Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Понедельник, 06 Октябрь 2014 00:00

Кәсіпкер сыйы

Денисов ауданындағы «Жұма» мешітінің халыққа қызымет атқарып жатқанына жирма жылдың жүзі болды. Осы аралықта діни мерекелерде аудан әкімшілігі, селолық округтың әкімшілігі, аудандық мәдениет үйінің қызыметкерлері, кәсіпкерлер атсалысады. Биылғы Құрбан айтында ауданымызға белгілі кәсіпкер Омаров Төребек мешітімізге ерекше сый жасады, ол мешітке өз отбасының мүшеренің атына компьютер сыйлады. Ендігі күнде мешіт интернет жүйесіне қосылып, жаңалықтарды, облыстық мешітпен электронды хат алысып тұратын болады. Осындай сый жасаған Төребек азаматымызға отбасына амандық, деніне саулық, балаларымен немерелерінің қызығын көре беруін Алла Тағаладан тілейміз.

«Жұма» мешітінің
Бас имамы Ыбырай Ерік Қожахметұлы.

Күллі әлем мұсылмандары асыға күтетін атаулы мерекелердің бірегейі –Құрбан айты. Асыл дініміз Исламда бұл айтулы мерекенің алар орны ерекше. Қасиетті Құрбан айт барша халықтың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады.

Биылғы жылы Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазірет «Дін мен дәстүр» жылының аясында Құрбан айтты атап өтуді бекіткен болатын.

Осы орайда Арқалық қаласында биылғы «Құрбан айт мерекесі» ерекше өткізілді. Мешітте әдеттегідей айт намазы оқылған соң, мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев Дінбасымыздың құттықтауын оқып, құрбандық және қайырымдылық жайында уағыз айтты.

Сондай-ақ қала басшылығы да мерекеге арнайы келіп, әкім Ғазиз Бекмұхамедов жамағатты мерекемен құттықтап, еліміздің баянды, халықтың ынтымақты болуы жөнінде өз пікірін білдірді.

Намаздан соң құрбан шалу рәсімі жалғасып, әкім бастаған топ өкілдері құрбандыққа ірі қара мал шалды. Шалынған құрбандықтар әлеуметтік қорғау мекемесінің берген тізімі бойынша, күн көрісі төмен жандар мен көп балалы жанұяларға мешіт тарапынан үлестірілді.

Бұдан соң мерекелік іс-шара «Қайрат» спорт кешенінде өз жалғасын тапты. Мұнда жасөспірімдер арасында және жасы қырықтың қырқасынан асқан палуандар арасында қазақша күрес болды. Сонымен қатар ұлттық ойындардан – арқан тартыс, өгіз тартыс сайыстары өткізілді.

Аталмыш спорттық додалар еш дайындықсыз келген көпшілік ішінен шыққандықтан болар, ол сондай тартымды әрі қызықты өтті. Түйе палуанға қой сыйлыққа тартылса, бірінші, екінші орынды иеленген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы марапат көрсетілді. «Құрбан айт – құтты мереке» атты шағын концерт қойылып, тағылымды жыр-термелер мен патриоттық әндер шырқалды.

Мерейлі мерекені тамашалаған үлкен-кіші жамағаттың баршасына айт дәмі ретінде ыстық шәй, бауырсақ пен палау берілді. Мешіт ұжымының ұйымдастырған игі істеріне қала тұрғындары шынайы ризашылық танытты.

Қалалық мешіт имамының айтуынша, мұндай игі істер әсіресе, жастар арасында көп өткізілуі қажет. Жастарымыздың өзгелердің бізге жат әдеттеріне еліктемей, өз ұлтымыздың құндылықтарын бағалап, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі дінімізді дәріптеуге зор септігін тигізеді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Среда, 01 Октябрь 2014 00:00

Қарттар күніне

Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде халықаралық қарттар күніне орай мешіт ақсақалдарына дастархан жайды

Үлкенге - құрмет, кішіге – ізет,-дейді дана халқымыз. Мешіт ұжымы халықаралық қарттар күніне орай ақсақалдар жамағатына дастархан жайып, құрмет көрсетті. Дастархан басында ақсақалдар өз ризашылықтарын білдіріп мешіт ұжымына бейбіт-берекелі ғұмыр, жұмыста табыс тілеп, батасын берді. Келген ақ сақалды аталармен, ақ жаулықты әжелерге кішігірім сыйлықтар табысталды.

Аллах Тағала ата-әжелерімізге ұзақ ғұмыр беріп немере-шөбересінің қызық қуанышын көруге нәсіп етсін!

Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешіті

Вторник, 30 Сентябрь 2014 00:00

Насихат тобы Қостанайда

Қалыптасқан дәстүр бойынша республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері еліміздің облыстарында жүр.

Жақында осы топтың мүшесі, елордамыз Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев Қостанай өңірінде болды.

Бір тоқтала кетер жай, ол заманға сай терең білім алған азамат. Бұл күндері Еуразия ұлттық университетіндегі магистратурада оқуын одан әрі жалғастыруда.

Есімі көпке белгілі дін қайраткері осы сапарында Арқалық, Рудный қалаларындағы мешіттерде жамағатпен жүздесті. Зиялы қауыммен дидарласып, өзекті мәселелер жөнінде кеңінен әңгімелесті. Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде жұма намазының уағызын өткізді. Облыс аудандары мен қалаларының бас имамдармен кездесу де өте әсерлі өтті.

Сондай-ақ білікті ұстаздың теріс ағымдар жөніндегі тебірене сөйлеген сөздері де жұртшылықты үлкен ойда қалдырды.

Жалпы сапар өзінің мән-мағынасы, ғибратымен жұртшылықтың есінде қалды.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Вторник, 30 Сентябрь 2014 00:00

КУРБАН АЙТ КУТТЫКТАУ 2014

2014 жылдың 4 қазаны – Құрбан айт мерекесі

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ – ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірменді ағайын, мұсылман бауырлар!

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт құтты болсын, ағайын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін қасиетті Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін, екі дүниенің бақытын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға жасауда.

Құрбан айт татулықты басты тірегі еткен Тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Елбасы мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.

Құрбан айт – отбасылық мереке. Отбасын шаттыққа бөлеп, ағайын-туыс, көршілерді аралап, жағдайын сұрау – сауапты іс. Оларға сыйлық беріп, көңілін көтеру – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен. Сүннетті орындаған адамға сауап жазылады.

Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірлікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен бітеқайнасқан дәстүрімізді жаңғыртудың сәті туды.

Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.

Исламда Аллаға ұнамды әрбір іс – садақа. Жетімнің басын сипасақ та – садақа. Жолаушыға кедергі келтірер кез келген затты жолдан алып тастау да – сауап.

Мешітте айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Құрбан айт – араздасқан адамдар татуласып, бір-бірін кешірісіп, туысқандық байланысты күшейтуге себепкер ұлық мейрам. Өйткені, Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.

Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту – сүннет амал.

Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп шалуды шариғатымыз құптайды. Соқыр, ауру, ақсақ, өте арық мал құрбандыққа жарамайды.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қайырымен қабыл еткей!

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін.

Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!

Понедельник, 29 Сентябрь 2014 00:00

Қостанайлықтар – қажылықта

Қазіргі таңда, әлемнің әр түкпірінен мұсылмандар қауымы Аллаһымыз парыз еткен қажылық сапары, қасиетті Меккеге аттануда.

Мекке – Пайғамбарлар жүрген мүбәрак мекен. Мойынсұнған мұсылманды фәни мен бақи дүниенің бақытына бөлейтін қасиетті Құранның аяты аян болған берекелі де бейбіт қала. Қасиетті Қағба – күллі мұсылман жүзін бұрып, сәждеге бас қоятын Аллаһтың үйі. Қажылық – адамға ұл, Құдайға құл болған барша мұсылманның арманына айналған құлшылық. Мүмкіндігі болған пендеге парыз амал. Көзбен көріп, жүрекпен сезбей, көп сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес.

Бұл ұлы ғибадат еліміздің бес мыңға жуық отандас азаматтарына, олардың ішінен қостанайлық жиырма екі бауырларымызға да нәсіп болды.

Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің өкілдері ұлы сапарға аттанушы азаматтарға Аллаһ тарапынан жасаған қажылықтары қабыл болуын тілеп, игі жолға шығарып салды. Қажылыққа аттанушылар да мешіт басшылығына және қажылыққа дайындаған Қостанай облысы Қажылар қауымдастығының төрағасы, ҚМДБ-ы «Зекет қорының» Қостанай облысы бойынша өкілі Жақсылық қажы Ғайсаұлына өз ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі

Асыл дініміз Исламға еш қатысы жоқ, өзге ағымдардан сақтану жайлы қалалық насихат тобы әсіресе жастармен жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Сондай кезекті басқосу қалада қыркүйек айының екінші онкүндігінде өткізілді. Мешіт қызметкерлері ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, студенттермен кездесті. Кездесуге арнайы Қостанай қаласынан «ҚР Тәжірибе жүргізуші психологтар қауымдастығы» басшысы Калюжная Юлия Амантайқызы келді.

500-ден артық институт және колледж тәлімгерлерін қамтыған келелі кездесу Ы.Алтынсарин атындағы гимназия залында өтті. Мұнда «Ислам бағытындағы діни ағымдардың болмыстары мен зияндары» жайында әңгіме өрбіді. Алғаш болып сөз алған «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналған студенттерге – жастар еліміздің болашағы, басты құндылығымыз екенін айтып, әрқандай діни ағымдардың арбауынан қорғану керектігін, қоғамда болып жатқан құбылыстардан мысал бере отырып, олардың мемлекетіміздің тыныштығына, отбасының берекесіне, жалпы адам санасына тигізіп жатқан кері әсерлері жайлы кеңінен мағұлмат берді. Сондай-ақ ел тәуелсіздігіне сызат түсірмей, «Мәңгілік ел» идеясына қолдау білдіріп, ағым-секталардың жетегінде кетпей, өз Отанын сүйіп, діні мен тілін ардақтап, халқымыздың құнды байлығы – дәстүрімізді дәріптейтін намысты да жігерлі болайық деп жүрекжарды тілегін айтты.

Кейін Саян Қосжанов «Уаһабилер ұстанымы» жайында жастарға орыс тілінде мазмұнды түсінік берді. Кездесуден көкейлеріне көп насихат түйген, студенттер өз пікірлерін айтып, ойларындағы көптеген сауалдарға жауап алды.

Вторник, 23 Сентябрь 2014 00:00

Құрбан айт құтты болсын!

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады. Мұсылмандар Жаратушының разылығына жету үшін құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырласу сезімдерін күшейтетін маңызды күндер. Бұл күндер Алланың момын құлдарына берген сый-сыяпаты. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қазан айының 4-не тұспа-тұс келіп тұр. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауап таптыратын күндерден қылғай!

«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны береді. Бұл мейрамның «айт» деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Ал «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Бұл күндердің ұлықтығы сол – адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады.

Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Аллаһтың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда «Аллаһумма минкә уә ләка» (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.

Айт мерекесінің тарихы және айт намазы

Айт мейрамының тарихына келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Аллаһ Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.

Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екі күнді, бұлардан да жақсырақ басқа бір екі мейраммен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни ораза біткен күн) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалатын күн)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы екі мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.

Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

Умму Атия (р.ғ.): «Бізге айт күні шығуға, (яғни айт намазына) әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, олардың дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.

Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.

Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі рәкағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.

Ата (р.ғ.): «Ибн Аббас және Жәбир ибн Абдуллаһ: «Ораза айты күні және құрбандық күні азан айтылмайтын еді»,-деген»,-деді.

Басқа бір хадисте Ибн Аббас (р.ғ.): «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Ол (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа жасады»,-деді.

Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалаһ жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбірлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам өзіне ұйып тұрғандар тәкбір алып болғанша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субхана Аллаһ, уәл хамду лилләһ. Уә лә иләһә иллаллаһ» деп айтса да болады.

Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғке бармай тұрып, алғашқы рәкағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғке барады.

Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші рәкағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»-деген.

Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы екеуі бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.

Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.

Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни, имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.

Құрбан айттың бірінші күні

Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні» – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,– десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар»,– деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.

Құрбан айт мерекесін атап өту үлгісі

Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі:

«Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?», – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең», – деді.

Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көршілеріне, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.

Құрбандық шалу

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалудың үкімі – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және Құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын! » – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» сөзі – «жол» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасып келе жатқан жолы деген мағынаны меңзейді.

Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:

1. Мұсылман болуы;

2. Ақылды және балиғат жасына толуы;

3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;

4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы; Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».

Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандықтарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Себебі шалынған малдың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің Жаратушы Жаббар Иеміздің әміріне, «ләббайк» деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:

1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусилерге (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниеті мен тақуалығының негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37).

Құрбандық шалған кезде мына нәрселерге де назар аударған жөн: Құрбандық шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу және ол жерге малды ұрмай-соқпай апару. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқыған абзал: «Шынайы түрде жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаға қараттым және мен мүшріктерден (пұттарға табынушылардан) емеспін». (Әнғам сүресі, 6/79) «Айт: «Расында менің намазым, құрбандығым (түрлі ғибадаттарым), өмірім мен өлімім әлемдердің раббысы Аллаһқа арналған. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы және мен мұсылмандардың біріншісімін». (Әнғам сүресі, 6/162-163).

Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә, Алла Тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туысқа, бай болса, көршілеріне, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратқан абзал.

Ташриқ күндері және ташриқ тәкбірлері

«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.

Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Аллаһты еске алыңдар!» («Бақара»: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп.

Ташриқ тәкбірлерінің уақыты имам Әбу Ханифа мазһабында тоғызыншы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, он үшінші зүл-хижжаның екінді намазымен (қазан айының 3-күні таң намазынан басталып, 7-күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни жиырма үш парыз намаздардың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі - Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарасына негізделеді. Жәбир (р.ғ.) былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лиллаһил хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).

Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик, Алла Тағала оларға разы болсын, Арафа күні таңертең Минадан Арафаға барғанда жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).

Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд».

Арафа күні

»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзінің мағынасына келер болсақ, «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.

Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парызының соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауым Алла разылығы үшін құрбандық шалады.

Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Адам баласы Алла Тағала жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті).

Құрметті мұсылман кауым! Осы хадисте баяндалғандай зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағаныңыз жөн.

2014 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы

Мезгілі 25.09 26.09 27.09 28.09 29.09 30.09 01.10 02.10 03.10
Сәресінің аяқталуы 05:24 05:25 05:27 05:29 05:31 05:33 05:34 05:36 05:38
Ауыз ашар уақыты 19:47 19:44 19:42 19:39 19:37 19:34 19:32 19:30 19:27

Осынау құрбан айт күндері Алла Тағаланың берген ырыздықтарының шүкіршілігі ретінде келген меймандарға молынан дастархан жайып, пейілімізді тарылтпай, Аллаға ұнамсыз арақ ішу, жанжалдасу, бұзықтық жасау сияқты күнәлі әрі сауаптан құр қалдырар іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Сондықтан құрбан айт күндерін өз дәрежесінде қасиеттілігін ұғынумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, өркениетті, айбынды, дамыған мемлекеттердің қатарында бой түзеттіріп, Ислам дініне деген бет бұрысымызды одан әрі ынталандырып, екі дүние абырой сағадатына жетуді насіп етсін!

Ескерту:

Жылдағы үрдіс бойынша Қостанай қаласының тұрғындары құрбандықтарын Затобол кентіндегі Әулиекөл әрі Сарыкөл аудандарына шығатын жол торабының ортасында орналасқан «Ақ ниет» базарында шалатын болады.

Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

1. Зікірді (Алланы еске алуды) көбейтіңіз

Алла тағала Қасиетті Құранда былай деген:

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13;28)

2. Намаздарды көбейтіңіз

«Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла  сабыр етушілермен бipгe» (2;153).

Кейінгі зерттеулер медитацияның, оның қандай болғанына қарамастан, адамға жасайтын физиологиялық ықпалын дәлелдеді. Бұл медитациялардың көп түрі ойдың бір нәрсеге шоғырлануы, кейбір сөздерді қайталау және тыныс алу арқылы жүзеге асырылады (Гринберг, 142, 143 б.).

3. Дәрет алыңыз

Релаксацияның маңызды құрамдас бөлігін Ханс Лоер «жетістік әдеті» деп атады. Бұл әдеттер өте жеңіл, мысалы, дәрет алу. Сонымен қатар, олар тиісті түрде орындалуы тиіс: денедегі керекті жерлерге су тигізу жеткілікті емес – оға қоса ол жерлерді уқалау қажет.

4. Кешірім тілеу

Адам жаман еш нәрсе істемеген жағдайдың өзінде, кешірім тілеуі керек.

«(Сондай-ақ оларға): “Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол, өте жарылқаушы”» (71:10).

5. Құран оқыңыз

Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Құран ақыл дертіне қарсы құрал» (Бухари).

Доктор Гринбергтің айтуы бойынша: «Дауыстық жаңғырықтың щипалық әсері бар, және қазіргі таңда кең қолданысқа енуде. Құранды қайталау немесе тыңдау біздің ағзамызға, жүрегімізге, және ақылымызға әсер етеді». Сонымен қатар зерттеулерге сәйкес, «Әлиф» әрпі жүрегімізбен, «Йә» әрпі миымыздағы домалақ безбен үндеседі екен.

Акбер клиникасының дәрігері Ахмад аль-Кади (Панама сити, Флорида)  Құран тыңдаудың адамның физиологиясына (жүрегіне, артериялық қысымына, бұлшық еттерінің қүш салуына және т.б.) әсері жайлы зерттеу жүргізіп, нәтижесін  жарыққа шығарды. Ол аталған факторлардың тыңдаған адам мұсылман немесе араб, болып болмауына қарамастан, тәуір бола бастағанын айтады. «Тыңдаған нәрсесін түсініп, Құранға сеніп рахаттанған адам неғұрлым пайда алатыны анық болды» - дейді доктор Атар.

6. Келесі өміріңізді өзіңіздің басты мәселеңізге айналдырыңыз

Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бұл дүниені өзінің басты мақсаты қылған адамның ұмтылысын Алла тағала жояды және көкірегіне үрей ұялатады , ол адам бұл дүниеден тағдырында барына ғана қол жеткізеді. Ал келесі дүниені өзінің басты мақсаты еткен адамның жүрегін Алла тағала молшылық сезімімен толтырады, бұл дүниенің байлықтары,  ол адам қаламаса да, өздері келеді».

Бүгінгі таңда күйзелістің басты себептерінің бірі ақша болып табылады: төлемдерді қалай төлеу, жұмысымнан айрылып қалмаймын ба, әкесі қайтыс болса, жанұямен не болмақ және т.с.с.

7. Жағымды ойлаңыз

Мұсылмандар өткен жаман кезеңдерді ұмытып, жақсылыққа үміт етіп,  ізгі нәрселерді ойлау керек. Өткен өмірді өзгертуге тырысу – пайдасыз уақыт кетіруден басқа ештеңе емес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, «егер де» сөзі шайтанға жол ашады. Сонымен қатар, Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Біліңдер, жеңіс сабырдан кейін келеді, жеңілдік қиындықтан кейін келеді».

Мұсылмандар қиын кезеңде дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ екенін жақсы түсінеді: бұл қамығу мен уайымның себебі емес, өйткені біз, әр қиындықтан кейін жеңілдік болатынын білеміз.

8. Уақытыңызды қорқыныш пен күйзелісті ойлауға кетірмеңіз

Уақыт таба алмау – күйзелістің ең жиі себептерінің бірі (Seyle, 102 б.). Еріншектік барлық жамандықтың кепілі, Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) одан Алла тағаладан пана іздеуге шақырды. Мұсылмандар өмірдің қысқа екенін, уақыттың бағасыз екенін түсіну керек: біз тыңбай еңбек етіп, тиісті білім алуға тырысуымыз керек.

Ағылшын тілінен аударған Azan.kz
Darulfiqh.com
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz

Понедельник, 22 Сентябрь 2014 00:00

Көп балалы отбасыларға көмек

ҚМДБ-на қарасты еліміздегі барлық мешіттерде бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша қайырымдылық шаралары өткізіліп келеді. Осы орайда Қостанай облысы, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Нұрқанов Сейіттің ұйымдастыруымен жүрегі кең, жаны жомарт демеуші арқылы жағдайы төмен көп балалы 4 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Әр отбасыға 1 қойдан және 30 мың теңгеден табысталды. Демеуші, Аллаһ ризалығы үшін жасалған амал болғандықтан, есімін жария етпеуін сұраған. Бас имам Сейіт қажы Темірбекұлы өз сөзінде: «Аллаһ ол кісіге ұзақ ғұмыр, береке-байлығын арттырып, екі дүниеде де бақытты болуын нәсіп етсін!-деп ізгі ниетін білдірді.

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником