіп жатқан ІІ Халықаралық Құран жарысының екінші күні басталды.

Бүгінгі сайыста Алжир, Мысыр, Индонезия, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресей елдерінен келген қарилар бақ сынауда.

Бүгін жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталады.

Дереккөз: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ БАСТАЛДЫ , Muftyat.kz

«12345678910»
Page 6 of 398

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником