Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің қызметкерлері қалыптасқан дәстүр бойынша жұма намазынан кейін жамағатқа ыстық палау мен тәтті сусын таратты.
Сондай-ақ көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық көмек ретінде күнделікті тұтынатын азық-түлік табыс етті.



Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті жұмада РАНТ мүшесі Нұрболат Дүйсебаев Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде болып, жамағатқа «Дүние ақыреттің егістігі» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Сол күні ол Рудный қалалық «Нұр» мешітінде сапарын одан әрі жалғастырып, жергілікті телеарнаның журналистеріне сұхбат берді. Ақшам намазынан кейін жамағатпен кездесті.







Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай өңіріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының РАНТ мүшесі Нұрболат Дүйсебаев арнайы іс-сапармен келген болатын.
Ол сапар барысында қаладағы “Жайлаубай ата” мешітінің тыныс-тіршілігімен танысты. Содан кейін Мәуліт мерекесіне құрметіне арналған кешке қатысып, жиналған жамағатқа «Алла тағала Адам баласын көркем бейнеде жаратты» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Кешке асханада дастархан жайылып, ақсақалдар бата берді. Келген қонаққа сый-сияпат жасалды.
Келесі күні имандылық ордасында педагогикалық колледждің студенттерімен кездесіп, «Лудоманияның дауасы бар ма?» тақырыбында әңгіме өрбітті. Жастарды уақытты тиімді пайдаланып, білім алуға, жаман әдеттен аулақ болуға шақырды.







Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының РАНТ мүшесі, Алматы қаласындағы Жетісу аудандық «Абай Құнанбаев» мешітінің Бас имамы Нұрболат Дүйсебаев Қостанай облысына іс- сапармен келді.
Ол алдымен қалалық «Марал ишан» мешітіне ат басын бұрып, құптан намазы алдында жамағатпен "Білім алудың маңыздылығы" жөнінде әңгіме өрбітті.
Келесі күні облыс орталығындағы №38 еңбекпен түзету мекемесінде жазасын өтеушілермен кездесті. Жүздесуде «Дін, имандылық - адамды жақсылыққа, бауырмашылдыққа жетелейді» тақырыбы аясында уағыз -насихат айтып, сұрақтарға жауап берді.
Түстен кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттарына отансүйгіштік, жауапкершілік, имандылық туралы дәріс оқыды.
Сондай-ақ облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде қала және аудан имамдарынан құралған ЖАНТ өкілдерімен семинар ұйымдастырылды. Онда ол теріс ағымның алдын алуға арналған «Құрандағы мухкам мен муташабиһ» аяттарына талдау жасап, өз ойын ортаға салды.






Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Мұғалімдер күніне орай облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінің қызметкерлері қаладағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат пен Назарбаев зияткерлік мектебінде болды.
Бас имам Шоқан қажы Әмірханов қос білім ордасындағы ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Өз кезегінде педагогтар қауымы имандылық ордасының ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.




Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы өткен жұма күні қайырымдылық шарасын өткізді.
Онда көмекке мұқтаж жандарға күнделікті тұтынатын ауылшаруашылық өнімдерін табыс етті. Олар қолдау көрсеткен демеушілерге алғыстарын жаудырды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әйел-қыздар секторының арнайы тапсырмасы бойынша облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде Мәуліт кеші болып өтті.
Оған облыстық және қалалық «Жайлаубай ата» мешіттерінің ұстаздары Жансая Халим мен Аяулым Смағұлова бастаған тоқсанға жуық әйел жамағаттары қатысты.
Жиында Құран мен Мәуліт-шәриф оқылды. Ғибраты мол уағыз айтылды. Әжелер бата берді. Қатысушыларға сыйлықтар мен құнды кітаптар таратылды.







Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Халықаралық қарттар күніне орай Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы ардақты ақсақалдар мен ақ жаулық аналарға, алқа мүшелеріне ілтипат танытты.
Жайылған дастархан басында Бас имам Шоқан қажы Әмірханов аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбастарына бақыт тіледі.
Абыз ақсақал бата берді. Жиын соңында ардагерлерге сый-сияпат жасалды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қарттарға құрмет көрсетілді
Халықаралық қарттар күніне орай Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің ұжымы жергілікті ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың басын қосып, мерекелік іс-шара өткізді.
Имандылық ордасының асханасында дастархан жайылып, оларға құрмет көрсетілді. Онда аудан әкімі Марат Жұрқабаев ардагерлерді құттықтап, игі тілегін білдірді.
Кездесу барысында мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Құрметке бөленген қарттар дән ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Қарты бар елдің қазынасы бар
Жоғарыда аталған Қарттар күні қарсаңында Федоров ауылындағы жалпы білім беретін мектебінің ұжымы және оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Онда «Қарттар - біздің асыл қазынамыз» тақырыбында уағыз-насихат айтылды.
Кездесуде аға ұрпақ өкілдерін құрметтеу - өскелең ұрпақтың басты парызы екендігі тілге тиек етілді. Оқушылар ғибратты басқосудан алған әсерлерімен бөлісіп, қойған сауалдарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі


Ұзынкөл аудандық мешітінің асханасында

Федоров ауылындағы кездесу
Өткен жексенбі күні Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешіті ұжымының ұйымдастыруымен және мешіт жанашырлары мен жамағатының атсалысуымен Тобыл қаласындағы мұсылмандар зиратында "Тазалық иманның жартысы" атты сенбілік болып өтті.
Осы шара соңында аталған мешіттің Бас имамы Дархан Манарбекұлы қорымда жатқан барша марқұмдарға Құран оқып, найб имам Ерлан Өмірбекұлы дұға бағыштады.
Осынау игі істе ұйымшылдық танытқан барша азаматтарға Алланың нұры жауа берсін.



Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі