Қостанай облысының Науырзым ауданындағы «Түркебай» атындағы мешітінде адамзаттың ардақтысы болған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туылған айына орай Мәуліт рухани кеші болып өтті. Аталмыш кеште облыстың өкіл имамы Б.Тәжімбет аудан басшылары мен ел ақсақалдары қатысты.
Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға салауаттар айтылып, адамзаттың ұстазы болған ұлы тұлғаның өмірі мен өнегесі жайлы насихаттайтын мәуліт жыры оқылды.
Кеш соңында мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жаһлият (қараңғылық) қоршап тұрған ел еді
Нақ хақ діннің керек болды көмегі
Бастан кешіп меңіреулік өмірді
Надандықтың лаулап тұрған кез еді
Ескерілмей адамдардың құқығы
Нұрлы ұғымның сынық еді тұғыры
Құл мен тұтқын аянышты күн кешіп
Қыз баланың қысқа болған ғұмыры
Терең еді текетірес тепкіні
Амылсыздан еске аламын тек мұны
Қыз баланы есептемей адамға
Тірі жатып жер астында өшті үні
Қараңғылық барлық елді жайлады
Көпдінділік бар ғаламды шарлады
Бүкіл әлем күтті асыға келуін
Бір ұлы жан келеді-ау деп сындарлы
Құтқаруға мүшкіл хәлін адамның
Құлдыратпай құндылығын ұлт жанның
Жаббар Ием дүниеге әкелді
Хақ Пайғамбар Мұхаммедтін ғаламның
Ұлы мінез иесі еді Пайғамбар
Шебер көркем басшыда еді ол сардар
Насихатын әсерлі ғып баяндап
Сара жолын даналықпен ол салған
Имандылық Пайғамбардың сүннеті
Құнсыздықтың дендеп тұр еді нақ шегі
Жаббар Хаққа дұға жасап сыйын – деп
«Дін» Ислам» болды оның өлшемі
Исламда асыл міндет адалдық
Дәл бір сол кез рух аз еді адамдық
Құран сөзін құнарлы оймен жеткізіп
Шекарасын жіктеп берді абзалдың
Оңай болмады түсіндіру баршаға
Зор қабілет керек болды – мол шама
Бар ғаламды жаратушы бір Алла
Елшісіне молдап берді ой-сана
Қырғын соғыс бастан кешті Пайғамбар
Құранды оқып, қорған болды Алла жар
Міне, бүгін мұсылманбыз сыйынған
Пайғамбар Хақ, тек бір ғана Алла бар
Мұхаммедтің бар өмірі өнеге
Бар қасиет тек жай саған келеме
Пейіл, мейір нұр ғып шашып әлемге
Құтқарды ол қор болудан келеке
_________________________________________________
Қостанай облысы
Науырзым ауданы
«Түркебай» атындағы мешіттің алқа мүшесі
Тілеуғабылов Жаңбыршы Тұқатұлы
2015 жылдың 25 қарашасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «2020 жылға дейін діни білім беруді дамыту» тұжырымдамасы қабылданған. Онда діни білім беру жүйесін қалыптастыру мен дамыту мақсаттары мен міндеттерін және стратегиялық бағыттары айқындалған.
Осы Тұжырымдама негізінде Қостанай облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен қалалар және аудандар имамдарына арналған үш күндік оқу-ағарту семинары өз жұмысын бастады.
Қостанай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық орталық мешітінде 2015 жылдың қорытындысы бойынша жиын болып өтті. Өкіл имам Б.Тәжімбет облыс көлеміндегі қалалар мен аудандар мешіттерінің бас имамдарын жинап, Астанада өткен төралқа жиынында тапсырылған міндеттер мен жұмыстар жайында айтып өтті.
Дін саласының 4 бағыты: уағыз насихат, қайырымдылық, жат ағыммен күрес, сауат ашу курстарын жандандыруды және имамдар форумында қабылданған 4 құжат бойынша жұмыстарды одан әрі жалғасатыруды имамдарға тапсырды.
Жиын барысында Сарыкөл, Жітіқара аудандары мен Лисаков қаласының имамдары мекемелер мен оқу орындарында 4 бағыттың бірі болып табылатын - уағыз насихат жұмыстарына билік тарапынан тосқауыл қойылып тұрғанын айтып өтті.
Сонымен бірге, 2016 жылы Жастар ісі бойынша жасалатын іс-шаралар туралы жоспар талқыланып, әр қалалар мен аудандарға аталған бағытта жұмыс жасауға тапсырмалар берілді.
Қостанай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылдың 11 желтоқсанынан бастап Хижри жыл санауы бойынша Рабиул әууал айы басталды. Бұл ай ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған айы. Сондықтан әлемде және еліміздің жер-жерлерінде мәуліт оқылып құрметтеліп атап өтілуде. Соның бірі Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде өкіл имам Б. Тәжімбет және наиб имамдар Д.Сыздық пен А.Ермат жамағатқа мәуліт қасидасын оқыды.
Мұндай шара Арқалық қаласының «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде де болып өтті. Мешіт жанындағы діни сауат ашу курсының шәкірттері мәуліт қасидаларын мәнерлеп оқып, нақышына келтіре орындады. Шәкірттердің айтқан мадақ-салауаттарына жиналған қауым өз ризашылықтарын білдіріп, үлкендер жағы игі тілекпен ақ батасын берді. Бектұрсын Торғайбайұлы екі дүние саруары, Алла елшісінің дүниеге келіп, күллі адамзат баласына жақсы мен жаманды, халал мен харамды ұғындырып, білім сәулесімен адам жанына шұғылалы шуақ шашқан мәуліт жайлы мағұлмат берді.
Осындай тәрбиелік мәнге ие болған игілікті іс-шара Арқалық қаласына қарасты Фурманов және Молодежный ауылдық мешіттерінде де өткізілді.
Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі және Жас Отан жастар қанатымен бірлескен конференциясы болып, оған Қостанай облысы бойынша Жастар ісі жұмыстарының қызметкері Жұмағұлов Ғұмар қатысты. Аталмыш жиында ҚМДБ-ның Бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлы, Жалпы жастар ісінің менгерушісі Алтынбек Ұтысхан, Жас Отан Жастар қанатының жетекшісі Аслан Санжарұлы, Дін істер агенттігінің басшысы Балғабек Мырзаев, спорт чемпионы Ардақ Назаровтар болып, «Жастар ел-болашағы» тақырыбында ой өрбітті.
Сонымен бірге алдағы келе жатқан 2016 жылы жұмыстары туралы жоспарлар талқыланды.
Осы конференция нәтижесі бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Жас Отан Жастар қанатымен болашақта бірігіп жұмыс туралы меморандумға қол қойды. Жиын соңында «Жастар шамшырағы» атты кітаптың тұсаукесері жасалды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында ауданымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы, Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы келіп, аудандық «Сатыбалды ишан» мешітінің жамағатымен кездесу өткізді.
Жиналғандарды «Тәуелсіздік күні» мерекесімен құттықтап, аудан тұрғындарына жақсылықтар мен еңбектеріне табыс тіледі. Содан соң Тәуелсіздік құрбандарын еске алып, олардың рухына арнайы құран бағыштады. Бас имам Б.Нұрғабылұлы бүгінгі қоғамдағы өзекті деген мәселелер жайында сөз қозғап, әртүрлі дін атын жамылған ағымдардан сақ болуға шақырды.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің найб имамы Икрам Бақытжан Қостанай автомобиль колледжінің 4 курс студенттеріне ҚМДБ-ның Тұғырнамасын таныстырып, оның маңыздылығын, аса құнды екендігі туралы сөз етті.
Сонымен бірге қазіргі таңда жастар арасындағы өзекті болып тұрған мәселелерді көтеріп олармен күресудің жолы имандылық және дін мен дәстүрді ұстану керектігін жеткізді.
Кездесуде Тұғырнаманың жастарға беретін тәрбиелік мәні, құжаттардың басты мақсаты ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес білімді болуына, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақыру, түрлі ағымдарға түсіп кетуге жол бермеуге, өзге діндер өкілдерімен ынтымақта тіршілік етуге, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтауда отандық тәжірибені нығайтуға үлесін қосатындығын атап өтті.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Әуликөл ауданы «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Балахмет Нұрбол Исламұлының бастамасымен “Нұр Отан” партиясы филиалы өкілдері, №15 өртке қарсы қызметі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық» тақырыбында бірлескен дөңгелек столы болып өтті.
Жиында төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы подполковник Д.Төрежанов елімізде орын алған сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айта келіп, ол үшін қандай жаза қолданылатынын егжей-тегжейлі атап өтті.
Сонымен бірге “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Есенғалиевте «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасымен жиналғандарды таныстырып өтті.
Бас имам Балахмет Нұрбол да Ислам дінінің жемқорлыққа көзқарасы, теріс ағымдар мен діни экстремизмді насихаттаушылардан сақтану жолдар туралы айтып өтті.
Шараның соңында төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 20 жыл толуына орай бөлімнің үздік қызметкерлері прапорщиктер Аманқарағай селосы №1 өрт сөндіру постының жүргізушісі Сергей Малышев, №15 өрт сөндіру мекемесінің өрт сөндірушісі Владислав Муфтахов, Құсмұрын поселкесі №2 өрт сөндіру постының бөлімше командирі Мирам Қадырбековтер марапатталды.
Жұмакүл ХАКІМЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
Елбасының қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауын теледидардан тікелей эфир арқылы тыңдап, ондағы айтылған тұжырымдарды толығымен қолдаймын.
Онда еліміздің алдында тұрған міндеттер айқындалған. Енді біздің алдымызда тұрған басты мақсат – маңызды құжатта көрсетілген ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға өзіміздің лайықты үлесімізді қосу.
Өздеріңіз де байқаған боларсыздар мемлекет басшысы халқымызды әлеуметтік жағынан қорғауға ерекше назар аударып отыр
Сондай-ақ үнемдеу жайына да көп көңіл бөлінген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиындықтарды жеңе отырып, әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосылуға бәріміз ат салысуымыз қажет.
Аталған Жолдауды барша дін қызметкерлері қолдайды. Дағдарыс та уақытша екендігі белгілі. Сондықтан ұйымшылдық таныта отырып, әрқайсысымыз өз саламызда белсенділік танытқанымыз жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тәуелсіздік алған 24 жылда толағай табыстарға қол жеткіздік. Алдағы уақытта да бүкіл еліміздің халқы талай асуларды алатындығына нық сенімдімін.
Хасен ӘЛІМБАЕВ,
Әулиекөл ауданы
Соснов ауылының молдасы