Таяуда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің ұйымдастыруымен Алтынсарин, Таран және Федоров аудандарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан ауызашар берілді.
Осынау ауызашар рәсіміне облыс имамы Бахытбек Тәжімбет қатысып, Рамазан айының ерекшелігі мен қадір-қасиеті жайында уағыз-насихат айтты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген. Сондықтан осы қасиетті айда кімде-кім мүмкіндігінше жақсылық жасайтын болса, Аллах Тағала тарапынан сауапқа молынан кенелетінін сөзге тиек етті.
Сондай-ақ Бахытбек Нұрғабылұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қазіргі таңда Ислам дінін өркендету, қалың жұртшылықты имандылыққа баулу, үлкенді-кішілі қауымды теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстарына да кеңінен тоқталды.
Ауызашарға қатысқан жамағат муфти хазреттің атынан берілген ауызашарға шынайы ризашылықтарын білдірді. Оған жауапты да абыройлы қызметінде табыс, деніне саулық тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Соңғы біраз жылдардан бері қасиетті Рамазан айында облыс орталығына іргелес жатқан Рудный кеншілер қаласында да мұсылман азаматтар ауызашар беруді дәстүрге айналдырды.
Осы таяуда ғана шаһардағы Соколов – Сарыбай кен байыту өндірістік комбинатының президенті Береке Сағатұлы Мұхаметқалитегі Рамазан айының құрметіне арнайы дастархан жайып, жиналған жұршылықтың құрметіне бөленді.
Бұл ауызашарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы, облыс әкімінің орынбасарлары, Рудный қаласының әкімі Бақытжан Темірұлы және жергілікті мекеме басшылары қатысты.
Жиналған қауым алдында Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы барша жамағатқа Рамазан айының қадір – қасиеті мен Қадір түнінің ұлықтығы жайлы кеңінен әңгімеледі. Биылғы бұл ауызашардың ерекшелігі бас қосқан 300-ден астам жамағат ауыздарын қасиетті зәм-зәм суымен ашты. Олар Береке Сағатұлы мен барша игі ниетті азаматтарға шынайы алғыстарын айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Ақтөбе қаласында орын алған жағдайлардан кейін облыс көлемінде насихат және түсіндіру жұмыстарының маңызы арта түсуде. Сол мақсатта Рудный қаласындағы «Рудныйавтотранс», «Рахат» көгалдандыру және абаттандыру мекемесінің цехы, «Туберкулезге қарсы балалар санаторийі» қызметкерлері және Горняцкий кенті тұрғындарымен «Ағымдардан сақ болу» атты тақырыпта ауқымды семинарлар болып өтті. Аталмыш семинарларға Қостанай облыстық дін істері жөніндегі басқармасының маманы Нұрсұлтан Әбішев Қостанай қаласы «психологтарды тәжірибелеу қауымдастығының» өкілі Юлия Амантайқызы және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы қатысты.
Осы басқосу барысында Нұрқанов Сейіт Қостанайдан келген мамандардың сөйлеген сөздерін жалғастыра отырып, қазіргі таңдағы діннің қоғамдағы маңыздылығы жайында түсінік берді.
Ол сондай-ақ ислам бейбітшілікті қолдайтын дін екенін, оны өзге түрлі теріс, радикалды ағымдармен шатастыруға болмайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар қазіргі таңда кез-келген адам дін төңірегінде сауатты болуы керектігіне де тоқталды. Семинарға қатысушыларға дінге қатысты мәселелерге жауапты тек қана өзі басқаратын қаладағы мешіт имамдары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы сайттарынан алуға болатындығын ескертті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айында Рудный қалалық «Нұр» мешітінде біршама қайырымдылық шаралары болып өтті. Осы бір сауаптар еселенетін айда жомарт азаматтардың тікелей ат салысуымен «Қайырымдылық - жылы жүректен» атты шарасы ұйымдастырылды.
Бұл істе қаладағы күн көрісі төмен бірнеше отбасы таңдалып алынып, әр отбасына жарты қой етімен бірге ақшалай көмек көрсетілді.
Бас имам Сейіт Темірбекұлы әрбір шаңыраққа арнайы барып, демеушілердің аманатын жеткізіп, Рамазан айының ұлықтығы мен қадір-қасиетін түсіндіре отырып, әр отбасына ізгілік пен аман-саулық тіледі.
Демеушілердің ыстық ықыласына бөленген шаңырақ иелері оларға шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді
Жуырда қасиетті Рамазан айында өңіріміздегі „Сарыкөл„ газеті мен „Аққозы қажы„ мешітінің ұйымдастыруымен „Бата – Құранның анасы, ердің данасы„ деп аталатын бата беруден сайыс өтті.
Жалпы, бата беру қазақтың ежелден мирас болып келе жатқан дәстүрі. Сондықтан осы мәдениетіміздің дәрежесін көтеру, әрі батагөй кісіні анықтау мақсатында ұйымдастырылған басқосудың орны ерекше. Осы сайыстың екінші бөлімінде „Жеті атасын білмеген жетесіз„ демекші, балалардың жеті аталарын білу жайы да сарапқа салынды.
Онда әділқазылар алқасының құрамында қарт ұстаз Қаду Сақауов, Орталық кітапхана директоры Солдат Дүтбаев,«Аққозы қажы» мешітінің бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық болды.
Осы сайыста бас имам Дәулетбай қажы Әбдіхалық «Дін мен дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбында уағыз айтты.
Жалпы, бұл шараға 42 адам қатысты. „Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар„ деген бар емес пе? Олардың ішінен ең біліктілері ғана топ жарды.
Байқаудың қорытындысы бойынша, Бас жүлдені Қоскөл ауылының молдасы Қайыр Шайсұлтанов жеңіп алды. Бірінші орынға Сарыкөл ауданының орталығынан Қалыбай Идрисов, екінші орынға Севастополь елді-мекенінен Әсмә Нұртазина, үшінші орынға Соналы және Ырыстомар ауылдарынан Қаппас Бекмағанбетов пен Жақсылық Минзарипов ие болды.
Бұл жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ жеті атасын айтуда ерекше көзге түскен 7 жасар Ибраһим Махмұт пен Даниал Исахметов және 13 жасар Анел Сәдуақасовалар көпшіліктің құрметіне бөленді. Оларға да мадақтау қағазы мен сыйлық табыс етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде былай деген: «Мен жеті сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым: маңдай (қолымен мұрнын да көрсетті), екі қол, екі тізе және екі аяқ ұшы...»[1].
Ендеше, сәжде жасағанда аяқты көтермей жерге қою – уәжіп. Мұны парыз дейтін Ханафи ғұламалары да бар[2].
Сондықтан:
1.Сәждеде аяқты көтеру – харамға жақын мәкрүһ[3]. Осыған орай, бір сәжде бойынша аяқтарын әдейге көтеріп тұрған адамның намазы бұзылады. Абайсызда көтеріп, кейін қайта жерге тигізіп жатса, оның зияны жоқ.
2.Сәждеде бір аяғын қойып, екіншісін көтеру де мәкрүһ. Алайда, жарақаты себепті көтерген жағдайда кешірім бар[4].
3.Сәждеде ең аз аяқтың бір саусақ ұшы жерге тиіп тұруы тиіс. (мысалы, басбармағының ұшы). Әйтсе де, сүннет бойынша, сәждеге барған адам башпайларын құбылаға қарата бүгеді[5]. Әбу Хумайд әс-Сағиди Пайғамбарымыздың сәжде жасау үлгісін түсіндіре келе: «...аяқтарының башпайларын құбылаға қарататын...»[6], – деген.
4.Сәждеде аяғының сыртқы жағын қоймайды[7].
5.Сәждеге барған кезде байқаусызда аяқ көтеріліп кетсе, намаз бұзылмайды. Тек маңдайын жерден көтермей жатып аяқты қайта жерге тигізіп үлгергені дұрыс. Өйткені, аяқтың жерге тиіп тұруы сәжденің толық қанды жасалуын қамтамасыз етеді.
[1] Сахих Бухари-№779 хадис. (Фатхуль Бари шархы)
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мухтар - 3/329 бет; Қудури, Кәрһи, Жәссас сынды Ханафи ғалымдары сәжде де аяқты жерге қою парыз деген. Яғни, бұл пікірге қарағанда екі аяқ жерге қойылмаса сәжде жасаған болып есептелмейді. (Биная – 2/242 бет.)
[3] Бахрур раиқ – 1/556 бет.
[4] Фәтәуа әл-Хиндия –1/78 бет.
[5] Лүбәб – 1/70 бет.
[6] Фатхуль Бари шарху Сахих Бухари, №794 хадис түсіндірмесі.
[7] Бахрур раиқ – 1/556 бет.
Абдусамат Қасым
Сахабалардан кейін дін мәселелерінде мұсылмандарға көшбасшылық еткен ұлық имамдардың бірі Имам Мәликтің (р.а.) намазда қол байлау мәселесі төңірегінде айтқан үш түрлі пәтуасы бар:
1. Қолды нәпіл намаздарда байлауға рұқсат, ал парыз намазында қол байлау – мәкрүһ, яғни байланбайды. Бұл пәтуа - Имам Мәликтің шәкірті, ғалым Абдуррахман ибн Қасимнан жеткен (х.132-191 ж/м.750-806 ж.).
2. Парыз намазында да, нәпіл намаздарында да қол байлау – мубах. Бұл пәтуаны жеткізген - тағы бір шәкірті, ғалым Әшһәд ибн Абдулъазиз әл-Қиси (Х.140-204 ж.).
3. Парыз намазда да, нәпіл намазда да қол байлау – мустахаб. Бұл пәтуаны жеткізуші – тағы бір шәкірті, Имам Мәликтің жиені, ғалым Мутарриф ибн Абдулла (х.137-220 ж) [1] .
Дегенмен, Мәлики мәзхабында ең мәшһүр (көп тараған) пәтуа – біріншісі. Бұл пәтуаның да өзіндік сүйенген дәлелдері жоқ емес. Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, Имам Мәлик бұл пәтуасында екі дәлелге сүйенеді:
Біріншісі – Пайғамбарымыздың хадистері.
Атап айтсақ, риуаяттарға қарағанда бір күні Сахаба Әбу Хәмид әс-Саъиди шамамен он сахабалардың арасында отырған кезінде (Оның арасында Әбу Қатада да бар) оларға қарап былай дейді:
- Мен сендерге Пайғамбарымыздың оқыған намазын үйретейін», - дейді. Сонда сахабалар оған:
- Неге? Уаллаһи, біз сенен де Пайғамбар жолына берікпіз және оның ең алғашқы сахабалары бізбіз – деді
- Әрине, солай – деп жауап берді Әбу Хамид.
- Түсіндір ендеше! – деді сахабалар. Сонда Әбу Хамид былай деп баяндап берді:
- Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазға тұрғанда, иық денгейіне келетіндей етіп қолдарын көтеріп, тәкпір айтатын. Әрбір дене мүшесі толықтай өз орнына келетін. Кейін, Құран оқыды. Артынан тәкбір алады да, қолын иық денгейіне дейін көтереді. Одан соң рукуғқа барады. Алақанымен тізесін ұстайды. Рукуғта басын салбыратпай және жоғары көтермей орташа ұстайды... – деп соңына дейін баяндап берген екен. Бұны естіген сахабалар:
- Дұрыс айттың, Пайғамбар солай оқыған еді – деп құптайды[2].
Аталмыш сахабаның тәптіштеп баян еткен намаз оқу үлгісінде «қолды байлау» деген сөз жоқ. Егер қолды байлау намаз оқудың бір бөлімі болғанда, сол жерде отырған он сахабаның тым құрығанда бірі: «Сен қолды байлауды ұмытып кеттің», - деп ескерту жасайтын еді. Ондай ескерту жасамастан: «Дұрыс айттың, Пайғамбар солай оқыған еді» деп растап отыр. Бұның өзі намазда қол байланбайтынына дәлел дейді Мәлики мәзхабы ғалымдары.
Екінші сүйенген дәлелі – Медине халқының амалы.
Имам Мәликтің қағидасы бойынша, Мединеде өмір сүрген сахабалар мен Имам Мәликтен бұрынғы Мединеде өмір сүрген ғалым табиғиндердің жасаған амалдары ахад хадистен бұрын тұрады. Өйткені, Пайғамбардың (с.а.у.) өмірінің соңғы шағында айтқан сөздері мен жасаған істеріне ең көп қанық болғандар – Мединелік сахабалар. Ендеше, қандай да бір мәселеде Мединелік сахабалар мен олардың шәкірттері болып табылатын Мединелік ғалым табиғиндер ахад хадиске теріс амал еткен болса, бұл олардың Пайғамбардан, өмірінің соңғы шағында солай айтқан сөзін естігендігінің яки істеген ісін көргендігінің белгісі.
Сондықтан болар, Мединелік жеті табиғин ғалымдардың бірі Саъид ибн Мусаяб намазда қолын байламайтын болған деседі деректерде.
Әйтсе де, Пайғамбарымыздың бірнеше хадиcтерінде намазда қол байлаудың сүннет екендігі ашық айтылған. Және осы ұстаным өзге үш мәзхаб ғалымдарының жолы. Осыны назарға ала отырып, Имам Мәликтен жеткен жоғарыдағы екінші және үшінші пәтуаларын негізге алған Мәлики ғалымдары да аз емес. Бірақ оның өзіндік шарты бар. Абдуррахман әл-Жәзири «әл-Фиқһу алял Мәзәхибил Арбағати» атты еңбегінде бұл жайында былай дейді:
«Мәлики мәзхабы ғалымдарының айтуы бойынша, намазда оң қол сол қол үстіне қойылып, оны көкіректен төмен, кіндіктен жоғарғы жерге орналастырады. Бұл сүннет емес, мәндуб амалына жатады. Бірақ оның қол байлаудауғы мақсаты «Пайғамбарымыздың сүннетін істеу» болуы тиіс. Осы жағдайда ғана «мәндуб (рұқсат)» болмақ. Ал егер, қолды байлаудағы мақсаты (қол талып кеткендіктен) сүйену, таяну болса, онда қол байлаудың қай түрі болмасын, ол - мәкрух... Бұл парыз намазына қатысты. Ал нәпіл (сүннет) намаздарында қолды байлау, адамның ниетіне мақсатына қаралмайды» [3].
[1] Шиһәбуддин әл-Қирафи – әз-Зүхайра: Китабус сала, бәбус сәдис.
[2] Ибн Мәжә - №1051; Тирмизи – Китабус сала, №304 хадис.
[3] Абдуррахман әл-Жаузи, әл-Фиқһу аля мәзәхибил арбағати», 1- том, 227 бет.
Абдусамат Қасым