Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді
Жуырда қасиетті Рамазан айында өңіріміздегі „Сарыкөл„ газеті мен „Аққозы қажы„ мешітінің ұйымдастыруымен „Бата – Құранның анасы, ердің данасы„ деп аталатын бата беруден сайыс өтті.
Жалпы, бата беру қазақтың ежелден мирас болып келе жатқан дәстүрі. Сондықтан осы мәдениетіміздің дәрежесін көтеру, әрі батагөй кісіні анықтау мақсатында ұйымдастырылған басқосудың орны ерекше. Осы сайыстың екінші бөлімінде „Жеті атасын білмеген жетесіз„ демекші, балалардың жеті аталарын білу жайы да сарапқа салынды.
Онда әділқазылар алқасының құрамында қарт ұстаз Қаду Сақауов, Орталық кітапхана директоры Солдат Дүтбаев,«Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық болды.
Осы сайыста бас имам Дәулетбай қажы Әбдіхалық «Дін мен дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбында уағыз айтты.
Жалпы, бұл шараға 42 адам қатысты. „Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар„ деген бар емес пе? Олардың ішінен ең біліктілері ғана топ жарды.
Байқаудың қорытындысы бойынша, Бас жүлдені Қоскөл ауылының молдасы Қайыр Шайсұлтанов жеңіп алды. Бірінші орынға Сарыкөл ауданының орталығынан Қалыбай Идрисов, екінші орынға Севастополь елді-мекенінен Әсмә Нұртазина, үшінші орынға Соналы және Ырыстомар ауылдарынан Қаппас Бекмағанбетов пен Жақсылық Минзарипов ие болды.
Бұл жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ жеті атасын айтуда ерекше көзге түскен 7 жасар Ибраһим Махмұт пен Даниал Исахметов және 13 жасар Анел Сәдуақасовалар көпшіліктің құрметіне бөленді. Оларға да мадақтау қағазы мен сыйлық табыс етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі