Таяуда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің ұйымдастыруымен Алтынсарин, Таран және Федоров аудандарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан ауызашар берілді.
Осынау ауызашар рәсіміне облыс имамы Бахытбек Тәжімбет қатысып, Рамазан айының ерекшелігі мен қадір-қасиеті жайында уағыз-насихат айтты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген. Сондықтан осы қасиетті айда кімде-кім мүмкіндігінше жақсылық жасайтын болса, Аллах Тағала тарапынан сауапқа молынан кенелетінін сөзге тиек етті.
Сондай-ақ Бахытбек Нұрғабылұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қазіргі таңда Ислам дінін өркендету, қалың жұртшылықты имандылыққа баулу, үлкенді-кішілі қауымды теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстарына да кеңінен тоқталды.
Ауызашарға қатысқан жамағат муфти хазреттің атынан берілген ауызашарға шынайы ризашылықтарын білдірді. Оған жауапты да абыройлы қызметінде табыс, деніне саулық тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі