Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі өтті. Келелі кеңес барысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі талаққа (ажырасуға) байланысты арнайы шешім шығарылды.
«Қазіргі таңда талаққа (ажырасуға) қатысты кейбір мәселелер елімізде дауға айналып отыр. Шариғатта талақ ету билігі ер кісіге берілген. Алайда белгілі бір себептер негізінде әйелдің қазиға шағымдануы арқылы да ерінен ажырасуына рұқсат беріледі. Әйелдің немесе туыстарының қазиға жүгіне отырып, ерінен мынадай жағдайларда ажырасуына құқығы бар:
1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;
2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда;
3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;
4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;
5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса;
6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;
7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе.
Міне осындай жағдайлар негізінде қазиға әйел немесе туыстары шағымданған кезде қази ерлі-зайыптылардың арасына араласып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізген соң шешім шығарады.
Ескерту:
* Екі жақтың туыстары ерлі-зайыптыларды татуластыра алмаған жағдайда ғана қазиға жүгінеді.
* Қази қызметін ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі атқарады», – делінген пәтуада.
ҚМДБ ғұламалар кеңесінің басты қызметі қазіргі таңда қоғамда туындап жатқан жаңа мәселелерге шешім, пәтуа шығарып, діни сауаттылықты арттыру.
ҚМДБ баспасөз қызметі
Еліміздегі әрбір бесінші отбасы бала сүйе алмайды. Сондықтан медициналық жолмен жасанды ұрықтандыруға барып жатады. Бұл - қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгін Алматыда өткен ҚМДБ ғұламалар кеңесінде аталған мәселенің шариғи үкімі талқыланып, пәтуа шығарылды.
«Медицинада жасанды ұрықтандырудың бірнеше түрі бар. Оны сырттай және іштей ұрықтандыру деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Екеуінің арасындағы айырмашылыққа келсек, іштей ұрықтандыру әйел адамның жатырының ішінде жүзеге асады. Сырттай ұрықтандыру ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа клеткасы жатырдың сыртында арнайы түтікшелерде ұрықтандырылу арқылы іске асады. Бірақ екі жағдайда да баланың дамуы, өсуі жатырдың ішінде болады.
Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі.
а. Күйеуінің ұрығын әйелінің жатырына іштей ұрықтандыру арқылы орналастырады. Шариғатта бұл әдіске рұқсат берілген. Еркектің ұрығы өздігінен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмағандықтан осы әдіс қолданылады.
ә. Әйелді күйеуінен тыс өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе бұл тәсіл күйеуі белсіз, яғни табиғи жолмен де жасанды жолмен де ұрықтануға келмеген жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмаған кезде жүзеге асады. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алып бала көтеруге мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын құтыда нобель сыйлығының иегері т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарға қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса сол каталогтан керегінше таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы.
Үкім:
- жоғарыда көрсетілген «іштей» және сырттай ұрықтандыру» көріністерінде ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта рұқсат етіледі.
- бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және «зина» ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған.
- Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өзіне тиесілі ұрықты сатуға да, тегін беруге де құқығы жоқ», – делінген пәтуада.
ҚМДБ баспасөз қызметі
«Келісім мен жасампаздық – Орталық Азиядағы исламның дәстүрлі негізі»
Алматы қаласында өткен Орталық Азия Ғұламалар форумының
ҚАРАРЫ
Ислам діні экстремизм мен терроризмге қарсы
بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ
اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
وَالْعَصْرِ ١ إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ ٢ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَتَوَاصَوْا بِالْحَقِّ وَتَوَاصَوْا بِالصَّبْرِ٣
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
«Заманға серт. Негізінен, адам баласы сөзсіз зиян шегуде. Алайда иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды өсиеттескендердің жөні басқа».
Ислам – адамгершілік құндылықтарға негізделген биік мәдениет пен өркениеттің діні. Ислам мәдениеті мен өркениеті он бес ғасырдан бері бүкіл адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай қайырымдылыққа, жомарттыққа, ізгі ниеттілікке, кешірімділікке және әділдікке шақырып келеді. Ислам діні ғасырлар бойы ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде. Ислам діні зорлықты, зұлымдықты емес,керісінше ізгілік пен игілікті насихаттайды. Құран Кәрімде:
ادْعُ إِلَىٰ سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُم بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ
«Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр әрі олармен ең көркем түрде пікір таластыр!» – деп, бұйырылған[1].
Сондай-ақ барша ғаламды махаббатпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)жер бетіне мейірімділік пен бейбітшілікті тарату үшін жіберілген. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл жайында:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге тек рақым елшісі етіп жібердік»[2] – дейді.
Міне, осы ислам дінімен келген мейірімділік әлем халықтарының мәдениетінде ерекше орын алып, ажырамас бөлігіне айналған. Осындай ғажап құндылықтарды бойына сіңірген әлем мұсылмандарын соңғы кездері экстремизм мен терроризм мәселелері қатты алаңдатып отыр. Экстремизм мен терроризм – ешқандай діни, адами құндылықты мойындамайтын зұлмат. Экстремизм мен терроризм алуан түрлі көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Ең сорақысы экстремистер бейбітштшілік сүйгіштікке, байсалдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға төзімділікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін құбыжық, қатыгез дін ретінде көрсетуге, басқа өркениеттермен қақтығыстыруға күш салуда. Осы арқылы тек дінаралық татулықты бұзумен шектелмей, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Ислам атын жамылған дінбұзарлар қасиетті Құран Кәрім аяттары мен хадистерді бұрмалап, өздерінің қылмыстық идеологияларын іске асыру үшін діни құндылықтарды теріс мақсатта түсіндіруде. Аталмыш дінбұзарлар зұлымдық әрекеттерін ислам дініндегі қасиетті ұғым болып саналатын «жиһадпен» байланыстыруда. Алайда әлемдегі түрлі лаңкестікті тудырып отырған экстремизм мен терроризмнің Ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ. Мұның айқын көріністерінің бірі мұсылмандар тіпті, сәлем бергеннің өзінде бейбітшілік пен тыныштықты тілеп амандасады. Мұсылмандар сәлемдесуде қолданатын «Ассалаумағалейкум» сөзі «сендерге Алланың есендігі, тыныштығы болсын!» деген мағынаны білдіреді.
Бүгінгі таңда исламға телініп жүрген экстремизм және терроризмхалықаралық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Олардың құрамы исламның негізгі қағидаларын білмейтін діни сауатсыздардан тұрады. Дінбұзар лаңкестердің жасаған қатыгездіктерінің барлығы ислам шариғатына қайшы келеді. Алла Тағала мұсылмандарға белгіленген шектен шықпауды бұйырды.Жер бетінде зұлымдыққа, әділетсіздікке, қан төгуге тыйым салды.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады:
مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا
«Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең...»[3].
وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا
Сондай-ақ келесі аятта: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар»[4] деп қатаң ескертеді. Ал қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін былай баяндайды:
وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ
«Алла бұзықшылық шығарушыларды сүймейді»[5].
Бейкүнә жандарды өлтіру үшін өзіне қол жұмсайтын жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Ал шын мәнінде өзін-өзі өлтіру –үлкен күнәлардың бірі. Алла Тағала бұл турасында:
وَلَا تَقْتُلُوا أَنفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا
«Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар! Шын мәнінде Алла Тағала сендерге өте рақымды», - деп бұйырады[6].
Біз, Орталық Азия Ғұламалары, осы форумда төмендегідей қарарды қабылдаймыз:
- ислами құндылықтардың қайнар көзі саналатын Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың сүннетінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандардың жанын қиюға қатаң тыйым салынған;
- соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтірудің шариғаттағы үкімі – харам;
- ислам діні тыныштық пен бейбітшілікті көздейді. Террорлық әрекеттер исламның бұл ұстанымына қайшы;
- дін атын жамылған лаңкестік әрекеттер – ислам дініне қарсы жасалып жатқан қиянат.
30 қазан, 2015 ж. Алматы қаласы.
[1]«Нахыл» сүресі, 125 аят.
[2]«Әнбия» сүресі, 107-аят.
[3]«Мәйдә» сүресі, 32-аят.
[4]«Ағраф» сүресі, 56-аят.
[5]«Мәйдә» сүресі, 64аят.
[6]«Ниса» сүресі, 29 аят.
Бүгін Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия ғұламаларының халықаралық форумында бірауыздан Үндеу қабылданды. Үндеу мәтінімен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров таныстырды. Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан ғалымдары қабылдаған Үндеудің толық нұсқасын төменде жариялап отырмыз.
Орталық Азия халықтарының басым көпшілігі ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата діні – Исламды саналы түрде жүрек қалауымен қабылдады.
Байтақ даланың тұрғындары рухани негіздерін Исламнан тауып, діннің адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіріп, өздерінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын байыта түсті.
Орталық Азия – Исламның таралу аймағы ғана болып қалған жоқ. Сонымен қатар, баршамызға ортақ тарихи дініміздің даму, өркендеу орталығына айналды. Орталық Азиядан шыққан имам Мұхаммед әл-Бұхари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Жүсіп Баласағұни сынды ғұлама-ғалымдар, ойшылдар әлемдік Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Осылайша Орталық Азияда исламдық дәстүрлі ағарту мектебі қалыптасты.
Әлемдік ойшылдарымыздың тұлғалары мен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышы болды. Бүгінде дүниежүзі мұсылман ғалымдары бізді, Орталық Азия мұсылмандарын сол ұлы ислам ғалымдарының тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.
Біз Ислам және бейбітшіліктің – егіз ұғым екенін айтудан және осынау ұлы ұғымдарды ұрпақ санасына сіңіруден ешқашан жалықпауымыз қажет.
Бүгінгі форумның негізгі идеясына айналған Орталық Азиядағы мұсылман үмметінің құндылықтарын жандандыру бастамасын құптаймыз. Осы ретте барша мұсылманды орта жолды ұстануға, дін атын жамылып, соқыр сенімге жетелейтін, дінді озбырлық әрекеттер мен саяси және жеке мүдделер үшін пайдалануды көздейтіндерге ілеспеуге шақырамыз.
«Бейбітшілік», «есендік», «амандық» сынды ұғымдарды білдіретін «Ислам» сөзін зорлық-зомбылық әрекеттермен, террористік шабуылдармен байланыстыруды мақсат тұтқан топтардың іс-амалдарын қатаң айыптаймыз. «Ислам тек қылышпен таралды», – деген негізсіз айыптаулар мен пайымсыз пікірлерді жоққа шығарамыз және бұған жол бермейміз. Ислам – Алла разылығын көздейтін, бейбіт, ізгі қоғам құруды мақсат тұтатын соңғы дін. Күш қолдану мен өшпенділікке жол беру – Исламға жат.
Орталық Азия мұсылмандарының діни жолы – Әбу Ханифа мен Мәтуриди мәзһабы. Ханафи мен Матруди мәзһабы өзінің діни-құқықтық мәртебесін сақтай отырып, дінде шектен шығушылардың тегеурінді озбырлық әрекеттеріне төтеп бере алады.
Біз, Орталық Азия Бас мүфтилері, ғұламалар, форумға қатысушылар барша Ислам ғалымдарын, сарапшыларды, мұсылман үмметін ортақ мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнатуға, террористік әрекеттерге тосқауыл болуға, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихатталуына, тарихи дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырамыз.
Форумға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Бас мүфтилері мен ғұлама-ғалымдары қатысты
Алматы қаласы 30 қазан 2015 жыл
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласында өтіп жатқан «Келісім мен жасампаздық – Орта Азиядағы Исламның дәстүрлі негізі» атты халықаралық форумда осылай деді.
«Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:«Мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді», – деген.
Діннің осындай ең қарапайым қағидаларынан хабарсыз адам кім үшін, не үшін соғысып жүргенін білмейтін дәрежеге жетті. Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Алла Тағаланың өзінің соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында былайша баяндалады: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік», – деген», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Халықаралық форумда Ислам ғалымдары мұсылман үмметін, жалпы халықты ортақ мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнату, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттау, асыл дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізу, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғырту, дамыту мәселелерін талқылауда.
ҚМДБ баспасөз қызметі,
muftyat.kz
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Біз, қазақ халқы табиғатынан имандылыққа, ақындыққа, даналық ойға жақын жұртпыз. Бабаларымыз текті, сөзі келісті, пікірі кесімді, парасатты болған. Жау шапса батырларымыз ерлік көрсетсе, дауға ақындарымыз дайын болған. Ал, арағайындық қызметті, яғни екі елді табыстырып, мәміле жасасуға дана билеріміз белсенділік танытып отырған.
XV ғасырда, яғни Алтын орданың ыдырау тұсында өмір сүрген Асан Қайғы бабамыздың отты жырлары мен өсиетті өлеңдері имандылыққа негізделген. Оның шын аты – Хасан Сәбитұлы. Тарихи деректерде жазылғандай, бабамыз Қазақ хандығының негізін салушылар деп саналатын Керей мен Жәнібек хандардың ақылшы биі болғаны белгілі. Мұны қазіргі тілмен түсіндірсек, жоғары лауазымды тұлғаның кеңесшісі деуге болады. Асан Қайғы жырлары арқылы халықты бірлік пен берекеге ұйытып, Қазақ хандығының іргетасын қалауға мол үлес қосқан. Халқымыздың рухани қалыптасу жолында да белсенділік танытты. Сол кездегі оқиғаларға талдау жасап қана қоймай, оның салдары қандай болмақ, істі неден бастау керек деген сұрақтарға жауап іздеген, тұжырым жасаған. Шоқан Уәлиханов Асан атамызды: «Көшпенді қазақ, қоғам ұлысының философы», – деп сипаттаған. Асан Қайғының толғаулары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып, бақытты өмір сүруге үндейді. Мәселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады.
Өлең-жырдағы негізгі ой мен тұжырым былай түйінделген:
«Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу деген дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..»
Расында да кейде болмашы нәрсе үшін адам баласы пенделікке ұрынады, дүниелік істерге таласып, абыройсыздыққа душар болады. Ал Асан Қайғы бәріне парасат биігінен қарауға үндейді.
Атақты жырауларымыздың бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы жас кезінен киелі сөздің шебері, ақындық қырымен танылған. Ол мұсылманша білім алған. Сондықтан да толғауларында мұсылмандық мұратты басты орынға қойған. Қазақта: «Басқа пәле – тілден», – деген тауып айтылған асыл сөз бар. Адам баласы тіліне сақ болмаса, күнәні де тілінен табады екен. Сөз бен тілге байланысты Шалкиіз жырау былай деп жырлаған:
«Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау».
Бағзы кітаптарда Лұқман хәкім туралы мынадай оқиға баяндалған. Бір кісі одан малдың ең тәтті жерін алып кел деп бұйырыпты. Лұқман қойды сойып, тілін әкеліпті. Енді ең ащы жерін әкеліңіз десе, тағы да сол тілді алып келген екен. Сонда себебін сұрап: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз», – десе, ол: «Жақсылық та, жамандық та – тілден, тіл байқап сөйлемесе, тас жарады, тас жармаса – бас жарады», – деп жауап беріпті.
Ел қорғау, Отанды аялау, бейбітшілікті сақтау – мұсылманның асыл міндеті. Бұл қасиеттер жырауларымыздың толғауларынан тыс қалсын ба?! Көрнекті ақын-жырау Доспамбет (қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай Дұсмұхаммед сөзі Доспамбет деп өзгеріске ұшыраған болар, мәселен Мұхаммед сөзі қазақ даласында Мұхамбет, Махамбет, т.б. деп аталып кеткен) ел қорғауды мұсылмандық әрі перзенттік парыз деп санаған. Ол Қырым, Ноғайлы, Қазан хандықтары арасындағы шайқастарда қолбасшы болған. Бір өлеңінде: «Осы жолда шаһид болсам, яғни жанымды берсем өкінбен», – деуі тегін емес, сірә.
Доспамбет жырау:
«...Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кешсем, өкінбен!..» деп ерлікті насихаттаған. Бұл өлең де қазақ даласындағы ер-жігіттерге жігер сыйлаған.
XVII ғасырдың көрнекті жырауы Жиембет ақын ер-жүрек батырлығымен де, ұшқыр ақындығымен де көзге түскен. Кейбір кітаптарда Жиембет жырау 1620 жылы Есім ханның ойраттарға қарсы соғысында Кіші жүз қолын басқарғаны туралы жазылған. Ол Есім ханның есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:
«...Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды».
Абылай ханның тұлғалық бейнесін тұңғыш сипаттаған, қоғам қайраткері Бұқар жырау ханның ақылшысы, яғни кеңесшісі болған. Бұқар Қалқаманұлы халықты имандылыққа шақырған. «Тілек» деп аталатын өлеңінде шариғатты біліп, ұстануға, рухани тұрғыдан өсіп, өнегелі өмір сүруді уағыздаған.
Бұқар бабамыз:
«Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа
...Бесінші тілек тілеңіз
Бес уақытты бес намаз,
Береуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды.
Ақын адамгершілікті насихаттап, кеңпейіл мінезді болуға шақырған. Алланың ақ жолында жүріп, шариғатқа бекем болудың маңыздылығын түсіндірген. Бір өлеңінде:
«Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес», – дейді.
Расында да адам баласы кеңпейілді болған сайын, оның адамгершілігі артады. Халқымызда: «Кең болсаң, кем болмайсың», – деген сөз бар. Көркем мінез – мұсылманға тән сипат.
Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған. Асыл діннен бастау алған бұл мақалдар қазақ даласында жиі айтылып келді. Қазір де маңызын жойған жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін жамағатпен бірге болуға шақырған. Алла Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деген өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір еткен.
Исламды ұстанған бабаларымыз да бірлікті қашан да өлең-жырға қосқан.
17 жасынан шайқасқа қатысып, қазақ жерін қалмақтардан қорғаған белді батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының өсиет өлеңдері де пайғамбарлар сөзімен үндесіп жатыр.
Мақаланың қорытындысын Ақтамберді жыраудың өлеңімен өрбітсек:
«Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке».
Алла Тағала елімізді аман, жерімізді тыныш еткей. Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ісіміз берекелі болғай. Әмин!
Асылхан қажы ТҮСІПБЕК,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы